Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекеттік тіл мерейін арттыру керек

07.06.2021, 16:28 422

Келелі кеңесті кемел ой, кестелі сөз айта білу үшін тілдің көркемдігі қажет. Біздің ана тіліміздің байлығы һәм көркемдігіне ешкім шүбә келтірмесі анық. Десе де, қазыналы тіліміз бар бола тұра, керек кезде күрмеліп, ана тілінде сөйлеудің орнына өзге тілдің сойылын соғып жүргендер де аз емес. Иә, тәуелсіздіктің туын тіккелі мемлекеттік тілдің мәртебесін біршама арттырып алдық. Көп жерге қазақша атау беріп, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп жатырмыз. Десе де, көптеген мамандар қазақ тілі күрделі кезеңді бастан кешуде деп санайды. Тіпті, еліміздің кей өңірлерінде қазақ тілі қолданыс аясынан шығып қалған деп жүргендер де жетеді. Осы тұрғыда, «мемлекеттік тілдің ахуалы қандай және Сыр топырағында тіл жағдайы қалай?» деген сұрақтарға жауап беруге тырыстық.

Әлеуметтік желідегі қазақ тілі

Жылдам уақыт зымырап өте берсе де, мән-маңызын жоғалтпайтын байлықтар болады. Талай қиын заманды бастан өткерген ана тіліміз – осы байлықтарымыздың бірі. Қазіргі таңда республиканың барлық өңірлерінде ана тілін оқытатын 99 мемлекеттік орталық жұмыс істейді. Онда оқыту тегін жүргізіледі. Бұл орталықтарда мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, жұмыссыздар, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер және ҚР-ға тұрақты тұруға көшкен азаматтар оқи алады. Курстар халықтың ересек топтарына қарастырылған. Осындайда «орталыққа барып, қазақ тілін үйреніп жүргендер бар ма?» деген сұрақ ойға келеді. Елімізде айғайлап айтқанның барлығы ақиқатқа айналып жатыр деп айту қиын. Кезекті «отчеттің» орнын толтырғыш құрал болмасын деп, оны да зерттеп көрдік. Нәтижесі көңіл қуантарлық. Орталыққа барып, қазақ тілін үйреніп жүргендер саны біз ойлағандай аз емес. Мәселен, бір ғана 2019 жылды алсақ, тілдерді оқыту орталықтарында 70 мыңнан аса адам қазақ тілі курстарынан өткен. Оқыту үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында көптеген орталықтар курстарды онлайн режимде қашықтықтан өткізеді екен. Мемлекеттік тілді өздігімен үйренгісі келетіндер үшін «Тіл-құрал» веб-сервисі құрылған, сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы осы сипатты 20 портал құрылып, жұмыс жалғастыруда.

Тілдің туын көтеру үшін көптеген іс-шаралар өтіп жүргеніне айтпаса да куә болып жүрміз. Десе де, мұндай шаралар карантинге байланысты тоқтап қалды. Осы орайда, «тіл үйренемін» дегендерге онлайн сабақтар да өтеді. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында құрылған «Tilalemi.kz» порталы, «Atau.kz» ономастикалық базасы, «Emle.kz» орфографиялық базасы, «Тermincom.kz» базасы, «Tilmedia.kz» үш тілді сайты, балаларға арналған «Balatili.kz», мемлекеттік тілді үйретуге арналған «Тіл-құрал» веб-сервисі және барлық сала құжаттарының қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген «Qujat.kz» сайттары жұмыс істеуде.

Интернет демекші, ғаламторды қазақшаландыру ең өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі балғындарымыз дәл осы әлемжеліден тәрбие алып жүр. Сол үшін де қазақша контентті дамытуға жұмыс істеу керек. Ана тілдің арына дақ түсірмейін дегендер арнайы ұйым ашып, тіл тазалығы үшін күресіп жүр. Мәселен, «qazaqgrammar» немесе «qazaqshajaz» ұйымдары әлеуметтік желіде белсенді және көптеген қызмет көрсету парақшаларын қазақшаландыруға ықпал етіп келеді. Интернеттегі қазақша контенттің дамуының арқасында мемлекеттік тілге деген сұраныс та мол. Сол үшін де мұндай ұйымдар қазір кез келгенге өз дегенін орындата алады.

Десе де, жоғарыда айтқандай кей өңірлерде мемлекеттік тіл жағдайы мүшкіл. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі мемлекеттік тілді орыс тіліне айырбастайды. Мамандардың айтуынша, қазақ тілі әдеби формасын жоғалтуда. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл өз қағидаларынан жұрдай болу қатері туындап, өзге тілдің жүйесін негіз етуге мәжбүр. Сондықтан да, қазақ тіліндегі ресми сөз орамдары түсініксіз, жалаң аудармамен жауап беретін қасаң мәтін ретінде қолданылады. Осыдан барып, қазақ тілінің ресми саласы дамымай, тұтынушыларына керексіз, аудармалық статистика үшін жансыз болып қалуда. Оған қоса, грамматикалық ережелер тұрақсыз, дәйексіз, екіұшты және қайшылықты болып тұр. Бұл фактілер тілдің одан әрі дамуына кедергі келтіріп тұрғаны анық.

Өңіріміздегі мемлекеттік тіл ахуалы…

Мемлекеттік тілдің мәртебесіне келгенде Сыр елінің ұпайы түгел. Мұнда ана тіл екінші орынға түсіп қалуы мүмкін деген қорқыныш жоқ. Аймағымыздан қоныс тепкен өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін жақсы меңгеріп алғанын көзбен көріп жүрміз. Дегенмен, бұл босаңсып қалуға себеп емес. Туған тілін тұғырға шығару үшін мемлекеттік тілді насихаттауды тоқтатпау керек. Ашық дереккөздерге сүйенсек, өңірімізде өткен жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 82 млн теңге қаржы бөлінген. Дәл осы бағытта тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда. Есепті мерзімде тіл орталығы арқылы барлығы 1103 адам білім алған.

Сондай-ақ, балабақшадан бастап бүкіл мекемелерде арнайы шаралар өтіп, жергілікті БАҚ-та интеллектуалдық телеойындар мен халық арасында жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерін жұмыстары жүріп жатыр.

Тіл үшін күрес тоқтамау керек, сонда ғана мемлекеттік тіліміз кең байтақ даланың әр бұрышында естілетін болады. Озық методикалар мен тіл ғылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, шет аумақтарда білім деңгейін жоғартқан дұрыс.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: