Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстандық бай КИМ екен

20.05.2021, 12:30 363

Былтырдан бері бүкіл әлемді бір тарының қауызына сыйғызып, әбігерге салған пандемия мен экономикалық дағдарыс талайды дағдартып тұрса да, кейбіреулердің мұртын балта шаппайды. Әлгі бай-бағландарды айтамыз ғой. «Шіріген байлардың» қалтасына жиі үңіліп, әлем миллиардерлерінің тізімін түзуден тартынбайтын «Форбс» журналын жұрт жақсы біледі. Қазақстанның байлығы арқылы қалтасын толтырған шетелдік мырзаларды былай қойғанда, қаракөз қазақтардың да қалыс қалмайтынын әлемдегі барша бай-манаптың қайсысында  қанша  ақша бар екенін санап, дүйім жұртқа жария етіп отыруды кәсіп қылған Форбс отбасына тиесілі United Media Group тобы шығаратын рейтинг арқылы біліп келдік. Кешегі күнге дейін солай болды, ал бүгінде Қазақстанның өз Форбсы бар. Яғни, он жылдан бері Forbes-тің қазақстандық нұсқасы – «Forbes Kazakhstan» журналы арқылы қазақстандық бай-бағландарды жыға тани  бастадық.

Жақында аталмыш журнал Қазақстандағы ең бай саналатын 50 азаматтың рейтингін жариялады. Айта кетейік, оның ішінде Қазақстанда кәсібін жүргізіп отыр­ған шетелдіктер де енген. Өткен жылы тізімде болған төрт ауқатты адам биыл тізімге енбеген, оның ішінде Сержан Жұмашов, Нұрлан Бизақов және Анатолий Балушкин бар. Есесіне, Kaspi акционерлері Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе, Freedom Finance-ты құрған Тимур Турлов, сондай-ақ Қайрат Итемгенов және Сейсенбаевтар отбасы Forbes Қазақ­стан журналының нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтардың тізіміне енді.

Сонымен қатар бір жыл ішінде миллиар­дерлер  саны  екі  есе  өскен. Яғни, дәулетті қазақстандықтардың саны 2020 жылдан бері төрт адамнан жеті адамға  көбейген.

Владимир Ким – 4,7 миллиард доллар;

Вячеслав Ким – 4,2 миллиард доллар;

Михаил Ломтадзе – 3,9 миллиард доллар;

Болат  Өтемұратов – 3,5 миллиард доллар;

Тимур Құлыбаев – 2,9 миллиард доллар;

Динара Құлыбаева – 2,9 миллиард доллар;

Тимур  Турлов – 2 миллиард  доллар.

Олардың жиынтық байлығы 24,1 миллиард долларды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылғы көрсеткіштен екі есе көп (12,7 миллиард доллар). Егер тек қазақ­стандық миллиардерді алсақ, олардың байлығы 18,2 миллиард долларды құрайды. 50 дәулетті қазақстандықтың байлы­ғы – 37,5  миллиард  доллар.

«Байдың асын байғұс қызғаныпты» демеңіз, әрине, қалталы азаматтардың көп болғаны жақсы, әрі бұл мемлекет байлығының көрсеткішін көрсетсе керек, бірақ ен байлықтың қандай жолмен жиналғанын жұрттың біле алмайтыны жаман. Осы біз, қазақшылыққа салынып, елу байымыз бар дегенімізден, бізге не пайда? Қазаққа қызмет етпейтін байдан не  қайыр?..

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: