Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мен саған есірткі жайлы айтып беремін

24.01.2022, 15:00 782

Аяулы адамзат, қадірменді жас дос!

Байқайсыздар ма, «Шырғалаң өмір», «Құс қанат ғұмыр», «Қамшының сабындай өмір» деп жатамыз… Осы бір ұғымды қалай түсінеміз, жалпы біз өз өмірімізді қаншалықты бағалаймыз, бізге өмір не береді, біз өмірге не береміз? Осы сұрақтарға бір сәт ой тоқтатып көрдік пе?!

Мына фәни жалғанда сан түрлі соқпақ жол, сан тарау тағдырлар бар. Өмір біреуге тәтті, ал біреулерге тым ащы сыйын тартуы мүмкін. Десек те, қандай сын сағатта болмасын өмір шырғалаңынан шыңырау құзға құлайтын емес, шыдамдылық танытып биік шыңға шығуды мақсат ете білуіміз керек деп ойлаймын.

Біз өмір сүріп жатқан қоғамның ащы көріністерінің бірі, жынысы мен жасына қарамай кейбір жандардың естен тандыратын есірткі деген есірікке үйір болып, бүкіл болмысынан айырылып жатқандықтары. Ей, замандас! Мен саған есірткі жайлы айтып берейін. Нашақорлық – қоғамды жайлаған қауіпті дерт. Оған құмарлық – жанның да, тәннің де құлдырауы. Есірткіге әуестеніп бойы мен ойын алдырғандар өзінің барлық адами қасиеттерінен ада болады, достарынан қол үзіп, отбасын жоғалтады. Өзіне және өз жақындарына бақытсыздық, орны толмас қайғы-қасірет әкеледі. Ең сорақысы, өзінің өлшеулі ғана өмірімен қош айтысады. Санасы уланған адам арын былғайды, жүректегі нұрын өшіреді, адами құндылықтың бәрін аттап өтіп, ақырында, қылмысқа қадам басады. Есірткі – бар жаныңды құл етеді!

О, жас өрен! Айналаңа қарашы! Мына өмір неткен ғажап! Осы өмірде өз арманымыз бен мақсаттарымызға қол жеткізейік! Білім алып, өзіміз армандаған оқу орнын бітіріп, маман иесі атанып, алақанына салып өсірген ата-анамыздың, ұлы Отанымыздың алдындағы перзенттік борышымызды өтеуіміз керек емес пе?! Пайдалы іспен айналысып, адал еңбек етуге ұмтылайық!

Өмірің өз қолыңда! Өміріңді жақсартатын да, жарқын болашаққа апаратын да, өзің екеніңді ұмытпа! Ойланалық, ой түйелік! Мен саған сенемін, жас дос!

Зарина ҚҰЛҚАСЫНОВА,

№40 А.Қыраубаева атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы,

Шиелі ауданы, 1 Мамыр ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: