Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара ағаш түбіндегі оқиға (Хикая-детектив)

06.02.2020, 10:56 807

Алдажар ӘБІЛОВ

3.  ІЗ   КЕСУ   БАСТАЛҒАНДА

Тағы да аспанды қақырата найзағай ойнады. Жол жиегіндегі жыңғылдар дір-дір етті, бәлкім найзағайдан қорыққан болар, әлде адамдар жауызд­ығынан шошынды ма екен, әйтеуір түрлері оңып кеткен. 

– Ореке, отырыңыз, біз де шеткерірек тұрайық. Капотты ашып қояйын, көзі түскен біреу-міреу бұзылып тұр екен деп ойласын.  

– Бұл немене, өзі? Ылғи Штирлиц болып кеткенсіңдер ме түге… Ылғи құпия…

– Солай боп тұр Ореке. Штирлицтікі рақат қой, фашистердің арасында жүріп барлаушы болған, жауының кім екенін біледі. Біздің жай қиын боп тұр емес пе, кімнің қарсылас екенін білмей дал болып жүрміз…

–  Не бопты?. Біреулерді білетін шығар­сыңдар.

–  Сеземіз ғой… Бір кемпірдің баласы біраз мал-мүлкін «Жиырма бір» деп аталатын карта ойынына ұттырып жіберіп, басы салбырап отырса, шешесі: «Балам-ау, сені құртқан жиырма бір болды ғой» – десе, баласы: «Апа, мені құртқан жиырма бір емес, жиырма екі болды ғой, ылғи асып кетіп» – деген екен. Сол сияқты бізді құртқан өз ішіміздегілер болып тұр ғой.

Нұрлан машинасын күре жолдан шеткерірек, арнайы тоқтауға қалдырылған орынға қойды да әңгімеге кірісті. 

– Ореке, бұл анада өзіңе айтқан әңгіме ғой… Қысқарта айтпасам, түгел баяндауға бір күн кетер­, ал уақыт тығыз… Оны өзің де білесің. Бірақ, өзіңе негізгі жайттарды айтпасам тағы да болмайды. Сонан соң барып бағытымызды анықтап, жоспар құрармыз.

Иә, 1993 жылы «Нұржол» колхозының бақташы­сы Ордабек Әнесұлын сол ауылдың тұрғыны Сағадат Кәрішалов өріске іздеп барып төбелеседі. Содан соң ол құлаған кезде шылбырды ілмектеп жіберіп тұзақ қылады да, атқа мініп алып сүйрете жөнеледі. Содан бір кезде сүйретілген дене қыбырламай қалғасын атынан түсіп барса, ол өліп қалған екен. Сол кезде олармен ауылдас Тұрғанбай Разақов деген кісі келіп қалады да, екеулеп өліктің қалтасындағыларды алады. Ордабектің өлгеніне анық көздері жеткесі­н оны сол айдалаға тастап кетеді. Мұны алыстан көрші ауылдың қой бағып жүрген екі оқушысы Серікхан мен Жолбарыс Мәтеновтер де көрген. Бірақ балаларды да, Тұрғанбайды да біреулер қорқытқан болуы керек, олар тіс жарып­ ешкімге айтпаған. Мәйітті бір аптадан кейін бе, әлде одан да көптеу уақыттан соң ба тапқан. Көзін және т.б. ашық тұстарын құс шұқып тастаған, бет пішінінен тану мүмкін болмаған­, тек марқұмның әйелі ғана танып, сосын­ ел боп жерлеген. Марқұмның артында жеті баласы қалды, тұрмыстары өте ауыр.

Осы іспен алғашқы айналысқан жігіттер ешнә­рсе шығара алмай қойған ғой. Мен уголовный розыскаға ауысып келгенімде ашылмай қалған осы қылмыстық іс марқұмның әйелінің арызы бойынша менің қолыма тиді. Жаңақорғанға хабарласып, Ертаевпен сөйлессем, ол «Ел ішінде ызың-ызың өсек бар», – дейді. Содан із кеспейміз бе, ауданнан Ертаев пен бізден Сейітов­терге көп-көп рақмет, нағыз оперлар ғой, біраз көмегі болды. Сөйтсем, олар да осы істің ашылмай қалғанына ызаланып, намыс­танып жүрген жайлары бар екен. Үшеуіміз жан-жақты қаза бастадық, сөйтіп осы Сағадат Кәрішаловтан күдік ала бастадық. Оның бірде мас болып отырып, бір құрдасына мақтанып «Ордабекті мен өлтірдім» деп айтып қойғанын есітіп, әлгі адамды тауып алдық. Оған да біраз уақыт кетті, алғашында ол «Естіген жоқпын» деп ат-тонын ала қашқан, кейіннен жесір қал­ған әйелдің жайын айтқасын құдайдан қорықты ма, әйтеуір, «Әлгі әңгімені естігенім рас еді, бірақ Сағадат ол кезде қатты мас еді», – деді. Соныме­н не керек, Сағадатты тауып, әңгімеслестік, араққа тойдырдық, міне осы кезде ол Әнесұлын өлтіргенін мойындады. Ертеңіне РОВД-ға алып келдік, біз оны-мұны құжаттармен жүгіріп жүрсек, ол біреулердің көмегімен босанып кетіпті. Санымызды соқтық та қалдық. Сұраймыз – ешкім  ештеңе білмейді, жауап беретін­ де ешкім жоқ, кезекші қызметкер «Ондай адамды көрген жоқпын» – деп қарап тұр.

Не істейміз, қатты ызаландық, өзімізді өзіміз кінәладық. Кім білген, барлығын мойындап отырған адам ондай әрекетке барады деп ойламайсың ғой. Сонымен тоқ етері – күдіктіден айырылд­ық, қызметтестер бізге күле бастады. Алайда бұл бізге сабақ болды, мұның қорғау­шылары, қолдаушылары тек билікте емес, өз ішімізде де жүргенін түсіндік. Тағы іздеуге кірістік. Ол ұзақ әңгіме, кейінірек айтармын. Бір жылдан аса іздеп, ақыры Созақтан таптық. Тағы да арақ ішкіздік, әңгімелестік. Өткен жолы неге қашып кеткенін сұрадық. Ол «Қашып кетпеге­нін, өзін менттердің босатып жібергенін» айтты. Бұдан соң негізгі әңгімеге, Әнесұл­ы мәселесіне көштік. Тағы да сол… Ордабек­ті өлтіргенін мойындап отыр. Оны Жаңа­қорғанға әкелдік. Баяғы ауыз күйіп қалған­ бар, бірден ИВС-ке оформить еттік. Бәрі дұрыс-ау, бірақ, тергеу басталып еді… УВД-дан шақыр­тқан тергеушіміздің өзі «Ешқандай дәлел, дәйек жоқ, соттан өтпейді» дегенді айта бастады, сол – сол-ақ екен мынау: «Мен ештеңе білмеймін, ешкімді өлтірген жоқпын», – деп сөзінен танып шыға келді. Біздің диктофонға жазып алғанымыз дәйек болмай қалды. Бәрі де «Мас адам не демейді» – деп бізді мазақ қыла бастады. Ол да басы бұлғақтап: «Менің бұлайша айтуым мүмкін емес», – деп қарап отыр. Қалай күймессің… Ертаев, Сейітов үшеуіміз ашу мен ызадан не істерімізді білмедік.

Оны тағы да босатып жіберді. Біз мұның тегін емес екенін сездік. Әншейінде біреулер нақақтан күйіп жатады ғой, ал бұл болса тура құлып астынан сылт етіп шыға келеді. Осы жолы да оның хабарын тағы да Созақ жақтан шығардық. Мен 101-ге барып, барлығын баяндадым. Ол кісі асықпай тыңдады да: – «Бұл не қылған суға батпайтын, отқа жанбайтын пәле, тергеушілер неге қауқарсыз қалып отыр? – деп біраз ойланды. Сосын маған: «Күдіктіні барып алып қайтыңдар, оның Созақтан кетуін өз қалауы етіп көрсетіңдер, например, Түркістанға ма, Шымкентке ме қыдырып кеткен болсын. Сендердің онда барғандарың да құпия қал­ғаны дұрыс. Өйткені оның қолдаушылары Созақп­ен хабарласып отыруы мүмкін. Жаңа­қорғанға әкелгесін алдын ала дайындап қойған үйге ұстаңдар, көп адамның білмегені жөн. Жігіттерге ескерт: ауыздарына ие болсын. Мұны бізден басқа тірі пенде білмеуі керек. Сосын өзің маған хабарлас», – деді.

Міне, кеше кешкісін оны Жаңақорғанға әкелдік. Бір үйде қонақ қылып сыйлап жатырмыз. Біздің Штирлиц болып жүргеніміз де сондықтан. Ауданда біреу білді дегенше болды – ел «гу» ете қалмай ма, онда тағы да тақырға отырып­ қалуымыз мүмкін. 101-ге хабарласып, түнде Ақмешітке барып қайттым. Бастыққа жолығып, осылай бастауға шештік. Істі тергеуге сенің кандида­тураңды мен ұсындым.

– Е…е…! Неге маған осында «Шұғыл бар!» -деді деп бас қатырып отырсам.  Барлығын  бүлдіріп отырған сен екенсің ғой… Е… бұл бір қиын іс екен…

–  Енді ше… Қиын болмаса сені қозғаймын ба… Істі соттан өткізуге бір дерек, қолға ұстарлық бір дәлел болмай тұр ғой.

–  Ендігі бағыт қалай?

– 101-ші сенімен күдіктіні кездестірген дұрыс деп отыр. Оған сенің кім екеніңді айтпаймыз. Қазір  ол ұйықтап жатыр. Тұрғасын сен қақпа­лап­ әңгімеге тартсаң, ол бізге айтқанын қайталаса­, соны видеоға жазып алсақ деп ойлаймын­. 101 сержанттан шетелдік шағын видеока­мера беріп жіберемін деген. Сау кезінде­ өзі мойындап отырса, ол да бір дәйек қой.

– Е..е… бәрін дайындап қойдым десейші.

–  Қолдан  келгені  ғой… Әңгіме арасында бір ілік  тапсаң,  тіпті жақсы болар еді. Жалпы, ендігі шаруа – сенің қолыңда. Біз көмекшіңбіз. Бірақ абайлап жұмыс істеу керек, бұл жердің өсегі  көп.

– Өзім де соны ойлап отырмын. Істің жалпы сұлбасы белгілі болды… Бірақ сұрақ көп… Жинақталған материалдар қайда?

– Ертаевтың өртенбейтін дәу сейфінде сақтап­  отырмыз.

– Жақсы-е… Онда біз былай істелік. Менің бүгін осында келетінімді РОВД басшылары біліп отыр. Онда бармай тағы болмайды, барғасын мені аңдитыны, бақылайтыны анық. Ол кезде жаңағы жоспар іске аспай қалуы мүмкін. Тіпті «Азаматты заңсыз, күштеп ұстап отыр» – деп, бізге жала жабудан да қашпас олар. Әрекетте­ріне, із жасыру тәсілдеріне қарап олардан мұны күтуге болатын сияқты. «Оны қол­даушылар, қорғаушылар өз арамызда жүр» – дегенің­ көкейге қонады. Сондықтан мен қазір РОВД басшысына барайын. Ертең жексенбі ғой, бастыққа бір-жар күн Өзгентке, туған ауылға барып демалып қайтайын, тіпті сүрнігіп өлетін болдым, – дейін. Ол бұл іске мүдделі болса менің  ұсынысыма қуана-қуана келіседі. Сосын біреуге  «Жеткізіп  сал» – дер, не  болмаса «Солай­ қарай бара жатқан  көлікке мінгізіп жіберіңдер» – дер. Асылы, өздерінде машина жетпей жатқанда мені қайтсін, сол соңғы жоба дұрыс болар. Тіпті «Жігіттер солай бара жатқан бір көлікке мінгізіп жіберсе» – деп ұсынысты мен-ақ жасармын, одан пәлендей ештеңе өзгермейді. Ал сен мені дарияның арғы бетінен күтсең, өйткені әлгі мені шығарып салған адамға­ «Тергеушінің анық Өзгентке кеткеніме көз жеткіз» – деп тапсырма да беруі мүмкін. Мейлі, біздің бастықтарға телефондап, мені «Бір маубас екен, демалып жатыр» – дер. Онысы бізге жақсы, мүдделілердің бейқамдығын қамтамасыз етеміз. Қалай дегенде де ұтыл­мауымыз керек қой. Сондықтан сәл алыстау болса да сенімді болғаны дұрыс қой. Сенің басқа­ біреудің машинасын сұрап алғаның жөн сияқты,­ көзге іліне бермейтін «Москвич» болса­ тіпті қатып кетер еді. Оның үстіне, марқұмның ауылы дарияның ар жағында тиіп тұр ғой. Әнесұлы­ның отбасына барып, әйелімен сөйлесе­ келген де жөн болар.

– Уақыт кетпей ме?

– Амалымыз қайсы… Әйтпесе қарсы жақ тақымы­мызды жаздырмайтын сияқты. Видеокамераны ала кетелік. Күдіктіні «Ар алдында қиналып жүр, ұйқысы ұйқы емес, өзімен-өзі сөйлейді, біреулерді балағаттайды, біреулерден кешірім сұрайды», – деген жоқсың ба, видео­таспадан марқұмның отбасын, әйелінің сөйлегені­н көрсе жаны қиналып, ашыла түсер.

– Мұның да жөн екен.

– Бізге асықпай, байыппен жұмыс істеу керек­. Күдіктінің намысына тимей, көбірек осыған ұқсас жайттарды айтып, құдай алдында, ар алдында тазару керектігін қозғай берген жөн сияқты. Өзі қиналып жүрсе, неге соны бізге пайдаланбасқа?

– Әрине болады.

– Бірақ, жігіттерге ескерту керек. Күдіктіге бекем болсын. Ашық-жарқын әңгімелескенмен, мейілінше сақ болу керек. Ішемін десе, ішкізген дұрыс. Бірақ біздің барып-қайтуымыз­ға көп болса екі-үш сағат кетеді емес пе? Бәлкім оған дейін ояна да қоймас.

– Келістік. Онда мен сержантты шақырайын­, видеокамераны алып қалайын. Мен сіздерден кейін бес-алты минуттан соң трассаға шығармын. Сосын әлгі бағыт бойынша әрекет ете беремі­н. Ал, Ореке, сәттілік тілеймін! Иә, Алла! Істің сәтін бере гөр! Жетім мен жесірдің көз жасын көре гөр та!

– Нұреке-е! Өзің имам болып кеткенсің бе, немене?

– Е-е… жұрт құдайын ұмытпаса, мынадай іс болмас еді ғой. Қайбір имамдық дейсің. Қиналып жүрмін… Сенерім де, медет сұрарым да Алла, сосын сенген жігіттер болып тұрған жоқ па?!

– Бопты. Өзіңе де сәттілік тілеймін!

(Басы  өткен  сандарда.  Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: