Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет және қоғам қайраткерінің атына көше берілді

31.08.2022, 9:45 367

HALYQLINE.KZ Шиелі ауданында мемлекет және қоғам қайраткері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Жарылқасын Тұрабаевтың атына көше берілді.

Көшенің ашылу салтанатына аудан әкімі Нұржан Ахатов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, Мемлекет және қоғам қайраткерлері А.Божанова және Қ.Баймаханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмайл, ағайындардың атынан М.Ахметов сөз сөйлеп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар азаматтың ғибратты ғұмыры мен өнегелі істерінен сыр шертті.

– Жарылқасын Тұрабайұлының еңбек еткен жылдары мен ауданға басшылық жасаған 5 жылы ауданның әлеуметтік дамуы мен мәдениетіне елеулі өзгерістер әкелді. «Тартоғай», «Сұлутөбе» ауылдық округтері аудан құрамына енді. «Оқшы ата» мазаратындағы әулиелер кешені жаңартылып, Бала биге кесене тұрғызылды. Академик Шахмардан Есенов есімімен «Көкшоқыдағы» орталық көше аталып, көше басына оның мүсіні орнатылды. Бірнеше құрылысы тоқтап қалған мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Зәулім мешіт үйі, Мұстафа Шоқай мүсіні, су бұрқақтары мен көше көркі, басқа да атқарылған сан түрлі жұмыстар халық көкейінен шыққан игілікті істер болды. Жарылқасын ағамыздың биік адамгершілігі, өз ісіне берілгендігі, қандай бір істі атқарғанда оны аяғына дейін сапалы аяқтауы, биік жауапкершілігі, адамға деген мейірбандылығы, әріптестері мен жүрген ортасына қарапайымдылығы, жайсаң мінезі бүгінгі елдің аузында. Бүгін міне арда азаматқа құрмет көрсетіп, есімін ұлықтау мақсатында Шиелі кентінің, Арай мөлтек ауданынан Тұрабаев Жарылқасын Тұрабайұлының атымен бір көшені атағалы тұрмыз, – деді аудан басшысы.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Жарылқасын Тұрабаевтың өнегеге толы өмірі мен қажыр-қайратының, Сыр елінің, оның ішінде Шиелі ауданының өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесінің құрметіне бір көшенің аты берілуі, өскелең ұрпақ пен болашақтың еншісіне қалдырылған мәңгілік мұра болып қалары анық.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: