Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Онлайн есеп: ТҰРҒЫНДАРДЫ НЕ МАЗАЛАЙДЫ?

11.02.2021, 10:30 408

Облыс орталығының айналасында айтылмай жүрген әңгіме көп. Атқарылған жұмыстармен қатар сапасы сын көтермейтін қызметтер де жетерлік. Оның үстіне жығылғанға жұдырық болған пандемия да тұрғындарды біраз есеңгіретіп тастады. Көп мәселені айтуы керек тілдер аузын буған өгіздей үндемей жүргенін де көріп жүрміз. Сол үшін де халықтың көкейінде жүрген сұрақтардың біршамасы әкім есебінде қойылатын. Көзін көріп, уәдесін алғанды жөн көретін халықпыз ғой. Алайда бұл жолы індеттің шырмауынан шыға алмай, есепті онлайн өткізуге тура келді. Есеп онлайн режимде өтсе де, көтерілген мәселе аз болмады. Осылайша, шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қалаға қарасты шет аймақтың тұрғындарымен ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып, жылды қорытындылап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

– Өткен жылы сан саланың дамуына тежеу болған пандемияға қарамай қаламызда экономикалық тұрақты жағдай қалыптасып, бірқатар көрсеткіштер бойынша өсу тенденциялары байқалды. Барлық салада жақсы жетістіктерге қол жетті. Жыл басында қала бюджеті 69 млрд теңге болып бекітілсе, жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 94 млрд теңгені құрады. Нәтиже­сінде, аймақ орталығының барлық саласында жоғары нәтижелі өсім байқалды, – деді қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы.

«ЖАҢБЫР  ЖАУСА,  ЖАРЫҚСЫЗ  ҚАЛАМЫЗ»

Есептің алғашқы күні әкім қаламызға «сүйеніп» тұрған қос кенттің тұрғындарымен кездесті. Есеп барысында жергілікті халық әкімге өз сауалдарын жолдады. Тұрғындардың көтерген мәселелері өз шешімін табатын да болды. Мәселен, Белкөл кентінің тұрғындарына берген есепте 200 отбасының ауызсусыз отырғаны анықталды. Кент әкімінің айтуынша, халықты ауызсумен қамту үшін бюджеттен 14 миллион теңге қаражат керек екен. Өз кезегінде қала әкімі түйінделген мәселені шешуге жұмыс істейтінін айтты. Жер астынан жік шықпаса, бұл мәселе көп ұзамай өз шешімін табуы керек. Одан бөлек, кентке қарасты Бірқазан ауылының тұрғыны жарық жүйесіне шағымданды. «Күн райы қабағын түйсе, жарықсыз қаламыз» дейді тұрғын. Әкімнің айтуынша, қалаға қарасты аймақтардың барлығында жарық желілері толығымен жаңарған. Ондай болуы мүмкін емес екен. Бұл жұмыс та тиісінше шешілу керектігін меңзеп, сала басшыларына тап­сырма  берді.

Өткен жылы Тасбөгет кентінде 17,5 шақырым болатын 15 көшеге малта тас төселіп,  3,6 шақырымға созылған 3 көше күрделі жөндеу­ден өткен. Сондай-ақ, 5 көшеге жарық бағаналары орнатылып, спорттық жаттығу және стритбол алаңдары салынған еді. Жергілікті тұрғындардың сол жұмыстар жалғасын тапса деген тілегі бар екен. Олардың айтуынша, әлі де әкімдіктің көзі түспеген көшелер бар. Қала әкімі  өз  кезегінде  бұл  сауалға оң жауап  берді.

– Биылғы жылы былтырғы жұмыстар міндетті түрде жалғасады. Қазірдің өзінде шет аймақтардағы 94 көшеге жол салуға 1 млрд 700 млн теңге қаржы қарадық. Алда әлі де бірнеше көше жөнделетін болады. «Жол картасы» аясында да 4 млрд теңге келетін болады. Басқа да  қаражаттар  арқылы  өзекті  мәселелерді  шешеміз, – деді қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы.

«ШЕҢГЕЛ  МЕН  ЖЫҢҒЫЛ  ЖАҒЫП  ЖЫЛЫНУДАМЫЗ»

Екінші кезекте қаламен іргелес Қызыл­жарма ауылының тұрғындарының мұң-мұқ­тажы тыңдалды. Камераның алдына келген ауыл тұрғыны «Алдымен Алла, содан кейін ауыл әкімі Медет» деп бастап, ауылдықтарды мазалаған біршама сұрағына жауап алды. Жоғарыда көрсеткендей, халық ауыл әкіміне разы көрінеді. Шыны керек, «қызыл сөзден бал жаққан» бұл мақтауларға жиында отырған басшылардың ешбірі күлмей қарай алмады. Абайдың «Бойы бұлғаңы» еріксіз еске түседі осындайда. Хош, халықты толғандырған мәселелерге оралайық.

Әкімі мықты ауылдың жарығы жоқ екен. Тұрғындар  «кешке  «қараңғы» болып қаламыз» дейді. Бір бөлменің жарығын жақсаң, екіншісі өшіп қалады екен. Алайда бұл сұраққа ауыл әкімі дайын болып шықты. Жарық мәселесінің  көктем айында толық шешілетінін айтып, уәде берді. Сондай-ақ, былтыр Қызылжармада 60 шақырымға жуық электр желілері тартылған. Бұл жұмыстар осы жылы да жалғасын табатынына сендірді.

Ауыл тұрғындарының жол жұмыстарына да назар аударса деген тілегі бар. Атап айтсақ, Ө.Маханбетов көшесінің тұрғыны жолсыз отырғанын айтады. Біз күткендей бұл мәселенің жауабында да аса қатты өзгеріс болмады. Әкімнің айтуынша, өткен жылдың өзінде Қызылжарма ауылдық округінде 37 көше жөнделіп, 369 млн теңге бөлінген. Осы жұмыстар биыл да жалғасын тауып, аталған көшенің жөндеу жұмыстары міндетті түрде қаралатын болады.

Ал Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғындарын табиғи газдың жоқтығы қынжылтады екен. Қыста көмір тасып шаршаған тұрғындар қала маңында тұрып, жайлы өмір сүруді армандайды. Әкім бұл мәселе ең өзекті екенін алға тартып, тез арада жобасын жасау­ды тапсырып, көп ұзамай бұл іс өз шешімін табатынын айтты. Сонымен қатар, мұнда жарықты заңсыз иемденіп алатындар бар екен. Солардың кесірінен жел тұрып, жауын жауса да, жарық өшіп қалатын көрінеді. Мәселенің өзектілігін ескеріп, әкімдік жұмысты биылдан қалмай істеп беретініне уәде етті.

«АҚЖАРМАДА  АУЫЗСУ  ТАПШЫ»

Кезекті есепті Қарауылтөбе мен Ақжарма ауылдық  округінің тұрғындары тыңдады. Жалпы, қай аймақта болмасын  тұрғындардың ең  бірінші   шағымы – жарық.  Қалың  елдің  қанатын қиған бұл мәселе шынымен де әкімнің назарынан шығып қалған секілді. Тұрғындар электр бағандарынан жарықты жабайы түрде тартып алып жүр екен. Ауылда электрик маманы да жоқ. «Тоқтың астында қаламыз ба?» деп  қорқатынын  да  жасырмады тұрғындар. Өз кезегінде жауапты мамандар бұл мәселе төңірігінде жұмыстар істеліп жатқанын айтып отыр. Көтерілген мәселе шешілмей қалмайтын  болды.

Ал ақжармалықтардың жағдайы мүлдем ауыр. Ауылдың шеткі аумағында ауызсу келмей тұр. Тіршіліктің  көзіне  айналған ауызсуға  қолдары жетпеген  тұрғындар әкімнің өзіне айтуды жөн көріпті. Алайда бұл мәселенің шешілуіне 200 млн теңгеден астам қаржы керек екен. Бұл мәселе қаралатын болады дейді жауаптылар. Қомақты қаражат мінбердегілердің қолын байлап отырған көрінеді. Дегенмен, нақтылық  жоқ.

«КӨШЕЛЕР   ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛСА  ЕКЕН»

Қызылөзек ауылдық округінде де өзекті мәселе көп. Тұрғындар көшелер жарықтандырылса дейді. Атап айтқанда, Айнакөл ауылының кіреберісі мен Талсуат ауылында көше жарығы жүргізілмеген екен. Жауаптылардың мәліметінше, бұл мәселелер өз шешімін тауып қойған. Көп ұзамай шешіледі. Сонымен қатар, Ақсуат ауылы тұрғындарын «көгілдір отын» мәселесі алаңдатады. Ауылды газбен қамтамасыз ету жұмыстары көп ұзамай басталатын көрінеді. Сондай-ақ, жарықтың «жыры» Ақсуатқа да тән болып шықты. Онда да жергілікті халық жарықсыз отыр.

Ауылдық округте аяқсу мәселесі де өзекті. Тұрғындардың айтуынша, ондағы су тапшылығы  анық  байқалады.  Мұны  талай  жерде айтып та  жүр екен. Бірақ, басшылар бұл мәселені де алдын ала шешіп қойған көрінеді. Жақын арада ауылдық округке су айдайтын насостар  әкелінеді.

Бұрындары пандемия адамзат тарихында бірнеше рет болса да, онлайн есепті бірінші рет көріп тұрмыз. Атқарылған жұмыс көп. Алайда атқарылуы керек жұмыстар да аз емес. Шет аймақтардағы жарық мәселесі – ойландыратын дүние. Жаһандану заманына аяқ басып, халықты қарапайым жарықпен қамтамасыз ете алмауымыз – үлкен сын. Ендігі кезекте әкімнің халыққа берген уәделері толықтай орындалады деген сенімдеміз.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: