Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өз шеңберімен айналушылар

23.12.2021, 11:30 217

Еліміз тәуелсіздігін алған      1991 жылы «Міне, Тәуелсіз ел болдық, енді өз байлығымыз өзімізде болады, нарықтық экономика құрып, қарық боламыз!» деп бөркімізді аспанға атып қуанған едік. Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл болды. Қайда сол қарық боламыз деген арманымыз, неге орындалмады? Халық кінәлі ме? Халық кінәлі емес! Оған қазіргі билік, үкіметтің жоғары лауазымды адамдары және ең бастысы, мемлекеттік жүйе кінәлі! Осы ретте қазақ еліндегі халықтың тұрмыс-тіршілігін үш топқа бөліп қарастыруға болады.

1. Бірінші  жоғары  топтағылар – миллиардер мен миллионерлер, яғни өте бай адамдар. Олар – өз шеңбері бойынша айналып, өздерін керемет, құдіретті жан ретінде сезінушілер. Оларға заңның да күші жүрмейді, олар – заңнан да биік тұрғандар.

2. Екінші топтағылар – министр мен әкімдер. Сөз жүзінде халық үшін қызмет етіп жүргендер сияқты көрінгенімен, іс жүзінде жоғары жақтың тапсырмасын орындап, тек өзінің ғана жеке жағдайын жасайтындар.

3. Үшінші топтағылар – орташа мен кедейлер, олар – үкіметтен ешбір көмек болмайтынын біліп, өз күнін өздері көріп жүрген орташалар және әрең-әрең өмір сүріп жүрген кедейлер тобы.

Ал енді «осы үш топтың бір-біріне байланысты көмегі бар ма?» деген сұрақ туады. Әрине жоқ, бірінші топтағылар – байлықтың соңына түсіп, өз шеңберімен жүретін, ешқандай адамға, қоғамға пайдасы тимейтін тасжүрек адамдар. Екінші топтағылар да – өз шеңберімен айналып жүрген дөкейлер мен әкімсымақтар. Үшінші топтағылар да – өз шеңберінде ғана айналып, өз-өзін асырап отырған орташа мен кедейлер тобы.

Енді мынандай сұрақ туады. Неге олар өз шеңберімен ғана айналады? Осы үш шеңбер бірігіп, үлкен бір шеңбер болып неге айналмайды? Олар бірігіп айналмайды. Себебі біздің қоғамдық жүйеміз солай қалыптасқан. Турасын айтқанда, біз жабайы капиталистік қоғамда өмір сүрудеміз. Ал енді мемлекеттік жүйені дұрыс жолға салып, тәртіпке келтіретіндер – Президент, Парламент, Үкімет және жоғары биліктегілер. Қазіргі күнде жоғары билікте отырғандардың көпшілігі өздерінің «халық қызметшісі» екенін ұмытып, керісінше «халық – биліктің қызметшісі» деп ұғынатын сияқты. Мұндай пиғылдағы адамдар ешқашан да халыққа жақсылық жасап қызмет ете алмайды. Сондықтан да еліміздегі адал ниетті азаматтардың, қазіргі биліктің, жүйенің халыққа қарай дұрыс жолға бұрылуына өздерінің үлестерін қосулары қажет. Бұл – қазақ елінің барлық азаматтарының  басты  міндеті. Осы міндеттер толық орындалғанда ғана осы үш топтағы халық бір үлкен шеңбермен бірігіп айналады. Сол кездері нағыз халықтық мемлекет орнап, халқымыздың жағдайы жақсара береді.

Айбол  БИТУҒАНОВ,

жоғары білімді ұстаз

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: