Күнделік.
Жұмыс үстелінің үстіндегі құжаттар дестеленіп, жұқа көк, қызыл, қоңыр папкаларға мұқият салынған. Әр папканың оң жақ бұрышына қандай құжат екені жазылған. Бір шағын блокноттағы ақпаратқа қарап, бұрыштама парақшасына тапсырма жазып отыр.
Жазу тоқтаусыз төгіліп барады. Жолсыз парақтың өзінде әріптер бір ізбен қонақтайды. Сөйлем аяқталғанда блокноттағы жазуларына бір қарап алып, келесі бұрыштамаға кіріседі. Осылай жалғаса берді. Әрбір тапсырманы жаңа жолдан және сызықша қойып жазады. Жұмыс үстеліндегі автоқалам құйылып тұратын, қарандаштар анық жазатын болуы, ұшталып тұруы міндетті. Түрлі түсті маркер мен стикерді де орнымен қолданады.
Алып аңды тырп еткізбей шеңгелдеп, омыртқасынан бүріп омақастырған қырандай үлкен жұмыс үстелінің үстіне төніп алған. Ал, бүркіттің тегеурініне шыдамай жантәсілім еткен жануардай жалпақ үстел көсіліп жатыр. Тек оң қолдың «шүлдір шүмегі» жол бастап, қаламның ізінен қағаз бетіне маржандай жазулар таңбаланып қалып жатады. Жазып отырған парақтың сол жақ бұрышын сол қолының сұқ саусағы ғана қимылдатпай басып тұратын. Қыранның қимылы, кейде томағасын сыпырғандай көзілдірігін шешетін. Рабайда мойнын қозғап қоятыны бар. Басқа кезде бар ойын қағазға түсіргенше, тапсырманы немесе хаттың алғашқы нұсқасын жазып болғанша алаңдамайды.
Бұл – Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың Қызылорда облысының әкімі кезінде алғашқы қабылдауында болып, кейіннен көмекші ретінде қызметтес болған сәттерден естелік.
2013 жылдың ақпан айы. Қырымбек Көшербаевтың Қызылорда облысына әкім болып тағайындалғанына екінші апта. Әкімнің орынбасарлары және басқарма басшыларынан жасақталған топ Астана қаласына келді. Облыс бойынша анықталған проблемалық 34 әлеуметтік нысанның құрылысын аяқтау мәселесін көтеріп, орталық атқарушы органдарға ұсыныстар беріп, мәселенің түйінін тарқату мақсаттары.
Әрбір мәселе бойынша жеке-жеке папка дайындалып, тиісті министрлердің қабылдауына кіріп, күрделенген ахуалдың шешу жолдарын талқылау керек. Әрбір салаға жауапты әкім орынбасары, басқарма басшылары, мамандарды ертіп кестеге сәйкес белгіленген уақытта өздеріне бекітілген салалық министрліктің қабылдау бөлмесінің алдында тұруы тапсырылды. Ал, облыс әкімі алғашқы кездесуге бара жатыр. Әкімнің көмекшісі ретінде кестеге сәйкес кездесулерді реттеп, әріптестеріммен келісе отырып кездесулердің уақытылы орындалуын үйлестіруім керек.
Алғашқы жұмысқа осылай кірісіп кеттім. Облыс әкімінің абырой-беделінің арқасында келісілген кесте бойынша кездесулер уақытылы өтті. Жұмыс күнін қорытындылап, берілген қосымша тапсырмаларға сәйкес баяндау үшін әкімнің орынбасарлары мен басқарма басшыларын Астана қаласындағы өкілдіктің кеңсесінде сағат 18:00-ге жинау тапсырылды.
Қызылордадан келген барлық әкімдік қызметкерлері кезек-кезек баяндап, мәселенің әртүрлі ахуалын, министрліктердің ұстанымдарына сәйкес өз тұжырымдарын айтып жатыр. Мәселенің күрделенгені соншалық күрмеуін тарқатуға көп күш-жігер керегін түсінді сол жердегілер. Заң талаптарына сәйкес хат жазу, хабар алысумен өткізетін уақыт жоқ.
Барлық тараптың уәжін тыңдап, түрлі пікірді естіген Қырымбек Елеуұлы алдында жатқан блокноттың бетін қайырып жатып, проблемалық 34 нысанды жеке-жеке талдап, мәселені шешу үшін нақты шешім қабылдау керектігін айтты және қабылдады.
Бастаған істерін аяқтамаған компания иелеріне қатысты жауапкершілікті құқық қорғау органдары арқылы шешу туралы ұсыныстарға, байсалды қалыпта «дауласып, жауласып жүретін уақыт жоқ, біз алға ұмтылуымыз керек» деп бір-ақ қайырған.
Бұл жердегі кемшілік бизнес құрылымдарының ғана кемшілігі емес, сол нысандарға тапсырыс беруші әкімшілік қызметкерлерінің де салғырттығы екенін айтқан кезде өздерін кінәлі сезінген әріптестеріміздің өрт сөндіргендей болғанын көрдік. Шыбын шаққан құрлы сезінбегендері де болған. Оларға қарата айтпаса да сол жерде отырғандарға, «елдің алдындағы жауапкершілігін сезінбеген азаматтан мемлекетшіл тұлға шықпайды», сондықтан халықтың игілігі үшін басталған істің берекесін қашырмай, қажыр-қайраттарың сарқылғанша қызмет жасаңдар» деп қайрап қойған.
Жиналыс өткізетін болса да, Астанадағы үлкен жиналыстарға баратын кезде де өңірдің күрделі мәселелерінің бүге-шігесіне дейін талдап, таразылап, талқылап алып, оның шешу жолдары мен мүмкіндіктері жөніндегі ақпаратты үш бағаналы кестеге толтырып отыратын. Мұндай мемлекетшіл тұлғаның тәжірибесінен тәлім алатын әріптестер үшін Қырымбек Көшербаевтың 2013-2019 жылдар аралығында Қызылорда облысын басқарған кезде жасаған баяндамалары мен күрделі мәселелерді шешу мақсатында жазған хаттарын топтастырып 5 томдық жинақ шығарылып, әріптестерге таратылып берілген.
Сол кездегі деректер мен дәйектерді дәргейімізше таразылап, мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың еңбегі туралы әңгімемізге тиек етсек.
Күндерек.
2013 жылды қорытындылаған саяси сарапшылар Қызылорда облысына әкім болып тағайындалған 11 айда Қырымбек Көшербаевтың еңбегін «Принципшіл саясаткер» деп бағалады.
2020 жылға дейінгі даму стратегиясын дайындатып, тоқтап қалған құрылыс нысандарын қайта жандандыруға ықпал еткені, уақытылы еңбекақы төлемей жүрген мердігер компания басшыларын тәртіпке шақырып, жұмысшылардың айлар бойы жиналған қарыздарын төлетті. «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған шіліңгір шілденің ыстығында протонның зардабын жою жөніндегі түйткілге Үкіметтің назарын аудартты.
Сол күнгі тартысты келіссөзді облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың «Біз Байқоңыр ғарыш айлағын жалға бергенімізбен, азаматтарымызды жалға берген жоқпыз» деген аталы сөзі нысанаға дөп тиіп, төрелікте таразы басын теңестірді.
Қырымбек Елеуұлының алғашқы әкімдік жылынан бастап, туған өлкеміздің қалай өркендеп, қалай түлегенін, қандай жетістікке жетіп, қандай биіктерді бағындырғанын көрдік, қуандық.
Әдеби әрі тарихи теңеумен бағаласақ, Қырымбек Елеуұлы облысты басқарған 2013-2019 жылдары Сыр елінің тарихында таразы басын теңестірген көрсеткіштер мен нәтижелер, жетістіктер мен жемісті еңбек халықтың келешекке деген үмітін оятты. Жалпы, сол жылдардың жемісі мен жеңісі – облыстың шежіре-тарихының жарқын жылнамасы.
Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы әкім болған 6 жылда облыс экономикасына шамамен 1,7 трлн теңге тікелей инвестиция тартылса, 50-ден астам жаңа өнеркәсіп өндірісі іске қосылған. Қызылорда облысы 2018 жылы бизнес жүргізуге қолайлы ең үздік аймақ атанып, «Алтын сапа» марапатына ие болды.
Облыс орталығы Қызылорда қаласының 6 жылда қалай көркейгенін көзіміз көрді. Жаңадан 15 шағын аудан салынса, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 3 млн шаршы метрден асты.
2013 жылдың басында анықталған 34 проблемалық әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды.
Ал, Тәуелсіздік алғалы облыста алғаш рет 500 мың тоннадан астам күріш жиналып, 2017 жылы рекорд жаңарды. Ал, 2018 жылы су тапшылығы мен көктемнің кеш түскеніне қарамастан өнімді сорттың егілуінің нәтижесінде рекордттық межеден кеміген жоқ.
Егіншілікпен қатар, мал шаруашылығының, бау-бақшаның да бабын жасаудың талабы шаруашылықтардың шираған тіршілігіне қамшы болды.
Сыр елінің шаруашылықтарына жұмсалған бес жылдағы қаржы көлемінің 15 есе көбейіп, 1 миллион доллардан 15 миллион долларға жеткенін білеміз. Шаруалар мұның барлығы аймақ басшысының қолдауының арқасында жеткен жетістігіміз деп еңселерін тік ұстады.
Осы ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өмір бойы ерен еңбек еткен шаруашылық жетекшілері «Көшербаевтың кесімі, күріш бағасының шешімі» болды деп әлі күнге дейін аңыз етіп айтып жүр.
Жан басына шаққандағы әлеуметтік шығындар бойынша республика көлемінде облысымыз 1-орынға ие болды. 2013 жылдан бастап 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Апатты жағдайдағы 57 денсаулық сақтау нысанының 49-ы 2018 жылы салынып бітті. Қалғаны келесі жылы халық игілігіне берілді.
Мектептерде үш ауысымдық оқыту мәселесі шешілді. Апатты жағдайдағы 37 мектеп жаңа ғимаратқа көшті. 2015 жылы «Балапан» бағдарламасы мерзімінен бұрын жүзеге асырылып, мектепке дейінгі тәрбие және білім берумен 100% қамтамасыз етілді.
Облыс мектептерінің 2017 және 2018 жылдардағы түлектерінің 97%-ы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына оқуға түсті.
Ал, РФ үкіметінің гранты есебінен 520 түлек Ресейдің жетекші техникалық жоғарғы оқу орындарында білім алған республикадағы жалғыз Қызылорда облысы болды.
Әлемдік деңгейдегі танымал мамандарға ұстахана болған Мәскеу мен Петербордың техникалық жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік жасап ғана қойған жоқ, қарапайым ауыл балаларының білім алуға деген қиялына қанат бітірді. Тегін грант «басшылардың тамыр-танысына таратылып қойған шығар» деген күмәнді, күдікті ойдағыларға бұл жоба ертегі сияқты естіліп, сынақ тапсыратындарды сабақтан босататындықтан сенімсіз барған балалар да болыпты. Елдің келешегін қамдап, білімді ұрпақ тәрбиелеуге ұмтылған Көшербаевтың тектілігі Сыр өңірінің тарихындағы қайталанбайтын қадам болып қалады.
Тегін білім алып, терең ілім игеріп, тарихи шешімнің жемісі ретінде жайқалып, өркендеп, өсіп келе жатқан түлектердің талабына қарап сүйсінесің! Олар аймақ басшысының ағалық қамқорлығын сезініп, келешектеріне деген сенімнің берік негізін осы үлкен білім жолына түскен сапарларында сезінді, түйсінді, түсінді.
Бұл жетістіктердің барлығы – қажырлы еңбектің, табанды талаптың арқасы.
Алты жыл ішінде Қызылорда қаласы және облыстың 4 ауданының орталықтарынан басталған газдандыру жұмыстары Байқоңыр қаласын және барлық аудан орталықтарын қамтамасыз етті. Аймақтағы халықтың 98%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтылды.
Құндылық.
Облыс әкімінің қабылдауына сұранатын азаматтар қашанда толастамайды. Тілек-өтініштер міндетті түрде әкімнің алдына жазбаша тізімделіп кіргізіледі. Жеке мәселелерді ретіне қарай қабылдауға шақырса, кейбір шаруаларды салалық орынбасарларына жіберіп, нәтижесін баяндауды тапсыратын. Сол жылдары Қызылорда облысының халқы 53,5 мың адамға көбейді. «Балама немесе немереме «Қырымбек» деп ат қойып едік, батасын алсақ!» деген өтінішпен қоңырау соғып, біраз хат та келген. Жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты кейбіреуіне кездесудің орайы келмей жүрген. Серік Дінмағанбетов (атасы) деген азамат хабарласып, «баласына елге қадірлі азаматтың есімін берген ата-ана салт-дәстүріміз бойынша ол кісінің алдынан өтіп, батасын алатын» сол жолымыздан жаңылмай, біз де Қырымбек Елеуұлынан рұқсат алсақ па деп едік» деп хабарласқан. Әкімге баяндадым.
– Осы бұған дейін де бірнеше рет айтып жүр едің. Солардың барлығын бүгін 15:00-ге шақырсаң, селекторлық жиналыстың кейінге шегерілуін пайдаланып, аттастарыммен оңаша ақылдасайын, – деп күлді.
Басқаларының орайы келмесе де, 2 айлық Қырымбек Ғалымұлының облыс әкімі Қырымбек Елеуұлымен кездесуі қиюласа кетті. Атасы Серік Дінмағанбетов бастап, анасы Насихат Смайылованың құшағында келген кішкентай бүлдіршінге:
– Кішкентай менің аттасым Қырымбектің бауы берік болсын!
Бағы жанған сұңғыла азамат,
Еліне қамқор пана,
Халқына жол бастар дана,
Өз қатарынан тұлғасы дара болсын!
Әумин! – деп батасын берді.
Балаларына Қырымбек деп ат қойған жерлесіміз көп. Мұның барлығы – елдің сүйіспеншілігі, ыстық ықыласы.
Әлемдік деңгейдегі талаптарға сай қайта жаңғыртылған «Қорқыт ата» кешені мәдени, тарихи, рухани қасиетті мекен ретінде Қызылорда облысының туристік әлеуеті мен түркі жұртының маңдайын тіреп тәу етер киелі орынға айналғанына куәміз.
Сыр өңірінің руханияты мен мәдениетіне ерекше қамқорлық жасап, туған жер, туысқан жұрттың қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген Қырымбек Елеуұлының парасатты пайымы мен ерен еңбегі Сыр елінің тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Халықтың ризашылығы мен құрметі – ең биік марапат.
Осындай халық сүйсінген сол уақыттағы жаңалықтардың күнделігі, қазір тарихтың күндерегі, Сыр елі шежіресінің құндылығы ретінде облыс халқының жадында жаңғырып тұрғанына баршамыз куәгерміз.
Ұлтқа қалтқысыз қызмет еткен мемлекетшіл қайраткер тұлға, халқымыздың қадірлі перзенті Қырымбек Елеуұлы Көшербаевты 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасы амандығын тілеймін!
Талғат МАХАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!