Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Наурыздағы қазақы ырымдар (1-бөлім)

22.03.2022, 9:00 783

HALYQLINE.KZ Наурыз – түркі жұртының төл мейрамы. Жаңа жылмен тең есептелетін мейрамда қазақ халқы жақындарын құттықтап, ел болып шаттық пен думанға кенеледі. Осы наурыз мейрамына қатысты ертеден келе жатқан ырымдар бар.

1. Қазақ наурыз күні жаңа шыққан күннің жүзіне қарап бетін сипайды. Онысы жаңа күннен басыма бақыт дарысын дегені.

2. Қазақ наурыз күні алғаш жауған жаңбырға басын тосады. Аспаннан нұр жауады деп біледі. Осылай істесе, жылдар бойы басым ауырмайды, жолым жеңіл болады деп сенеді.

3. Қазақ наурыз күні үйіне қарлығаш ұшып кірсе, ерекше қуанады. Жыл құсы кірді, шаңырағыма құт кірді деп ырымдайды.

4. Қазақ наурыз күні тырнақ алмайды, шаш кестірмейді. Олай етсе, бақ кесіледі, жол тосылады деп ырым етеді.

5. Қазақ наурыз күні көңілді жүреді. Біреумен ренжісіп қалудан қорқады. Себебі, жыл басында ренжісе, жыл соңына дейін ісім оңбайды деп ырым етеді.

6. Қазақ наурыз күнгі жауған қардың реңіне қарап ырым етеді. Наурыз күнгі қар ерекше аппақ болады. Наурыз күнгі жауған қарды күремейді, сыпырмайды. Сыпырса, құрғақшылық болады деп ырымдайды.

7. Қазақ наурыз күні баласын ұрмайды, зекімейді, тек қана еркелетіп қана жүреді. Ұрса, зекісе бала меселі қайтады. Бала меселі қайтса, бақ байланады деп ырым етеді.

8. Қазақ наурыз күні ыдыс-аяғын салдырлатпайды, құт қазанда тұрады деп ырым етеді. Ыдыс аяқ салдырласа, құт үркеді деп сенеді.

9. Қазақ наурыз күні отқа сүйек тастап күйдірмейді. Олай етсе, ата-баба аруағы шамырқанады деп ырым етеді.

10. Қазақ наурыз күні үйіне қыдырып келген баланы құр қол шығармайды. Бала бақыт, бала бал, баламен бірге үйге бақыт кіреді, бала үйден өкпелеп шықса, бақыт баламен ілесіп кетіп қалады деп ырым етеді.

«Қазақы наурызнама» кітабынан алынды

Жалғасы бар…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: