Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өзімнің қазағым ғой…

30.06.2023, 9:15 254

HALYQLINE.KZ

(Жол  үстіндегі  жазба)

Дәл қазір отарбада отырмын. Қызылорда уақытымен түнгі 03:50-де мінгенмін. Қалып қоймайын деп мүлде ұйықтамағанмын. Плацкартқа мінбегеніме көп уақыт болыпты. Плацкарттан қашқақтайтын себебім көсіліп жата алмаймын. Аяғым шығып тұрады. Ары-бері өткендер міндетті түрде қағып өтеді. Енді айтайын дегенім, таңғы 05:00-де жоғарыда жатқан жолаушы қасыма келіп сорқ-сорқ еткізіп шай ішеееп отыр. Менің білетінім, түстен кейінгі «бестің шайы» деген болатын еді. «Таңғы бестің шайы» деген де бар екен-ау. Ұйқылы-ояу көзіммен тесіліп қарасам, өзімнің Қазағым екен. Әзер шыдадым. Орыс болғанда оңдырмайтын едім. Олардың да қит етсе «құқын» талап етіп шығатыны бар ғой. Қазағым кеңдеу отырып шайын ішіп алсын деп амал жоқ орын бердім. Бұл ағам көрші орындағы бір ағаны шақырып алды. Қой құрсын деп телефонымды алып тұрып кеттім. Екеуі асықпааай отырып әбден шайланды. Енді қарын тойғасын қоятын шығар десем, әңгімеден жіберіп жатыр. Дауыстары да гүрілдеп қалған екен. Елдің бәрі ұйықтап жатқанда бұлары қолайсыз болды. Ескерту жасайын деп тұрдым да, әрі жасым кіші, әрі өзімнің Қазағым ғой деп әзер шыдадым. Әңгіме ауандарынан байқағаным, екеуі де вахтадан келе жатыр. Қайбір жетіскеннен жүр, бала-шаға үшін жүр де. Менің тыпыршып мазам қашқанын түсінді-ау, сөздері саябырсыды, орнымды босатты. «Уф» деп енді ұйықтайын деп жатсам бір кішкентай қыз жылады.

Шешесі де бір балпиып қалған бар болғыр екен. Жасаған бергенді жұбата қояр құлқы жоқ. Әй, мейлі, өзімнің Қазағым ғой. Сөйтіп жатқанда қасымдағы апай оянды. Тұра сала «Жаңақорғанға қашан келеміз?» деп сұрады. Шиелідеміз дегесін апыл-ғұпыл жиналды. Зілмауырдай төрт сөмкесінің екеуі менің астымда екен. Амал жоқ алып бердім. Бір сөмкедегі затын екінші сөмкеге ауыстырып, үшінші сөмкедегі затын төртіншісіне араластырып әбігерге түсті. Реттеп болды-ау дегенде Жаңақорғанға да жетіп қалдық. Апам тез жуынып үлгерейін деп кетті. Мен де көмектесіп құтылайын деп зіл қара тас сөмкелерін тамбурға таси бастадым. Екі рейс жасап екі сөмкесін апарып келсем. апам қиғылық салып жатыр! «Сөмкелерім қайда?» дейді. «Мен тасып жатыр едім, Жаңақорғаннан түспейсіз бе?» десем, «қой, құрсын, Түркістаннан түсем» деп қарап отыр. Сөмкелердің ішінде қыруар базарлық бар деп қоймағасын бетімнің жүні жыбырлап жүріп қайтадан әкеліп бердім. «Неменеге екі сағат бұрын жанығып жатырсыз?» деп айтып салайын деп тұрдым да «Қой, өзімнің Қазағым ғой» деп үндемедім. Ашуымды басайын деп осы жазбаны жазып жатқанда «Макси шай, шемішки» деп арбасын итерген әпке ортаны жарып өтті. Дауысының ащысын-ай! «Әй, таң атпай ненің шемішкиі?» деп ұрсып берейін деп тұрдым да, «Қой, өзімнің Қазағым ғой, еріккенен жүрген жоқ, күнкөріс үшін жүр ғой» деп сабама түстім. Ақыры бүкіл вагон оянды. Өмір атты ұлы жолдың бір вагон жолаушылары тынымсыз тіршіліке кірісті. Барлығы өзімнің Қазағым ғой. Қалай бар солай жақсы көремін.

Келіңіздер енді, шай ішейік! Бастысы, Қазағымыз аман болсын, ағайын!

Әл-Фараби  БЕКАРЫСҰЛЫ,

30.06.2023.

Атырау-Алматы отарбасы.

Әлеуметтік  желідегі  парақшасынан  алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: