Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан халқы бақытты ма?

30.12.2021, 13:00 648

Бәрі бақытты болғысы келеді. Сол анық. Біз де бақытты болғымыз келеді. Ертең емес, арғы күні емес, бүгін. Ал, Қазақстан халқы бақытты ма? Біздің бір бақытымыз – бейбіт өмірде, соғыссыз, мамыражай күй кешіп жатқанымыз. Бірақ, несие деген қамытқа басын кигізген, көбінің жалақы­сы мардымсыз, зейнет жасы ұзар­ған, жұмыс таппай сендел­ген, баспанаға қолы жете алмай, пәтер жағалап жүр­ген, өмірден баз кешкен, жемқорлық жайлаған, тілі әлі төрге шыға алмай тұрған, сөз бостандығы шектелген, демографиясы дағдарған… бұқараны ба­қытты  дей  аламыз  ба?

Ал, кеше ғана Gallup International тәуелсіз зерттеу агенттіктері халық­аралық қауымдастығы жүргізген жа­һандық сауалнаманың нәтижесі шықты. Қызығы сол, онда Қазақстан 2021 жылы халықтың бақыт индексі ең жоғары әлемдегі бес елдің қатарына еніпті. Бақыт индек­сі – бұл бақытты және бақытсыз адамдар арасындағы айырмашылық. Gallup International зерт­теуі әлемнің 44 елінде жүргізіліпті. Оған 42 мыңға жуық  адам  қатысқан.

Зерттеу нәтижесіне сү­йен­сек, бақыт индексі­нің ең жоғарғы көрсеткіші Колумбияда (+79), Қазақстанда (+76), Албанияда (+74), Малайзияда (+73) және Әзербайжанда (+70) тіркелген. Ал бақыт индексінің ең төменгі көрсеткіші Ганада (+2), Ауғанстанда (+9), Гонконгта (+11), Иракта (+17) және Ресейде (+18) тіркелген. Сонымен бірге, АҚШ, Ұлыбритания және Германия орташа әлемдік деңгейден сәл төмен, бірақ Ресейдегіден екі есе дерлік жоғары нәтижелер көр­сеткен. «Бақыт деңгейі табыс деңгейімен тікелей байланысты емес», – дейді Gallup International вице-президенті Андрей Миле­хин.

Ал, халық бақытты болуы үшін жоғарыда айтыл­ған мәселелердің  бәрі ше­шіл­ген, болашаққа деген сенімі нық болуы керек ғой. Әлгі зерттеу ұйымының өкілдері біздің елде кімге жолығып, кіммен сөйлес­кенін қайдам, әйтеуір, біз  бақытты  екенбіз. Расы сол, бізде ертең емес, арғы  күні  емес, дәл  бүгін бақытты  болғысы келіп  жүрген  қазақ  көп емес пе? Сіз  қалай  ойлайсыз?

Н.АҚПАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: