Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нұртілеу Иманғалиұлы: «Журналист – қоғамның барометрі»

17.02.2021, 14:00 814

HALYQLINE.KZ Сын айтыпты, шын айтыпты. Оймақтай ойларының үздіктерін үзіп-үзіп ұсындым, оқып шығыңыз! Бақұл болыңыз, ұлтқа да, ұлттық телевидениеге де аяусыз адал қызмет еттіңіз. Ендігісі, Құдай шебердің шешімінде. Жұмақтың төрінен орын бұйырғай. Ұлықтаймыз, ұмытпаймыз!

Ербол МӘНДІБЕК


– Менің пайымымда нағыз журналистика кешегі һәм бүгіні болсын, ұлттық санаға әсер етуі керек. Ол сол ұлттық сананы не биікке көтереді, болмаса құлдыратады.

– Журналист – қоғамның барометрі. Алайда журналист қоғамды өзгертпейді. Тек өзгертуге тиісті мәселені айта алады, қозғайды.

– Қазіргі республикалық электронды ақпарат құралдарында жаппай «әләуләйлім» бітсе, «хәләуләйлімге» салу етек алып кетті.

– Журналист интуициясы деген бар. Оған оқығаны түйгені, білімі келіп қосылады. Сонымен қатар, гендік жады (генная памьят) деген ұғым және бар. Міне, осы айтылған түсініктердің жиынтығы біз журналистикаға келген кезде қолданыста еді, сонымен бағаланылатын. Бүгін одан айырылып қалдық-ау.

– Қазақ халқының рухани тұтастығы әл толық көңілімізде, миымызда, санамызда тоқылып біткен жоқ.

– 60 жылға жуық тарихы бар қазақ телевидениясы әлі күнге дейін жүйелі ғылыми айналымға түспей отыр. Бұл – журналистерден гөрі, ғалымдардың айналысар жұмысы мен міндеті. Бүгінгі таңда осыған ықпал етуші күш жоқ. Егер ол ғылыми айналымға түссе, зерттеледі, сараланады, мектеп пайда болады, тұлғалар ұмытылмайды. Телеарналардағы 1960-1970 жылдардағы тұлғалардың бірен-саранын болмаса, көбін бүгінгілер білмейді. Міне, осындай сұмдық бар, міне, осындай шындық бар!

– Бұрындары ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіргендердің 80 пайыздан астамы есімі елге белгілі тұлғаларға айналатын. Кәсібінің, білімінің арқасында ақын, жазушы, қоғам қайраткері деңгейіне көтерілетін. Ал, бүгін еліміздің 30-ға жуық жоғары оқу орнында журналистика факультеті бар. Ол оқу орындарын бітіргендердің бірен-сараны болмаса, көбі – елге есімі жұмбақ жандар. Яғни, ел білетін журналист жоқ. Міне, осыдан болар, бұл саланы кім-көрінгеннің иектеніп кеткені.

– Қазақ инженерлік қаржы-банк академиясының Алмас Ахинов атты жас мұғалімі: «Мен теледидарды мүлдем қарамаймын. Өйткені, одан алатын ақпараттың 80 пайызы пайдасы жоқ, тіпті зиянды ақпарат. Адамның ойын, сана-сезімін, негативті бағыттауға септік жасайды. Теледидар қазіргі уақыттың вирусы болды. Құнына еш байлық жетпейтін алтын уақытымды ысырап еткім келмейді», – деп жазыпты. Қай-қайсымызды да осы пікір ойландыруға тиісті емес пе?! Бүгінгі телевиденияға берілген бұл бағамен есептеспеуге болмайды.

– Патшалық Ресейдің «бөліп ал да, билей бер» деген қулығын өміріміздің ұстанымына айналдырып жібергеніміз қаншалықты дұрыс деп өзімізге өзіміз сұрақ қойсақ қане?! Ол қан тазалығы ғана емес, ешкімге ұқсамайтын өзіміздің билік жүргізу тәсіліміз еді. Осыны зерттеп-зерделейтін мезгіл кеше келіп қойғанын түсінуіміз керек. Ұлт азаматы һәм журналист ретінде осы мәселелерді дүркін-дүркін айтып отыруды міндет санаймын және бұл жолда жалғыз еместігімді анық білемін.

Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: