Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мен саған есірткі жайлы айтып беремін

24.01.2022, 14:45 858

Қымбатты жас дос!

Қазіргі қоғамда белең алып келе жатқан күрмеуі қиын мәселердің бірі есірткі болып отыр. Есірткі десе елеңдеп, ақылынан адасқан жастарды көзбен көрмесек те, көк жәшік арқылы таныспыз. Есірткіге әуестенген адамның өмірі басқа арнаға бұрылып, торға түскен балықтай шырмауыққа шырмалары анық. «Бірінші байлық – денсаулық» демекші, ең алдымен, денсаулығымызды қадірлеп, өз-өзімізді құрметтеуіміз керек. Өмірдің мәнін, қызығын басқа жақтан іздеп, желіккен көңілмен жеңіл ойдың жетегінде кетіп, тажалдың қолына тағдырын байлап беріп жатқан жастарымыз еліктіргіш есірткі мен  көк түтінге оранған темекіге тәуелді болғаны жанымды ауыртады.

Есірткі – ажал апаны. Адамды бай,кедей немесе білімді, білімсіз деп жіктемей, құрығына ең әлсіз адамдарды түсіреді деп есептеймін. Көбі алғашқыда қызығушылықпен, еліктеушілікпен есірткінің дәмін татса, соңынан тәуелділікке ұшырап, жігер мен қайраттан айрылып, барын есірткіге салып, туғаны мен туысын, бауыры мен ата- анасын  ұмытып, ессіздікке ұшырайтын көрінеді. Бір өкініштісі есірткіге бой алдырған адамдардың мына тамаша, керемет өмірге қайта айналып соғуы кемде-кем. Сонымен қатар, есірткіні қолданған адамның денсаулығында қан айналымы мен түрлі түзілістердің жұмысы қиындап, адамның өмір жасы азаяды. Жүйке жүйесі, жүрек және бауыр қатты зардап шегеді.

Қадірлі достар, есірткіге елітіп,шырмауынан шыға алмай жүрген  жандардың жан дүниесіне үңіліп, шыңыраудың түбінде тұрған қаракөздерге қол созып, шырмаудан шығар жол көрсетейік. Қоғам болып күресіп жатқан аждаһаның арбауына түспейік, бауырлар! Біз кешегі өткен батырлар мен бағландардың, ерлердің, абыз аналар мен әруақты бабалардың ұрпағымыз, сол үшін де қанымыздағы қайсарлықты, жүректегі намысымызды жаншытпай, бойдағы жігерімізді жасытпай, қазақтық қанымызды таза сақтайық!

Есірткіге еліктеудің ақыры – ғұмырдың ғаламат ғажайыбын сезінуден алыстататынын естен шығармайық! Есірткінің құлы болудан аулақ бол, жас ұрпақ!

Ерлан БЕКМҰРАТОВ,

№40 Алма Қыраубаева атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы ,

Шиелі ауданы, 1 Мамыр ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: