Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы құрылысының қарқыны қандай?

21.07.2020, 10:50 669

HALYQLINE.KZ Баршаны дүрбелеңге салған пандемеияның ауыр зардабы жанға қанша батқанымен көпшіліктің өмірге деген құлшынысы мүлде өшіп қалған жоқ. Санада қасіретті ізін қалдырған кеселдің салқынынына қарамастан ел іші қалыпты тіршілікке біртіндеп оралып келеді.

«Нақты кезеңде Қазалы ауданында 4 пәтерлі 10 кредиттік тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағынан басталған құрылыстың бас мердігері «Мұнай құрылыс» көпсалалы құрылыс фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі» деген ақжолтай хабарға елеңдей құлақ түрдік. Олай болмағанда ше?! Тұрғын үй жайы – еліміздегі өзге өңірлер сияқты Қазалы ауданында да басты тақырыптың бірі. Аталмыш үйлер осы мәселенің шама-шарқынша шешімін табуына оң әсерін тигізері анық.

«Кредиттік тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары Қазалы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылуда. Құрылыстың ұзақтығы – 8 ай. Алайда мердігер мекеме тұрғын үйдің құрылысын жылдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отыр» дейді өзіміз тілдескен азаматтар.

Жаңадан басталған тұрғын үйлердің құрылысы аумағына Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Бас мердігердің жұмысына сәттілік тілеп, құрылыстың сапалы әрі уақытылы жүргізілуін тапсырды.

Жоба бойынша бір үйде 4 пәтер қаралған. Әрбір үйде 2 бөлмелі 2 пәтер, 3 бөлмелі 2 пәтерден бар. Тұрғын үй газ, ауыз сумен, электрмен қамтылады. Әр пәтер дербес жылу және ыстық сумен біріктірілген, газ отынды қазандығымен жабдықталады. Жаңа баспанаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрған салымшылар қол жеткізе алады. Қазекеңнің «Үйің болмай, күйің болмас…» деген даналық сөзінің мағынасы әсіресе, баспана тауқыметін тартқандарға жақсы мәлім болар.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: