Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ пен ҚАРАҚШЫЛЫҚ

10.01.2022, 11:45 258

Жаңа жыл есіктен енгелі Жаңаөзен қаласында газдың қымбаттауына байланысты наразылық басталғаны баршаға мәлім. «Жаңаөзенді қолдаймыз!» деген ұранмен және одан да басқа түрлі талаптарды басшылыққа алған қазақстандықтар облыс орталықтарында, аудандарда бас көтеріп, бейбіт шеруге шыққан-ды. Әуелде наразылық бейбіт түрде бастау алғанымен, соңы саясиланып, қақтығысқа, төңкеріске ұласты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқыда Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай енгізді. Дегенмен, жер-жерде жиналғандардың қарасы тарқамады, ахуал ушыға түсті. Тіпті, наразылардың арасына террористер мен қарақшылар, бұзақылар еніп, мемлекеттік және жеке азаматтардың дүние-мүлкіне залалын келтіріп, азаматтарға қарсы қару қолданды. Сондықтан, ел президенті Қазақстан Республикасы бойынша төтенше жағдай режимін жариялады. Сондай-ақ, бірнеше үндеу жасап, халықты арандап қалмауға шақырды, жағдайды ретке келтіруге тапсырма бергенін жеткізді. Елімізде интернет желісі де бұғатталып, хат-хабар алу мүмкіндігі қиындады.

– …Құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ  атуға  бұйрық  бердім.

Шетелде тараптарға келіссөз жүргізіп, проблемаларды бейбіт жолмен шешуге шақырған сөздер айтылуда. Не деген ақымақтық?! Қылмыскерлермен, қанішерлермен  қандай  келіссөз  болуы  мүмкін?

Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отыр­мыз. Нақты айтқанда, содырлармен және лаңкес­термен. Сондықтан оларды жою керек. Бұл жуық арада жүзеге  асырылады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұ­лы.

Жалпы, содырлардың терракт жасау туралы жымысқы жоспары мен жасырын дайындығы болған сыңайлы. Мұны президент те өз сөзінде мысалға келтірді. Ресми мәліметке сенсек, тек Алматының өзіне  20  мың  содыр  шабуыл  жасаған.

«Барлық облыста әскери, әкімшілік және әлеу­меттік нысандарға ұйымдасқан түрде, жоғары жауын­герлік дайындықпен және асқан қатыгездікпен шабуыл жасау әрекеті олардың нақты жоспарының  болғанын  көрсетті.

Содырлардан бөлек, идеологиялық диверсия жасауға әбден жаттыққан, жалған ақпараттар мен «фейктер» таратуды шебер меңгерген және адам­дардың көңіл күйіне ықпал ете алатын мамандар жұмыс  істеген.

Оларды дайындаумен және басқарумен біртұтас командалық пункт айналысқанға ұқсайды. Бұл мәселемен ҰҚК мен Бас прокуратура айналысып жатыр» деді  ел  президенті  халыққа  үндеуінде.

Қалай десек те, бейбіт шеруді бүлікшілер өз мақсатына пайдаланды. Қақтығыс болған қалаларда көптеген ғимарат тоналып, мемлекеттік көліктер мен нысандар өртенді. Қаза тапқандар да бар. Әсіресе, Алматыдағы ахуал көпшілікті алаңдатып отыр. Дегенмен, Қазақстан билігі күштік құрылымдар моральдық және техникалық тұрғыдан барлық  бұйрықты  орындауға  дайын  екенін айтты.

ҰҚШҰ-ның жарғылық құжаттарының негізгі ережелеріне сәйкес, Қазақстан конституциялық тәртіпті ретке келтіруге көмек беру үшін Ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларынан біріккен бітімгерлік күшін енгізуді сұрады. Бітімгерлік күштер еліміздегі стратегиялық нысандардың қорғалуын және қызметін қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімге келіп отыр. Билік өкілдері жағдайдың тұрақталатынына сенімді.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: