Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы қарқынды дамып келеді

09.11.2021, 16:40 425

Аудандардың арасынан әл-ауқаты жағынан алда келе жатқан ауданның бірі – Қазалы. Халық арасында «екінші Түркістан» аталып кеткен Қазалының айтар жаңалығы көп екен. Аудан басшысы Мұхтар Оразбаев облыс қаламгерлеріне берген баспасөз брифингін бюджеттен бастады. Жыл басында жұмысты 21,6 млрд теңгемен бастап, 9 ай ішінде тайқазанды 22,9 млрд теңгеге толтырған. Қазыналық кіріс кәсіпкерлік саласынан түсетіні белгілі. Өнеркәсіп саласынан 12,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жеке кәсіпкерлердің де саны артып келеді. Биылдың өзінде 1000-нан аса кәсіпкер тіркеліп, белсенді жұмыс істеп жатыр.

Биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында 723 адам 2,9 млрд теңге көлемінде қайтарымсыз грант пен несие алды. 10-нан аса кәсіпкерлік нысаны пайдалануға беріліп, 63 адам жұмыспен қамтылды. Жаңа өндіріс орындарын көбейту мақсатында ашылған «Өндірістік аймақта» жалпы құны 152 млн теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылуда. Енді инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі даму жоспарына» сәйкес, құны миллиард теңгеге жақын 18 жоба кезекте тұр, – деді Қазалы ауданы әкімі М.Әуесұлы.

Қуаңшылық Қазалыны да айналып өткен жоқ. Бірақ соған қарамастан жыл қорытындысымен Қазалы  ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша «Озат аудан» номинациясын иеленді. Енді 6587 гектар күріштің әр гектарынан 44,9 центнерден өнім алу да оңай шаруа емес. Бұл, әрине, алдымен дала диқандарының маңдай тері мен ауыл еңбеккерлерінің бірлігінің арқасы. Ауданда жаңбырлатып суғару жүйесі жақсы дамыған. Мысалы, «РЗА» АҚ-ның су үнемдеу технологиясы арқылы малазықтық дақылдар өсіру жобасы бойынша 87 гектар жерге жүгері егілді. Бұдан бөлек, Әйтеке би кентінің тұрғыны Нұрлыбек Нұрқожаев тамшылатып суғару әдісімен қарбыз, қияр егіп, мол өнімге қол жеткізді. Егінмен қоса, мал шаруашылығы да қатар дамып келе жатыр. «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен 50 шақты жеке кәсіпкер мал сатып алып, еңбегінің өнбегін көріп отыр.

Ауданда таза ауызсу мен газдандыру мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр. Биылдың өзінде Жанқожа батыр мен Майдакөл ауылы ауызсу желісіне қосылды.

Егер қаржы мәселесі шешімін тапса, Әйтеке би кенті мен Байқожа елді мекені аралығында 63 шақырым магистральді желі тартылып, жол бойындағы 6 елді мекенге су барады. Газдандыру да қарқынды жүргізілуде. Жалаңтөс батыр, Қашақбай Пірімов және Басықара ауылдарын газдандырудың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысын күтіп отырмыз, – деді аудан басшысы.

Әлеуметтік маңызы бар шаруалардың бірі – жол мәселесі. Қазалыда аудандық маңызы жоғары 50 шақырым жол мен елді мекендердегі 40 көше жөндеуден өткен. Сонымен қатар «Қарлаң» көпірінен Қожабақыға дейінгі, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпіріне дейінгі жолдар жөнделді. Ал Басықара мен Абай елді мекенінің аралығындағы жолды жөндеу жұмыстарын жалғастыруға облыстық бюджеттен 305 млн теңге қаржы қарастырылған.

Халық көп шоғырланған жерде емхана, мектеп, мәдениет үйінің тапшылығы байқалатыны белгілі. Осы орайда Қазалы қарқынын тоқтатқан жоқ. Әлеуметтік нысандар рет-ретімен бой көтеруде. Қазір аудан орталығынан 600 орындық мәдениет үйі, 250 адамға арналған емхана және өзге де қажетті нысандар құрылысы басталып кетті. Бұрын-соңды болмаған құрылыс жобаларының бірі – автоматтандырылған электронды емтихан алаңы да аудан орталығынан орын теппек. Енді жұрт жүргізуші куәлігін алу үшін облыс орталығына жүгірмейді, аудан орталығында тапсыра беруіне болады.

Жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға азайған.  Биыл есепті мерзімге дейін 10 шақты «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткен. 300-ге жуық адам қатысып, 100-ден аса адам қазметке орналасқан.  Спорт, мәдениет, жастар саясаты да  ешқайсысынан қалыс қалып жатқан жоқ. Саланың бәрінде серпін бар. Басшылық қызметке келгеніне көп болмаса да аудан әкімі Мұхтар Оразбаев әлі де орасан зор шаруалардың күтіп тұрғанын және өзіне сенім артқан халықтың үмітін ақтауда жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет етуге дайын екендігін жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: