Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоқысқа сәбиін «сүйрегендер»

28.10.2021, 11:00 438

Қазақ – жетімін де, жесірін де жылатпаған, өзгеге телміртпеген халық. Тарихқа үңіліп қара­саңыз, бұрын-соңды тастанды бала деген ұғым мүлде болмаған халықпыз. Қазіргі кезде нәпсісін тыя алмаған азғынның саны артып, есесіне бала өлімі еселенуде. Жесірін босағадан бездірмей, қаңғыртпай қорғаған елдің күні көңіл көншітпейді. Бұл – қоғамның айықпас дертіне айналып отырған рухани микробтардың  кесірі! Мына әлемді жұдырығында ұстаған індеттен де бірнеше есе қауіпті.

Иә, жақында ғана Төретам кентінің көшесінен шала туған 5 айлық шақалақтың денесі табылған болатын. Жантүршігерлік оқиға елімізде алғаш рет болып отырған жоқ. Жауыздық әрекетке барудың себебі неде? Ер-азаматтар мен нәзік жандыларымыз жауап­кершілікті неге сезінбейді? 5 минуттық ләззаттың соңы бейкүнә сәбидің өліміне алып келуде. Төретам кентінде болған оқиға бойынша Қызылорда облыстық полиция департ­аменті  мәлімдеді.

– 2021 жылдың қазан айының 18-і күні Қармақшы ауданы, Төретам кентінде көпқабатты үйдің ауласында орналасқан күл-қоқыс жинайтын контейнерлер тұрған жерден Төретам әкімдігінің дала сыпырушы-жұмысшысымен қоқыс жинау барысында шала туған баланың түсік денесі анықталған. Аталмыш дерек бойын­ша ҚР ҚК-нің 100-бабымен (жаңа туған баланы анасының өлтіруі) ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы Өкілдігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде, – деді сала мамандары.

Бұл  оқиғаға  кім  кінәлі? Әрине, қоғам  кінәлі – қазақ қоғамы! Өйткені ұрпақтың тәрбиесіне алаңдамаған ата-ана, күніне мың өзгерген заң жүйесі, ешкімге есік ашпайтын меңіреу мекемелер, «тәбеті» таусылмайтын жауап­сыз ерлер мен арзан өмірдің рақатына құныққан қыздар айыпты. Өкінішті! Ер адамның алдын кесе өтіп, құлағы тесік, жамандықты жариялауға үйір болған блогер келіншектер де көбейіп кетті. Әйел заты жария­лаған дүние  «жарылғыш»  келетінін  білмейді  ме  екен?!

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі тәрбиенің тура  жолын  көрсетуге  ерінбейтін батыр аналарымыз да көп. Тағдырдың тауқыметіне ұшыраса да, меселі қайтпаған жандардың бірі – Жайдар Ергешқызы. Айналасына шуақ шашқан бар қазақтың анасы – Дома­лақ анамыздың ізімен жүріп, болашақ аналарға үлгі боларлықтай жан.

– Ата-аналар ұл-қыздарына тәрбиесін беруде. Бірақ сыртта не істеп жүргендері бір Аллаға мәлім. Жақында болған оқиға туралы айтатын болсам, ата-анасы айтпады емес, айтты ғой. Ең алдымен, сол қызымыз келе­шегін ойлады ма екен деп ойладым. Нәрес­тенің ешқандай кінәсі жоқ. Әке-шеше­сіне айта алмаса, әпкелері бар шығар, ағайындарына бар шындықты айту керек еді. Ойланбастан осы тірлікке жастықпен барғаны анық. Амал жоқ, болды. Әрі қарай қыздың тағдыры не болмақ? Мұндай жағдайларды көріп те, естіп те жүрмін. Бір қыз дәл осындайға ұрынып, қазір өкініп жүр. Аналардың бәрі әйел болғанымен, әйел­дердің бәрі ана бола ала ма? Сөзім жоқ. Ұл-қыздарымызға сана берсін. Қадамдарын ойланып басса екен дейміз. Жаманды-жақсы ұл-қыздарымды жалғызбасты ана болып, асырап келе жатырмын. Ақылды айтудан кем емеспіз. Тек балаларымыз құлақ асса екен. Бұл қыздың тірлігі бүкіл қазақ қызының маңдайыңа таңба болып тұр. Айтуға оңай… «Баланың білегі ауырса, ананың жүрегі ауырады» демекші ұрпағымыз теріс жолға түспесе екен деп тілеп жүрген аналардың бірімін, – деді  батыр  ана.

Құлындай шырқыратқан бұл тағдырдың періштенің маңдайыңа жазғанын қарашы. Баланың күлкісі бүкіл әлемнің жарығындай жадыратып кететінін тасбауыр әке мен безбүйрек аналар ұқпағаны қалай?  Құмда ізі, жұртта белгісі қалмайтындай тып-типыл етіп, бытырай қашып құтыламыз деп жастарымыз ойы жұтаң, түйсігі таяз болып кеткен. Өз отыңды сөндіріп, күлін қоқысқа тастаған ананың қатыгездікке жол бергенін жануар да ұқпасы анық. Көзінің қарашығы, қолына ілінер талшығын аңсаған аналар Тәңірден күндіз-түні бала сұрап, еш үмітін үзбейді. Бәлкім, адамға деген рақымы жоқ жандардың жүрегін періштенің мөлдіреген көзі мен сәбидің хош иісі аналық махаббатын оятып, бағытын дұрыс жолға өзгертер деп бала бере­тін секілді. Алайда, шаранасынан безген әйелден не үміт, не қайыр? Мұндай әрекетке жол берген әке мен ананы заң бойынша қатаң жазалап қана қоймай, қазақтың ұрпағының көбеюіне қастандық жасағаны үшін мәңгілік ата-ана құқығынан айырып, кастрация жасалуы қажет. Неге жаза қатал десеңіз? Қанжарына ие бола алмаған ездің ұрпағы қайратты болуы беймәлім. Бұл – ақымаққа ақыл  кіргізудің  тәсілі.

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп жырлаған күндер алыс­тап бара жатқаны алаңдатады. Көптің пікірі жігіттің торына түскен жасөспірім қыз деп ойлайды. Иә, тікенекке жабысқан қаракөз қарын­дастарымыз болуы әбден мүмкін. Себебі статистикаға сүйенсек, жыл сайын 15-19 жастағы бойжеткендердің біршамасы жүкті болатын-ды. Бірақ, төсеніш болып жүрген түнгі көбелектің әрекеті болуы да ықтимал. Және педофилден жәбір көрген жеткіншектің ессіз ісі болуы ғажап емес. Қазақ жігіттері үшін қазақ қызы қорлаудың объектісіне айналған­дай,  сірә.

 «Ұрпақ – өмір жалғасы» екенін жадынан өшірмейтін жандар аға буын өкілдерінің арасында да бар екені даусыз. Солардың біріне «қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деп санайтын «Сыр аналары» қоғамдық қорының  төрайымы Нұрсауле Мусаеваны  айта  аламыз.

– Өте қиын жағдай, айтатыны жоқ. «Сыр – Алаштың Анасы» деген атымызға сын! Қанша отбасы перзент сүю бақытына ие бола алмай еңіреп жүргенде, жасалып отыр­ған әрекет болып тұр. Әттеген-ай, өкінішті! Бәріміз болып, тәрбиелей алмай отыр­ған кемшіліктеріміз көп. Ол байғұсқа да ойын бөлісіп, қасынан табылатын, сенім артатын жанашыры болмады ма екен деп ойланам. Кім қыз-ұл өсіргенде сондай болады деп жамандық ойлайды. Ел болып, ойланып тәр­биені мықтап қолға алу керек. «Қырық үйден тыйым» жасамаса болмайды. Әрбір ана Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың арнайы жазған «Бабалар аманаты» мен «Күретамыр» деген  кітаптарды қыздарымызға оқытуымыз керек. Негізі балаға айтып емес, іс-әрекет арқылы өзіміз көрсетуіміз керек, – дейді Нұрсауле  Мусаева.

«Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші облыстық әйелдер кеңесінде осы өмірге өкпелі нәзік жандыларымызға көмек пен қолдау бар екенін төрайымның өзінен біліп, көзбен көргенді, көңілге түйген­ді қалың жұртшылыққа айтқымыз келген-ді. Алайда, осы мәселе бойынша шынайы ақпарат беретін тиісті ұйым басшысы пікір беруден бойын аулақ салды. Ашық қоғамға ашықтықтың ауадай қажеттігінен әлі де бейхабар ма деген ойға қалдық. Ізгі ниет­пен істелген жұмыстың бағасын халықтың бергені жөн деп білеміз. Мүмкін облыстық әйелдер кеңесіне жауапты тұлғалар мәселенің мәнісінен дер кезінде хабардар етсе, өңірдегі билікке өкпелі көпбалалы аналар айғайы азайған болар ма еді… Қит етсе «ханның қызы» деп қытымырланатындардың тіліне тұсау салынып, ашық диалог алаңында-ақ біраз шаруа тынар еді… Әрине, біз «еді»-мен армандап отырудан аулақпыз. Алдағы уақытта басылым атынан ресми хат та жолдап, осы түйткілді мәселені шамамыз келгенше  тарқатып  көреміз.

Айта кетейік, дәл сол күні көрші Шымкент  қаласында  да  осыған  ұқсас  оқиға  болыпты. Екі  шақалақ жарық дүниені көрмей жатып, зоба­лаң көрді. Сәбиін керек қылмаған ата-ана қазақ ұлтына қаншалықты қажет? Міне, көненің ілімін алмағандар жынынан айырылған бақсының көрінісін көрсетуде. Жаңа буынның болашағы бұлыңғыр болып, өзге мемлекеттер бізге ернін шығарып, табанының астында тапталған соң, неміз  қалды?

«Біздің жігіттер – жігіттердің төресі» деген сайын есерсоқтық әрекет жасауға құлықпыз. ҚР ҚК-нің 100-бабында берілетін жаза түрі (төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостан­дығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза­ланады) жеңіл сияқты көрінеді. Тағы жаса­ған  іс-әрекетінен  құрығы  ұзындар сытылып кететіні бар ғой. Өзекті мәселенің шешімін табуға жауапты мамандар қос қолдың саласындай атсалысады деген үміт қана бар. Ал, қазақтың екі періштесінің орны  қансырап  қалды…

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: