Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралда аймақтық ақындар айтысы өтуде

03.05.2025, 19:03 151

Бүгін Арал ауданының орталығындағы Зейнолла Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты аймақтық ақындар айтысы өтуде. Бұл – Сыр бойында бейбітшілік пен бірлікке үндеген жыр мерекесі ғана емес, өткеннің өнегесін ұрпақ санасына сіңіретін тағылымды рухани шара.

Айтыстың басты мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ халқының жанқияр ерлігін, елдік пен ерлік жолында құрбан болған боздақтардың рухын дәріптеу, отансүйгіштік пен тарихи кезеңді жыр арқылы жаңғырту.

«Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты аймақтық ақындар айтысына еліміздің әр өңірінен және көршілес Қырғызстаннан суырыпсалма өнердің жүйріктері жиналды. Олардың қатарында:
• Алтынкүл Қасымбекова (Жамбыл облысы),
• Нұрзат Қару (Алматы қаласы),
• Жансая Мусина (Батыс Қазақстан облысы),
• Мейіржан Жақыпов (Шымкент қаласы),
• Эсенбек Кийизбаев (Қырғызстан, Қаракөл қаласы),
• Мұхтар Ниязов (Қызылорда қаласы),
• Ерасыл Бәйментаев (Сырдария ауданы),
• Бекзат Серіков (Қазалы ауданы),
• Ержеңіс Әбдиев пен Бексұлтан Орынбасар(Арал ауданы).

Олар айтыс сахнасында Ұлы Жеңіс тақырыбын кеңінен қамтып, майдан мен тылдың ауыртпалығы, аналардың төзімі, боздақтардың ерлігі, халықтың бірлігі мен қазіргі тәуелсіздік жолындағы жетістіктерді жырға қосуда.

Айтысқа төрелік етіп отырған қазылар алқасының құрамы – әдебиет пен өнер саласында сүбелі еңбек етіп жүрген, сөз өнерінің білгірлері:
• Серік Негимов – кеңестік және қазақ әдебиетінің дара ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,қазылар алқасының төрағасы;
• Бауыржан Бабажанұлы – ақын, журналист, «Түркістан» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының директоры;
• Қайырбек Кемеңгер – танымал қаламгер, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры;
• Айбек Тәңірбергенов – республикалық байқаулардың лауреаты, жыршы, ақын;
• Айдар Сайлауов – ақын, «Толқын» газетінің бас редакторы.

Айтыстың жүргізушісі – белгілі ақын, «Серпер» сыйлығының иегері, Халықаралық айтыс ақындарымен жыршы-термешілер одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрмат Мансұр.

Бұл айтыс – жай ғана өнер жарысы емес. Бұл – сөз арқылы ұрпақ санасына өнеге беру, елдік пен ерліктің шежіресін өлеңмен өрнектеу. Жыр додасы барысында майдан даласының зары мен аналардың үміті, жетімнің мұңы мен жесірдің көз жасы – бәрі де ақындар жырынан көрініс табуда.

Айтыс соңында жеңімпаздар марапатталып, барлық қатысушылар мен қолдаушыларға «Алғыс» хаттар табысталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: