Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара ағаш түбіндегі оқиға (Хикая-детектив)

05.03.2020, 12:02 514 0

Алдажар  ӘБІЛОВ

7.  КҮТПЕГЕН   БЕТБҰРЫС

Жол бойы Орынбекті әлгі бір «Бобыраған ақша» жайы мазалаумен болды. «Апырмай, «бобыраған ақша» дейді, ә?  Ел болса төрт-бес айлап ақша көрмеген, ал мал бағып жүрген бақташының қалтасында бобырап мол ақша жүргені қалай? Отбасының жайы – анау, ақша көрмеге­нін айтып әйелі отыр, оның үстіне ол мол қаржыны неге үйінде сақтамаған, мар­құмның әйелі неге ол ақшаны білмейді? Қайдан шыққан соншама көп ақша? Айтпа­қшы, тұра тұр, осы ақша дегенді тағы бір жерде естіген сияқты емес пе еді?».

– Нұрлан…  Сәл  кідірейікші.

Машина жол шетіне тоқтағасын ол ойын  ортаға  салды.

– Нұрлан, ана үйде де айтып едім ғой, маған мана айтылған ақша жайы, бобыраған ақшаны айтамын, маза бермей келеді. Шындығында да марқұмның қалтасында бобыраған ақша болған ғой сонда.

– Иә, солай. Анау солай деп жазып отыр ғой.

– Ал, осы оқиғаның түпкі себебі – ақша мәселесі болып жүрмесін. Мен ақша дегенді тағы бір жерде естідім ғой осы. Иә… иә… сенің әңгімеңнен… Сағадат карта ойынына ылғи су жаңа ақшалар­ салыпты деп айтты деген жоқсың ба?

– Иә, Алмат Сыздықовтың түсінігінде дәл солай жазылған. Қазыбек оны хаттамаға да түсіріп алған, өзі қол қойып берген.­

– Олай болса, мұның барлығы тегін емес. Біз онда ең алдымен Қазыбекпен ақылдасайық, негізі оның біраз жайтты білетіні байқалады.

Қою тұман мен көк жүзін торлаған қалың бұлттан мезгілдің қай уақ болғанын, не түс, не кеш екенін де аңғару қиын. Бұлар Жаңақорғанға кірген кезде әуелі қар жауып, соңынан жауын бір құйып өткен еді, кәдімгідей қақ тұрып қалыпты, машина көшедегі лай су мен балшықты кеше Сағадатты құпия ұстап отырған үйдің алдына келгенде, күртесі суға малшынған біреу қақпа алдына шықты­. Бұл Қазыбек еді. Ол бұларды үйге емес, қарсы беттегі сарайға қарай бастады. Бірінен екіншісіне өтетін екі бөлмелі сарай кәдімгі тұрғын үйге бергісіз, төсек-орны түгел, ұқыпты жандар қарауында екенін аңғартқандай. Екі есікті де қымтай  жауып  барып  Ертаев  сөз  бастады.

– Ана пәшес үйдің төргі бөлмесінде әңгіме соғып отыр, ішіп-жемі мол. Қасында Асқар бар, одан қам жемеңдер. Ореке, мына времянка – біздің штабымыз.

Ол  қарқылдап бір күліп алды да, әңгі­месін  жалғады.

– Мына паразиттер сенен күдік ала баста­ды-ау, сірә. Арттарына бұрыш қыстырғандай шапқылап кетті. Мен сендер қонып қала ма деп қорқып отыр едім, жаңбырмен араласып көзге түспей келіп қалғандарың жақсы болды. Өзгентке телефо­н соғу керек шығар, ол жақты ескерт­іп қоймасақ, бұл паразиттер тағы бірдеңе  шығарып  жүрер. Осы  мені  алаңдатып  отыр.

– Мұның дұрыс ақыл болды Қазеке. Мен ағайдікіне телефондайын, көліктің реті келіп, ары өтіп кеткенімді, Көктөбе ауылында, қайынжұртта екенімді ай­тайын, «Қайтарда соғамын» дейін. Әйт­песе бұларға Өзгентке хабарласу түкке тұрмайды ғой. Участковойға тапсырса бітті  ғой.

– Ал… Көктебеге телефондаса қайтесің?

– Біріншіден, ол жақпен байланыс өте нашар, ең шалғай, Түркістанмен шекаралас ауыл ғой. Екіншіден, ол ауылға арнайы­ бөлінген участковой жоқ, екі-үш ауылға бір-ақ штат. Үшін­шіден, әкімің де, участковойың да біздің қайын­жұрттың есігін ашуға қор­қады, арызға ілініп кетеміз бе деп аулақ жүреді. Біздің шал мен қайнағаларды білесіңдер  ғой…

– Онда, дұрыс… Айтпақшы, ол жақтың участковойы осында жүр, түсте көрдім, мал ұрлығы бойынша сотқа келіпті. Значит, сәті келіп тұр екен. Осы үйде телефон бар, қазір кірісейік.

– Иә, әуелі осыны біті­рейік, сосын­ әңгімелесу керек боп тұр, Қазеке.

– Әрине.

Мұның Өзгентке телефон соғуы мұң екен, ағасы ұрыса жөнелді:

– Шырағым-ау, қайда жүрсің? Сені келеді деп күткелі талай заман өтті ғой. Түгіскенге бара жатқан көлікке мінге­нің­ді есіттік, содан жоқсың, обедті ішпей әрі күтеміз кеп, бері күтеміз кеп…

– Ассалаумағалайкүм! Үй іші аман ба? Өткенде Көктөбеге бара алмай қалдым ғой,  не дегенмен қаза ғой, шалдың немере­ інісі, ұят боп жүр еді, бір машина­ның  реті  келіп,  мен  құдаңызға қарай өтіп кеттім. Екі есеп – бір есеп, көңіл айтайы­н, мұсылмандық, күйеу балалық міндетімді өтейін, екіншіден, оларға да бармағалы жарты жылдай болыпты, сәлем берейін деп ойладым. Мүмкіндік болып  жатса  Майдамтал  ар жағында тиіп тұр ғой, шалды ертіп, құран бағыштап қайтам ба, көремін. Ертең кешке қарай, кері қайтарда үйге соғамын ғой.

– Ой, бізді қойшы, ана көк көз тапал ушасковой екі рет келіп кетті сені іздеп. Дәулетовті айтам, онсыз да жүргенде екі қолы санын соғып жүретін сорлы еді, енді тіпті тыпырлап қалыпты, мұрны делдигенде бар ғой, тіпті баланың жұдырығы сыйып  кеткендей  боп, аққан терін сүртіп үлгіре  алмай жүр. Жайшылық па?

– Аманшылық. Командировкаға келгенмін Жаңақорғанға. Ол тағы келіп жатса­  айтарсың  менің  хабарымды, күтіп әуре  болмасын.

Бұл телефон тұтқасын орнына қой­ғаны  сол  еді, Ертаев ашуға булыға сөйлей жөнелді.

– Көрдің бе… Бұл паразиттер ме… Бұл паразиттер бар ғой пәшестен де жаман ғой. Бұлардың кислородтарын жауып таста­у керек ғой тас қылып, сонда көрер ем қыңсылағандарын… Сені іздеуді бастағаны… Алла-ай, құдайымыз бар екен, мезгілінде Өзгентке телефондап дұрыс болды ғой. Енді жүрсін сол қиларын атып… Ана көк көз қазір Таймановқа звандап өліп жатқан шығар, сорлы онсыз да өсекке жақын қасқа еді, мына бас­тықтың нағыз құлағы болып алды қазір.

– Бұл жолы да шаруа оңынан болған сияқты Қазеке. Енді маған мынаны айтшы:­ Осы іске қатысты құжаттардың барлығы өзіңде сақтаулы ғой.

– Иә.

-Ал, марқұмның қалтасынан бобыраған ақшаны Тұрғанбай алды деп Сағадат айтты деген Кенжебаевтың түсінігі, Алмат­ Сыздықовтың Сағадаттың карта ойынына, күліске ылғи су жаңа ақшалар салып отырғаны туралы түсініктері де сенде ғой.

– Әрине, барлығы сақтаулы, тіпті, протоколдарына дейін менде тігулі. Бұл құ­жаттарды бұрынғы тергеушілер іске қатысы жоқ деп алып тастады ғой… Тіпті, түсін­діре алмадық қой… Күйеді екенсің тіпті…

– Ал сол оқиға болған шамада аса ірі мөлшердегі ұрлық немесе ақшаға қатысты адамдарға байланысты оқиға болған жоқ па?

– Оны неге сұрадың?

Орынбек өз күдігін айтты. Қазыбек сәл ойланып отырды да:

– Өзім де осы тұсқа бір соғар деп отырғанмын. Ақша жайы мені де көп ойландырған, бірақ, сол тұста ауданда да, облыс­та да аса ірі мөлшердегі түгіл, тіпті ақша ұрлығы атаулы тіркелмеген. Ойбай-ау, қайдан тіркеледі, халықта көк тиын ақша болмаса?! Мен де күдіктеніп, девятканың жігіттерімен біріге астыртын іздесті­ргенбіз, сол оқиғадан бір жарым ай бұрын банктен тек «Өскен» колхозына ғана төрт айдың айлығы босатылыпты. Жеті миллион сом ақша… Ауданда басқа бірде-бір колхоз, не мекеме ақша алмаған. Бірақ, колхоздың құжаттарын тексердік, барлық ақша таратылған, ведо­мостағы қойылған қолдар дұрыс. Маған подозрительно болғаны – ақша таратылған күні кассир мен колхоздың «Уаз» көлігін жүргізуші жігіттің мас болып, машина­мен дарияға батып кеткендері. Мұны  сен  де  естіген  шығарсың?

– Иә. Шофер банктен ақша алуға жіберілген көліктің жүргізушісі екен, екеуі де удай мас деп есіттік.

– Иә… Денесін шығарып, экспертиза­ға бердік қой, бірде-бір зорлық белгісі жоқ, тіпті денелеріне сызат та түспеген, тек арақтан уланған, денедегі арақтың көптігі сондай біз судан алып шыққанда да арақ сасып жатты. Адамның мұндай мөлшерде арақ ішкенін бірінші көруім және бір емес, екеуі де сондай деңгейде. Техникалық сараптама да көліктің ештеңес­і сынбағанын, техникалық күйі жақсы екенін көрсетті. Бұған не дерсің, күдіктенесің де қоясың. Бастықтар «істі жап» деп ойбайын салып жатса қайтесің. Барлығы мастықтың салдарынан деп қорытынды жасады. Сонымен ол жағдай сол жабулы күйінде қалды.

– Апыр-ай, ә?!

– Мен де күдіктеніп, сондағы құжаттардың барлығының көшірмесін түсіріп алғанмын. Ксерокопия деген жақсы болды­  ғой, бір минутта зыр еткізесің.

– Мұныңыз тіпті керемет болып кетті ғой. Солармен танысып шықсам жақсы болар еді. Мен Сағадат жасап отырған қылмыспен әлгі кассир мен шофердің суға кетуі байланысты емес пе екен деп отырмын.

– Дәлелің  бар  ма?

– Марқұмның қалтасындағы бобыраған ақшалар, Сағадаттың картаға салған ақшалары қайдан шықты? Осылар сол «Өскенге» бөлінген ақшамен байланысты сияқты. Бүкіл аудан жұртшылығы үш-төрт айлап ақша көрмейді, ал олар ақшаға қалталарын толтырып алған. Қалай ойлайс­ың?

– Ие-е… Мен де солай ойлағанмын кезінде. Шындығында да күдік тудыратын нәрсе ғой. Бірақ сол кезде біздің маңдай­ымызға мұны ойлайтын тергеуші тап болды ма… Барлығы істі тездетіп өткізуге тырысты ғой… Көп уақыт өтіп кетті ғой, бірдеңе шығара алсақ жақсы болар  еді…

– Оның үстіне мына Сағадаттың ісінің қайта-қайта қысқарып кетіп жүргені де, бүгін ғана келгеніме қарамастан мені бақыл­ап отырғандары да осы бағытқа сілтемей ме? Мұның сыртында басқа адамдар  тұрған  сияқты…

– Солай боп тұр бала… Солай-солай, соқыр  Николай… Бала кезімізде осындай бір сөз болды ғой, мағынасына түсінбесек те айта беретінбіз, сөйтсем… тура біз сияқты қай бағытқа жүрерін білмеген тұста айтылған сияқты ма қалай өзі… Әлде паразиттердің өлмейтіндігіне күйген біреу айтты ма екен… Енді не істейміз?

– «Өскенде» жақын туыстар бар ма, сол кезде колхозда жұмыс істегендері керек.

– Бар ғой… Менің екі құдам сонда… Бір жақсы адамдар иманға ұйыған. Бірі – колхозда механизатор, екіншісі бухгалтер болып  істеді.

– Қазеке… Онда көп дабыра қылмай, адам баласына білдірмей сонда барып қайту керек. Құдаларға да мықтап тап­сыру керек, барып қайтқаныңды жан баласы­на айтпасын. Онда анықтайтын нәрсе мынау: Төрт-бес айлық жалақы қалай төленді екен. Ақшалай ма, әлде мал не техника бөлшектері, жем-шөп, азық-түлікпен бе екен?

– Сонда не болады?

– Оның жайы былай. Көп колхоздар мен мекемелер сол тұста бартер деген әдіске көшті ғой. Жалақыны мал, жем-шөп, техника бөлшектері арқылы өтеді емес пе. «Нұржол» колхозында теңге шыққанша солай төлепті, мана марқұмның әйелі айтып отыр. Егер «Өскенде» де солай төленсе, жеті миллион сом ақша қолды болғаны. Ол ақша қайда кетті, қылмысты кім ұйымдастырды, оған Сағадаттың, Ордабектің қатысы қандай – міне, осыларды анықтауымыз керек. Егер сол қылмысты Ордабек кездойсоқ көріп қалды деп есептесек, онда қылмыскерлер оның көзін жою үшін Сағадатты пайдаланған. Егер бұл нақтыланса, жалпы картина ашыла бастайды емес пе?

– Тіфу… Алла-ау мынау неғып біздің ойға келмеген, ә? Ақша қайдан шықты деп ойладық… «Өскенге» қатысты іздеп едік, тарату ведомосі заңды болып, үніміз өшті… Әй, маладес… Ореке! Міне, енді ғана мидағы тұман сейіліп, басымда істің нобайы айқындала бастады-ау… Әй, пәшестер-ай… Бұларың енді сол ғой… Онда мен жаңағы Нұрлан мініп жүрген «Москвичпен» тартып кетейін… Мына жақты байқаңдар… бүлдіріп алып жүр­меңдер. Жалпы, осы бағытыңды телефонмен 101-ге айтып қойғаның жөн шығар.­

– Бұл көкейге қонады Қазеке.

Осы кезде тағы да аспанды қақ айыра күн күркіреді, шатыр-шұтыр етіп найзағай  ойнады.

(Басы  өткен  сандарда.  Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: