Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық журналист үздік атанды

02.12.2021, 12:40 350

HALYQLINE.KZ Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында «Тәуелсіз елдің тілі» тақырыбында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсы мәресіне жетті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, нағыз тіл жанашырын анықтайтын конкурс биыл он алтыншы рет ұйымдастырылған. Ережеге сәйкес ел аумағындағы БАҚ-та жарияланған журналистік еңбектердің мазмұны мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін нығайту, мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалын талдау және оған мониторинг жүргізуге бағытталған. «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсына төрт номинация бойынша 131 журналистен 300-ге жуық материал келіп түскен.

Конкурсқа ұсынылған еңбектерді елімізге белгілі журналистерден құрылған арнайы қазылар алқасы сараптап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Мерзімді басылымдардан «Үздік мақала» аталымына 137 материал жолданса, «Үздік сайт мақаласы» номинациясына 59 материал қабылданды. Ал «Үздік радиобағдарлама» аталымына 17 радиохабар ұсынылса, «Үздік телебағдарлама» номинациясы бойынша 73 материалдан үздік үштік анықталды.

«Үздік мақала» номинациясы бойынша 3-орынды «Айқын» газетінің тілшісі Абылайхан Жұмаш, 2-орынды «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі Думан Анаш, ал 1-орынды «Солтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Ақмарал Есдәулетова иеленді.

«Үздік сайт мақаласы» номинациясы бойынша 3-орын журналист Ерғали Серікке, 2-орын «Nege» сайтының журналисі Динара Мыңжасарқызына, 1-орын «Qazaq» газеті сайтының журналисі Ермек Жұмахметұлына бұйырды.

«Үздік радиобағдарлама» номинациясы бойынша 3-орынды «Жамбыл» радиосының редактор-жүргізушісі Жұлдыз Бейсек, 2-орынды «Халық» радиосының редакторы Раушан Сыбанжанова, 1-орынды «Шалқар» радиосының жетекші редакторы Оңғар Құрал қанжығасына байлады.

«Үздік телебағдарлама» номинациясы бойынша 3-орынды «Алматы» телеарнасының тілшісі Мадина Оқас, 2-орынды «Qyzylorda» телеарнасының тілшісі Қозы Көрпеш Жасаралұлы, 1-орынды «ҚазАқпарат» агенттігінің редакторы Азамат Нұғыманов иеленді. Бас жүлдеге «Түркістан» газетінің тілшісі Әлия Тілеужанқызы лайық деп танылды. Жүлдегерге 1 000 000 теңгенің сертификаты табысталды.

Конкурстың ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлестері үшін барлық қатысушыларға алғысхаттар жолдады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: