Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда қаласында егінге орақ түсті

07.09.2021, 15:35 716

HALYQLINE.KZ Бүгін Қызылорда қаласының Қарауылтөбе ауылынан бастап алғаш күрішке орақ түсті. Қала әкімі Ғанибек Қазантаев алдымен ауыл шаруашылық саласының биылғы көрсеткіштері мен Ы.Жахаев атындағы «Қазақ күріш шарушылығы» ҒЗИ ЖШС-нің жұмыстарымен танысып, орақ түсу науқанын ашып берді.

– «Қырман тасысын» деген ақ тілегін айтып, жаз бойы еткен еңбегінің жемісін терер шақта барлығыңызға: «Қырмандарыңыз астыққа толсын. Орақ науқанын нәтижелі аяқтап, ел ризығын төкпей шашпай жинап алудағы еселі еңбектеріңіз жемісті болсын» – деген Ғанибек Қонысбекұлы диқаншыларға сәттілік тіледі.

Өздеріңізге белгілі, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына қолдауға үлкен мән беріліп келеді. Ағымдағы жылы қала бойынша барлығы 8905 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде дәнді дақылдар 4664 гектар, яғни 4113 га күріш, 419 га бидай, 87 гектар арпа, 40 га сорго, 5 га сұлы, 1278 гектар мал азықтық дақылдары, картоп, көкөніс, 2818 гектар бақша дақылдары, 40 гектар майлы дақылдардын құрап отыр.

Негізгі дақыл күріштің көлемі 4113 гектарға егілді. Биылғы жылы егілген ақ егісті жинауды өткен шілде айының ортасында толық аяқтап, гектар түсімі бойынша жаздық бидайдың әр гектарынан 7,0 центнерден, арпадан 5,0 центнерден, сұлыдан 0,5 центнерден өнім алынды. Шаруашылық құрылымдары 1033 гектар жерге ескі жоңышқа егісінің және 245 гектар жаңа жоңышқа дақылдарынан барлығы 3196 тонна жоңышқа шөбі жиналды. Сондай-ақ егілген картоптың әр гектарынан 128,0 центнерден, көкөністен 131,0 центнерден, бақшадан 128,0 центнерден орта өнім алынуда. Егін жинау жұмыстары әліде жалғасуда.

«Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты» ЖШС-і қала бойынша 2021 жылы барлығы 1413 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Оның ішінде 655 гектар негізгі дақыл күріш, 30 гектар күздік бидай, 130 гектар жаздық бидай, 10 гектар арпа, 5 гектар сұлы, 40 гектар сорго, 40 гектар мақсары, 215 гектар жаңа жоңышқа, 284 гектар ескі жоңышқа дақылы және 4 гектарға көкөніс дақылдары орналастырылған.

Қазіргі таңда шаруашылық құрылымдары негізгі дақыл күріш жинау жұмыстарына дайын. Белгіленген кестеге сәйкес күріштің суын байлау жүргізілді. Күріш жинау жұмыстары бойынша 1 қыркүйектен бастап саралап ору, 7 қыркүйектен 30 қыркүйекке дейін жаппай ору жұмыстарын аяқтап, шаруалар жоғарғы өнім алуды жоспарлап отыр.

Келер жылғы егістің негізі үшін барлығы 2600 гектар сүдігер жырту және 850 тонна көлемінде сапалы күріш тұқымын құю жоспарланып отыр.

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: