Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс тұрғындары қуаңшылықпен күреске үлес қосуда

12.07.2021, 11:15 161 0

Облыс әкімі қуаңшылық кезеңінен шығу үшін бірлесіп жұмыс атқару қажет екенін атап өтіп, бірқатар тапсырма берген болатын. Мал басына қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында барлық аудандар мен Қызылорда қаласында арнайы штабтар құрылып, шабындық жерлердің нақты көлемдері айқындалуда. Өңіріміздегі мал өсіріп отырған шаруаларды шөппен қамтамасыз етуге «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары мен еріктілер атсалысуда.

Жаңақорған ауданы бойынша жоңышқаның бірінші орымында 45 000 тонна шөп жиналды. Қыраш, Қосүйеңкі ауылдық округінің жастары Аққорған ауылдық округіне қарасты «Түгіскен ТШ» ЖШС иелігіндегі 500 гектар егістік жағалауларындағы қалың мия аралас қамыс шөбін орып, қысқа мал азығын үлестіруде.

Сондай-ақ, ауданда бірқатар азаматтар демеушілік жасап, көмек қолын созуда. Мәселен, бір кәсіпкер әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға 100 пресс тегін берсе, ендігі бірі 3000 қамыс пресс, тағы бірі 4000 табиғи шөпті арзандатылған бағамен қамтамасыз етпек.

Шиелі ауданында Бәйгеқұм, Ақтоған, Қарғалы ауылдық округтерінде канал бойындағы, атыз басында шөп ору науқаны ұйымдастырылып жатыр. Қазірге дейін 7480 дана шөп жиналған, 2500 дана шөп ауыл тұрғындарына таратылды.

Сырдария ауданы бойынша «Ақжарма и К», «Шаған-Жер», «Мади-Қажы», «Мағжан и К», «Бесарық» шаруашылықтары Арал, Қазалы аудандарына көмек ретінде 2 850 пресс жоңышқа мен 12 тн жем жеткізіп берді.
Жалағаш ауданында жоңышқаның бірінші орымынан 16315 тн өнім жиналды. Аудан әкімдігі мал азығындық дақылдарды, оның ішінде бидай, арпа, жоңышқа шөбін егумен айналысатын 8 шаруашылық құрылымымен жем-шөп қорын жасақтау мақсатында меморандум жасалды.
Қармақшы ауданында бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды шөппен қамтамасыз ету шаралары жүргізілуде.
Сондай-ақ, Арал ауданының ерікті жастарынан құралған бригадаларға «Жаңажол» ЖШС-нің аумағынан шөп орғызу мәселесі қолға алынып, ауыл жастары көмек қолын созуда.

Қазалы ауданының ерікті жастары бүгін қолдарына орақ алып, қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалар үшін шөп оруды бастады. Аудан орталығына жақын жердегі «Жалаңтөс батыр» ЖШС егістік басына аудандық жастар ресурстық орталығының еріктілері мен Жалаңтөс батыр ауылының жастары қостаған бір топ азаматтар атыз басындағы көк майса пішенді орып, ерен еңбектің үлгісін көрсетуде.

Қазіргі таңда Арал ауданында мал басына қажетті шөпті облысымыздағы көршілес аудандардан және Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: