Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өкіметке «зиянкес» ақ теке

24.06.2026, 10:35 69

HALYQLINE.KZ

Ақсу ауылының оңтүстігінде орналасқан Тоқтамұрат базасында Мұрат деген түп нағашым мал бақса, Құрманкүл жеңгеміз сауыншы еді. Бұл ауылдың жаз жайлауы Қараөзек өзені бойында, кей кездері Сырдария өзені жағасындағы Қорғаншада болатұғын.

Жазғы каникулда түп нағашымның ауылына бару үшін кент орталығындағы Майөңдеу зауытына жайлаудан сүт таситын Бодыбай деген жүргізушінің көлігіне Кірпіш зауыт тұсынан мініп алатынмын. Бұл жолы да сөйттім. Қараөзек көпіріне жақындаған кезде кент орталығының Онтам, Кірпіш зауыт жағының падасына Тоқтамұрат фермасының сауын сиырлары қосылуға шақ қалыпты. Орда бұзар жастағы Бодекең сауын сиырлардан көз жазып қалған ауыл малшыларын сыртынан боқтап-боралап, алдындағы шаң басқан екі аяқты жолдан бұрыла машинамен ауыл малының бетін кері қайырып, көпірден асырып тастады. Осынысына он-он бес минуттай уақыты кетті. Кейін білдім, бұл кісі коммунистік партия қатарында екен.

Сол жылы Тоқтамұрат фермасы Қараөзек бойындағы Темірқораға отырыпты. Осындағы әрбір үйге каникул кездері жан-жақтан туысқандарына қыдырып келген ойын балалары көп жиналатын. Шілденің шіліңгірінде Қараөзектің салқын суына шомылып жалақ ойнап, әсіресе атқа міну – қала баласы үшін аса қызық құбылыс. Арғы-бергі жағалауға жүзіп өткен мал, жылқылардың құйрығына жабыса кетесің. Оны азсынып малды қайта қайыра тағы да арғы бетіне қиқулап шулап құйрыққа жабыса және өтетінбіз. Саяқтар болмаса үйірлі жылқыға жоламайтынбыз, себебі, арғы бетке өткен жиырма шақты жылқының артында әп-әдемі ұйық пайда болып, ойын балаларын тартып кетпегенімен өзен түбіне батырып-батырып, тойдыра су жұтқызатын.

Арасында қармақпен балық аулап, бойыңдағы құмарды бір қандырасың. Табанымызға құлығұлық жағып алып, олай-былай жүгіріп жарысудан еш шаршамайсың. Аяғыңа кірген тікен-жантақты тіспен тістеп алып тастаған соң бес-алты қадам ақсаңдай баса одан әрі түк болмағандай ойыныңды жалғастыра кетесің. Бұта-бұтаға жасырынып, қалыңның ішіне кіргенде жалаң аяғыңа тікенек кірмес үшін башпайларыңды бүгіп қысып ала жүгіре тығылмақ-қумақ қызығына тағы батасың. Атқа жайдақы мініп жарысып, ара-арасында ат көпшігін көкпарша тартысып, аттан талай құлаған кездер де болды.

Сауындағы жеңгейлерімізге қолғабыс қылып бұзау тартысып жүргенде емшекке ұмтылған сиыр төлі аяғымызды талай рет аша тұяқтарымен езіп-езіп жіберіп бір жылатып алатын. Бұзаудың есесін жұдырықпен іш тұсынан бірер мәрте қойып-қойып қалып немесе сау аяғыңмен жұмсақ қарнынан башпайларды бүгіп алып бір теуіп қайтарар едік. Ең соңғы сиыр сауылар-сауылмастан Күлзағира жеңгейдің балалары бастаған топ өзен жағасындағы қалың ішіне бойлай еніп, шырмала өскен сөлді собықты аршып алып жейтін едік. Бұталардағы қышқылдау келген қаншиені ашырқанып жеуіміз ұзаққа созылмайтын.

Тұрсынай, Балымша, Кәмпит, Раиса, Бисенкүл, Роза, Фатима сауыншылардың қыздары топтана жүріп гүл тергенді жақсы көретін. Күн ысыған кезде киіз үй көлеңкесінде немесе жиде талының астына алаша жайып жіберіп, «Кел, сақина кел», орамал, бестас, тағы да көптеген ойынды ойынап шуласып жататын.

Шахман әкей құрған тұзақтарына саршұнақ пен тасбақа ілдіріп, ізімізді мұқият жасырып кететінбіз. Бірде Тәжібай ағаның үйіне келген қаланың баласы жыланбалық ілдіріп кеткен күні әкейдің ауылға келуін тосып, ауылдастарға «не дер екен?» деген тағатсыз күткен шыдамымыздан түк шықпады. Шәкең ештеңе болмағандай күнделікті сабырлы қалпынан еш жаңылған жоқ. Түк болмағандай жүре берді, жүре берді. Әкейдің тұзаққа түскен жыланбалық жөнінде ауылдастырына айтар қызығын естімеген соң арғы бетке жүзіп бара жатқан өгіз, сиырлардың мойнына мініп, мүйіздерінен қос қолдап ұстап алып арғы жағаға жақындаған бойда суға қарғып-қарғып кетіп сүңгіп жарысуға кірісе кетер едік.

Мұрат ағам баламінез аңқаулау кісі еді. Өте қарулы болғанымен бақа-шаяндардан, әсіресе дәуіттен өлердей үркетін. Автолавкашы Айтман ағайдың таразысына түскенде тағамның салмағы 130 келі екенін сонда білдім.

Нағашымның астындағы торы аты жарақты, белді ат еді. Талай додаға кіріп топ жарған атының шабысы ұшпа-тұғын. Ең алғаш рет осы торы атқа үшіншіні бітіргенімде мінгенім әлі есте. Менен жасы кіші малшының балалары екі қолыммен ер қасын тас қып ұстап алғаныма ішек-сілесі қата күлгендері бар. Есесіне, бірер аптадан соң әбден машықтанып алғасын жайдақы да міне беретін боп шықтым. Каникул аяқталарда осы ауылдың кез келген атына қорықпай мінетін болдым. Аттан құлау онша қорқынышты да болмай шықты. Есектен құлағаннан оңайрық па деп те қалдым. Есектен құлағанда омақаса түсесің, ал аттан құларда түсетін жеріңнің ой-шұқырына назар салып үлгіресің, әрі соған қарай әрекет жасауға да тырысасың.

Мұрат ағамның мүйізі қарағайдай ақ текесі болды. Нағашымның «көктемде ақ текені көлікке тиегенімде, зорға көтергенмін» деп отырғанына қарағанда текесінің салмағы әжептәуір болған сыңайлы.

Осы ауыл малшыларының қой-ешкісін соңынан ерткен ақ теке өзінің кішігірім отарының маңайына ешбір мал-жанды жолатпай-тұғын. Бұнда тек қана зооветеринар ақсақ Базарбай ақсақалдан ғана үрке-тұғын. Керек десеңіз, өз отарын жыртқыш аң-құстарға да алдыртқан емес. Ақ теке отарын көрген адамдармен қоса мал, жылқылардың өзі «бәлесінен аулақ» деп айналып өтуге тырысатын. Себебі, бұл текенің мінезі шатақтау еді. Ат демейді, сиыр демейді, адам демейді, көлік демейді, текенің «территориясына» байқаусызда кіріп кетсең, ақ теке артқа қарай жылжи бастайды да, көздеген нысанына тұра ұмтылып, бар екпінімен құйғыта кеп қарағайдай мүйізімен қойып қалатын. Бір жақсы жері қой-ешкі, қозы-лақтарына тиіспей, «аумағына» кірмей тек жүрсең, өз бетінше ешкімге келіп соқтықпайтын. Сол себептен, ақ текенің ашуына тимей қой-ешкілерді айналып өтетінбіз. Байқаусызда «аумағына» кіре қалған кездері ол артқа қарай жылжи бастағаннан-ақ тұра қашатынбыз. Ондайда өз аумағынан шығарып жібергенімен, онша алысқа қуа қоймайтын. Бұнысын ақ текенің ескертуі деп ұғатынбыз. Мазақ қылғандарды аңдып жүріп ақысын алмай қоймайтын.

Бірде, Қойшан ағайдың үйіне қонаққа келген қаланың ересектеу баласы біздің ескертуімізге құлақ аспастан ақ текенің «аумағына» кіргені былай тұрсын, қолындағы ұзын қамысымен түрткілеп, «бақылдап» мазақ қылып, әбден зығырданын қайнатқан болатын. Ақ теке сол баланы суға шомылып келе жатқанымызда ашықтау жерде өсіп тұрған жалғыз ақшеңгелдің түбінде жасырынып жатып қарсы алды. Әңгімеге беріле, еш алаңсыз жақындап қалған біздің алдымыздан ақ теке атып шықты да, әлгі балаға тұра ұмтылды. Барлығымыз жан-жаққа бас сауғалап тым-тырақай қаша жөнелдік.

Егер ақ текенің мүйізіне ілінсең, біттім дей бер. Әлгі бала артына қарамастан өзенге қарай қашты. Өзен жағасына жақындай бергенде ақ теке баланы сүзіп құлатты да, ес жидыртпастан қайта ұмтылды. Жан екпінмен суға секірген баланың артынан ақ теке де қойып кетті. Су тізеден аса берген жерге келгенде ақ теке тағы да сүзді. Бала қисалаңдап барып сүңгіп кетті. Сүңгіген баланы бақылап тұрған текенің ашуы әлі басылмағаны көрініп тұр. Қаладан келген бала су ортасынан бір-ақ шығып, шалқалай жүзе, жыламсырап көмек сұрауда. Осы кезде Ысламбек деген жас малшы жігіт астындағы бурылымен өзекке түсіп, әлгі баланы өңгеріп алып шықты. Баланың жамбасы мен арқа тұсы қызарып, көгеріп, ісініп, біразға дейін ақсаңдап, тұла бойы ауырыңқырап жүрді. Есесіне, ақ текенің аумағын алыстан айналатын болды.

Сол жылы ақ теке бір әдет шығарғаны бар. Малқора мен соған жақын ең шеткі үйдің ортасында ағаштан соғылған жемқора болатын. Бірер машина жем сиятын бұл қамбаның кілті Асарбек деген моторшы кісіде. Кешкісін моторын жаңалық пен бір кино көруге ғана қосатын Асекеңнің күндізгі жұмысы сауыншылар бір-бір қанар қаппен жем алатын кезде қамба есігін ашып әрқайсысына үлестіріп болған соң алақандай қызыл құлыпты құлыптауды ұмытпайтын. Азанғы сауынға ешкімге жем бермейтін. Түске таман бұзаушыға екі қап береді. Сауыншылар кешкі сауынға алған жемдерінің жартысын қора үстіне қойып азанда соны беретін. Сауыншылар бір уыс жемді леген түбіне шашып жіберіп сиырға жалатып, малды жылдам-жылдам сауып алады. Бірақ, кейбір асаулау сиырларға жем молырақ берілетін.

Ақ текенің қызығы кісі аяғы әбден басылған соң басталатын. Артқа қарай елу-алпыс қадамдай асықпай шегіншектеп, жемқораның шынжырға ілінген қызыл құлпының оң жақ тақтайын қарағайдай мүйізімен бар екпінімен келіп «тақ» еткізіп қойып қалатын. Ақ теке бұл ісін арада жүз елу-жүз алпыс санағанда қайталап отыратын. Жемқораның есігін әрбір екі-екі жарым минут сайын соққылау таң атпастан тұратын сауыншылар сауынға беттегенше жалғаса беретін. Және ақ текенің бір ерекшелігі мүйізін тек бір нүктеге ұратын-ды. Күндіз жемқора есігінің ойдым болған жері одан сайын тереңдей шұқырланып, ағашының мүжілген үстіне мүжілгенін көретінбіз. Жемқора есігінің шынжыр ілінген ағашының тұсында жаңадан түскен жаңқалары жататын.

Ауылдағылардың текенің түнімен тақылдатқан «ақ теке сағатына» құлақтары әбден үйренісіп қалғаны соншалықты бір түні мынадай оқиға болғандығын ертеңгі шайда үлкендерден естідік.

Сол түннің ортасында ақ текенің «тақылдаған» сағаты әдетінен жаңылып жүрмей қалады. Бұған тек қана Мұрат ағам емес, жемқора иесі Асекең де, әркез сергек жататын Шахман әкей де, ең жақын үйде тұратын Тасболат бұзаушы да, керек десеңіз, ең шеткі үйдегі Қазантай атанып кеткен Мәжит ағай да, осы ауылдың басқа да малшылары мен сауыншылары уайымдай бастапты.

Ең бірінші шыдамы таусылған – әлбетте Асарбек. Қолына фонарын алып жемқораға келсе, қамба есігі айқара ашық. Ақ теке болса жалғыз өзі жемнің ең үстіне шығып алып рақатқа бата жемді соғып тұр. Асекең текені жемқорадан енді шығармақ болғанда Шахман әкей келе қалып:

– Асарбек, текеге тимей-ақ қой. Жей берсін! Еңбегі бар, — деп, Асекеңді тоқтатыпты.

Кеңес үкіметінің қатаң тәртібінен қорыққан Асарбек:

– Ау, Шәке, өзіңіз коммуниссіз. Пәленбай орден-медальді депутат шопансыз. Бұныңыз қалай?! Мұраттың жекеменшігіндегі бұл ақ теке өкімет мүлкін бұзып-қиратып, сауын сиырларға тиесілі жемді жеп тұр ғой… — дегеніне, келе қалған Мәжит пен Балқашбай:

– Осы ақ теке болмағанда әрбіріміздің жекеменшігіміздегі қой-ешкілеріміз қасқыр-шағалға әлдеқашан жем болар еді. Бүгін ақ теке жемді тойғанынша жесін! — дегендеріне, осында жиналғандардың барлығы да бірауыздан құптай кетіпті.

– Олай болса, ақ текенің қылмысы ақ тісімізден шықпайтын болсын! — деп, түйіндепті осы ауылдың ең үлкені Әбибулла ақсақал.

Мезгілсіз уақытта бас қосқан осы ауылдың ер-азаматтары түгел жиналып, ақ текенің жемді соғып тұрғанын қызықтап, бір марқайып қалыпты.

Суретте: Мұрат аға мен ақ теке. 01.08.1987 жыл, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақсу ауылының Қараөзек бойындағы Темірқора жайлауы

Марат  АҚМЫРЗАҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: