Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрметті азамат атағының қадірі қалды ма?

06.12.2023, 14:50 273

HALYQLINE.KZ

Әлқисса, мәселені турасынан бастайық. Сонау бір кездері сол кездегі Президенттің кереғар тармақтары бар Жарлығымен ел-жұрт тыныштықта, айдың күні аманында таратылған Тереңөзек ауданының, яки қазіргі Сырдария ауданының 95 жылдық мерейтойы аталып өтті. Хош делік. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, атқарушы орган осы өңірден шыққан жазушы, ақын, мүсінші, зергер секілді кісілерді мақтап, марапаттап жатты.


Өкінішке орай, кейбіреулер бұл іс-шараның көпшілік көкейіне бір түйіткіл салып кеткенін айтып қалды. Әлгі мақтау, марапаттар алғандардың дені «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын алып, кеуделеріне лента тағып жатқанда бұлардың басқа да аудандардың мәселен, Жалағаш, Қармақшы, сондай-ақ Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атақтарын алғаны белгілі болды. «Бұл не деген масқарашылдық?!» деп ойландық біз де. Әрине біз қандай да бір қызғаныш пен іштарлық танытудан аулақпыз. Дегенмен әр нәрсенің өз орны, реті бар емес пе? Соншалықты бүкіл аудандар мен облыс орталығының «Құрметті азаматы» атағын алатындай олар елге қандай еңбек сіңірді? Еңбек сіңірдім деп жағалай бар ауданның Құрметті азаматы атағын ала беруі керек пе?! Осы біз Құрметті атақтардың қадір-қасиетін осылай мүлдем төмендетіп жіберген жоқпыз ба?! Сұрақ көп, мардымды жауап аз.

Бұл-бұл ма, бұрынғы ел басқарған не мекеме, шаруашылық басшылары болған кісілердің бәрі дерлік осы Құрметті атақты қанжығасына байлап алыпты. Бұл неткен бассыздық?! Креслода отырғандардан гөрі маңдай терін сыпыра еңбек еткен диқан, механизатор, құрылысшы не қарапайым жұмыс­шыларға осы атақты беруге болмайтын ба еді?! Әлде, бұл тек қана басшы қызмет істегендерге тиесілі атақ па?

Қазіргі таңда аудан орталығы Тереңөзек кентінде мынадай бір қауесет тарап жатыр. Орталық саябақтағы «Құрметті азаматтар» аллеясындағы ұзындығы 5-6 метрлік қабырға жазуға толып, тағы біреуі салынайын деп жатыр екен» деген. Сонда қалай, аудан халқының жартысынан көбі онда да кілең басшылар бір қабырғаға сыймай жатқаны ма?


Бір қынжыларлығы – тірі адамдарға «Құрметті атақ» бергені дұрыс-ақ делік. Кейінгі кездері қайтыс болған кісілерге де, әсіресе басшы болғандарға осы Құрметті атақты жабыстыру үрдіске айналған. Ойлап отырсаңыз, бұрын аудан басқарған барлық секретарлар барлық ауданның, тіпті Қызылорда облысының «Құрметті азамат» атағын алған. Сонда әруақтан да қорықпайтын болғанбыз ғой.

Кейде бір ой қылаң береді. Болса да «Құрметті азаматтар» аллеясында орын жетпейді екен. Онда әр кісілердің есімін туған ауылдарында осындай аллея жасап, жазып қойсақ қалай болар еді. Ескерерлік бір мәселе, «Құрметті азамат» атағын алу үшін, сол кісілердің елге жасаған нақты еңбегі, халық алдындағы абырой-беделі, отбасындағы үлгі-өнегесі есепке алынуы керек. Ал қазіргі «Құрметті азаматтардың» елге сіңірген не еңбегі, отбасына үлгісі жоқ екенін білсек те үнсіз жүрміз. Бұл әрине дұрыс емес. Ұрпақ алдында ұят нәрсе.


Ел аузында мынадай бір анекдот тарап кетіпті. «Әй, түгенше шатып-пұтып бір-екі ән шығарсаң, қайраткер атанасың. Не болмаса фонограммамен әдемілеп ән шырқасаң қайраткердің көкесі болып шығасың. Себебі қазір көрінген әнші немесе сазгер, басқа да адамдар лайықты ма жоқ па соған қарамастан «Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер» атағын иеленіп жүр». Бұл енді нағыз бетімен кетушілік. Бұл мәселеде де заңға сәйкес талаптар болуы керек шығар.


Мысалы, «Маңдай тері арша, борбай тері борша» болып, еңбек сіңірген кісілерді қайраткер деуге болады. Әйтпесе көрінгенге үлестіріп бере беретін Құрметті атақ­тардың қадір-қасиеті көз алдымызда құрып, жо­ғалып бара жатқан секілді. Осы жағын жан-жақты ойламасақ, ұрпақ алдында абыройсыздыққа, ел-жұрт алдында ұятқа қала беретініміз анық.

Бірер жыл бұрын «таяқ лақтырсақ, тамадаға тиеді» деген әзіл-шыны аралас сөз жиі айтылатын еді. Қазір таяқ лақтырсақ, «құрметті азаматтарға» тиеді. Себебі олар көп. Ал көптің бәрі сапалы бола бермейді. Саннан сапаға көшкен Жаңа Қазақстанда сырдариялықтар да сапаға мән берсе дейміз.


Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,
ардагер-журналист
.

Сырдария ауданы.

«Тіршілік тынысы» газетінен

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: