Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Республика күнінде полиция оншақты адамды ұстады

26.10.2023, 12:20 149

HALYQLINE.KZ

25 қазанда Қазақстанның бірнеше аймағында оппозиция митинг өтеді деп белгілеген жерлерде полиция күзеті күшейіп, Астана, Алматыда, Оралда адамдар ұсталды. Ал ел президенті Тоқаев мерекеге байланысты сөйлеген сөзінде «Әділетті Қазақстан құру» туралы тағы айтты.

Астанада митинг өтеді деп белгіленген Орталық жағалау мен Кенесары ескерткішінің маңында таңнан бастап полицейлер қарасы көбейді. Аумақта қала әкімдігінің ішкі саясат басқармасының өкілдері де жүрді. Жағалаудың айналасында «Газель» көліктері, полиция машиналары және интернет өшіретін құрылғысы бар көліктер де тұрды.

Түстен кейін полиция бұл маңға келген адамдарды біртіндеп ұстай бастады. Vlast сайты жариялаған видеода полицейлердің екі адамды ұстап, асыға автозакқа салып жатқаны байқалады.

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов жұртты 25 қазан – Республика күні билікке қарсы наразылыққа шақырған. Сондай-ақ партия ретінде тіркеле алмай жүрген «Алға, Қазақстан» қозғалысының бастамашыл тобы елдің бірнеше аймағында 25 қазанда митинг өткізуге жергілікті биліктен рұқсат сұраған, бірақ әкімдіктер рұқсат етпеген еді.

Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, Алматыда полиция кемі алты адамды ұстап әкеткен. Кейбіреулерінің қолында ешқандай плакат болмаған, ұрандатпаған. Ұсталған екі ер адам журналистерге «бізді не үшін ұстап жатқанын түсінбей тұрмыз, негізі демалып жүрген едік» деді.

Полиция қызметкерлері Азаттыққа екі ер адамның не үшін ұсталғанын түсіндіруден бас тартты.

25 қазанда Қарағанды, Атырау, Шымкент, Оралда да полиция күзеті күшейді.

Оралда полиция қала тұрғыны Болат Жармұхамедовті көшеден ұстап әкеткен. Ер адам алаңға тумен барып, жұртты мерекемен құттықтағысы келгенін айтқан. Қалада митинг орны ретінде белгіленген Мәншүк Мәметова алаңын бірнеше полицей бұрыштан бақылап тұрды.

Қарағандыда митинг өтеді деп белгіленген орталық саябақтың кіреберісіне техника қойылды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полицейлер саябаққа кірген-шыққандардың бәрін мұқият қадағалап тұрды.

Шымкентте митинг болады деген Бейбітшілік көшесінің бойында орналасқан Арбатты полициялар күзетіп тұрды. Арбатқа жақын орналасқан Республика көшесі мен Момышұлы көшесінің қиылысында орналасқан қызғалдақ субұрқағы да полицияның бақылауында болды.

Түс ауа Шымкентте митинг орны деп белгіленген жерге бір адам келіп, билікке талабын айтты. Өзін Ермек Қуанышбай деп таныстырған ер адам «Оппозициялық партияларды тіркесін. Өзім – «Алға, Қазақстан» партиясының бастамашыл тобының мүшесімін. Қамауда отырған саяси тұтқындар босатылсын» деді.

Атырауда митинг өтеді делінген Махамбет-Исатай алаңын полиция күзетіп тұрды. Азаттық тілшісінің айтуынша, алаңда адамдар емін-еркін жүрді.

Ақтөбеде де митинг өтеді деп белгіленген орталық алаңды полиция торуылдап жүрді.

Қазақстан ішкі істер министрлігі, жергілікті жерлердегі полиция департаменттері 25 қазанда қанша адам ұсталғаны жайлы әзірге ресми мәлімдеме таратқан жоқ.

Фото: ulysmedia.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: