Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мықты кадрларымыздың қадірін өзіміз кетіріп жүрміз-ау…

29.07.2021, 14:50 473 0

HALYQLINE.KZ

Көріп тұрып көрген жоқпын, біліп тұрып білмей қалдым деп айту қолымнан келмейді екен. Бірақ қазір көрмейтіндер мен білмей қалатындардың жолы болып тұр. Қоғамдық-саяси қызметте жүріп қоғамда болып жатқан ірілі-ұсақты жағымсыз жайттарға үндемей қалу, оны жөндеуге ықпал етпеу, не өз пікіріңді білдірмеу елдің аманатын арқалаған Парламент мүшесіне жараспайтын дүние сияқты болады да тұрады. Елдің мұң-мұқтажы, кем-кетігі әлі көп. Оны құлақпен ғана естіп емес, ел ішінде жүріп өз көзімізбен көріп жүрміз. Көп дүниені тез арада жөндеуге болады. Оны ең әуелі мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу мен сұрыптаудан бастау керек. Президентіміздің кадрлық резервке, мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын қатаң талаптары Орталық және жергілікті мемлекеттік органдарында өз дәрежесінде орындалып жатқан жоқ.

Жуырда облыстық жер қатынастары басқармасына бітірген мамандығының жерге мүлдем қатысы жоқ адам тағайындалыпты. Жер кадастры, рентасы мен «Жер кодексін» енді оқып үйренер, бірақ оның бәрібір негізгі базалық білімі жоқ ғой. Менің туған бауырым кезінде Одақтағы жалғыз жер мамандарын дайындайтын Москвадағы жерге орналастыру институтын бітірді. Ініммен бір жылдан аса бір үйде бірге тұрдық. Қақаған қыс, төбеңді шыжғыратын ыстық демей аяғына керзі етігін киіп алып, жер өлшейтін құралдарын арқалап, поле аралап кететін. Өз еңбегімен қарапайым инспектордан бастап, жерге қатысты департамент директоры, облыс әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді, қазір де жерге байланысты үлкен мекеменің басшысы қызметінде. Оны қаншама басқа ірі лауызымдық қызметке шақырды, рақмет айтып бармады, «мен жер саласының ғана маманымын ғой» деп жауап береді. Бұл, бәлкім, біздің отбасылық тәрбиеміз болар. Енді осы тағайындалған азаматтың жерден хабары бар деп айта алмаймын. Мамандығы көлік, көлік техникасы мен технологиясы сияқты, жерге үш қайнаса сорпасы қосылмайды екен. Жер мәселесі қоғамда үлкен дау-дамайға айналып тұрған кезде осы мәселені мемлекеттік тұрғыдан елге түсіндіріп бере алатындай арнайы оқу орнын бітірген жер маманы табылмай қалды дегенге сенбеймін. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген бабадан қалған сөз бар. Бұлай кете берсек, ертең денсаулық сақтау басқармасын теміржол инженері, білім басқармасын зоотехник, мәдениет саласын сантехник-инженер басқаруына таңғалмайтын боламыз.

Мен жас буынның қызметке келуін үнемі қолдап жүрген жанның бірімін. Бірақ оның өзіндік реті бар, мамандығының сәйкес болуы, тәжірибесі мен кәсібилігі, адами қасиеті, т.б. басты қағидат ретінде қарастырылу керек деп есептеймін. Өкінішке қарай, қабілеті болсын, болмасын қандай қызмет берсең де менің қолымнан барлығы келеді деген жас буынның өкілдері өсіп келе жатыр. Ертең біз қаласақ та, қаламасақ та осы буын билікке ие болады. Жас кадрларды тәрбиелеу, іріктеу, сұрыптау, тәжірибе жинату сияқты мәселелерді дұрыс жүргізе алдық па? Өркениетті Батыс елдеріндегідей кадрларды іріктеуді таза бәсекелестік ортада жүргіздік пе? Жауаптан сұрақ көп. Мықты кадрларымыздың қадірін өзіміз кетіріп жүрміз-ау деген ой маған маза бермейді…

Мұрат  БАҚТИЯРҰЛЫ,

сенатор.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: