Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күйеуге шығу қанша тұрады?

16.09.2021, 12:30 182

Базар аралауға жиі уақытымыз болмаса да, ғаламтор қарауға уақыт табамыз. Қазір интернетте жарқ-жұрқ еткен жарнама көп қой. Қарамай өтіп кетейін десең, болмайды. Қайта-қайта алдыңнан жылтыңдап көріне береді. Сондай жарқылдақ  жарнаманың бірі алдымнан атып шықты. Қарасам, «қыздарды күйеуге шығарып беремін» деп жазыпты. Өзім тұрмыстағы келіншек болсам да, сол бір жарнаманың төменгі жағындағы «подробнее» деген тетікті басқым келіп кетті. Өйткені жарнаманың тақырыбы қызық. «Сонда бұлар қыздарды қалай күйеуге шығарып жібереді екен?» деген жалаң ой жылп ете қалды. Рас қой. Оның да бір техникасы бар болып тұр ғой. Әйтпесе қыз біткеннің бәрі біз құсап 30-ға дейін жалғыздан-жалғыз жүрмес еді ғой. (Әзіл). «Подробнеені» баспай кету күнә деп ойладым ба, білмеймін, әйтеуір мені белгісіз бір нөмірдегі «WhatsApp» желісіне  қосты.

«Сәлеметсіз бе?» деп сызылған бір қыз әңгіме бастады. Амандық-саулық сұраған соң тұрғылықты мекенжайым мен жасымды сұрап, өздері уәде еткен «Жігітпен жақсы қарым-қатын­ас құрудың 4 қадамы» деген чек-листін жіберді. Оны оқып едім, аса бір маңызды ақпарат көре алмадым. Содан соң «кешкі сағат 9-да болатын Пәленше Түгеншеевтің тегін вебинарына қатысыңыз, өзіңізге көп ақпарат аласыз» деді.  «Жарайды» деп иек қақтым мен де.

Жұмыстан үйге келген соң тіршілік бітпейді ғой. Кішкентай бала, күйеу, атам мен енемнің жағдайын жасап жүргенде кешкі сағат 9-дан асып кетті. Әлгіндегі вебинардың уақыты өтіп кеткен екен, өздері жіберген сілтемеге өтсем, вебинарлары біте қоймапты. Ортасынан қосылдым. Кірсем, топырлаған қыздар. Ал сөйлеп, тренинг жүргізіп тұрған – ер бала. (!) Қара­ңыз, ер бала қыздарды жинап алып, күйеу­ге тигізіп жіберудің алғышарттарын үйретіп жатыр. Мына әлем бізді таңғалдырудан жалықпайды, ә! Вебинарға қатысып, астына комментарий қалдырып жатқан қыздардың барлығы расында бойдақ қыздар ма екен, әлде мен секілді қызық үшін кіріп көргендер ме екен, білмедім. Содан не айтады екен деп, әлгі жігітті  тыңдадым.

«Бақсам, бақа екен» дейтін еді. Бар ұққаным, қазір қыз бен жігіт бір-бірімен дұрыс қары­м-қатынас құра алмайды екен. Сол себеп­тен елімізде бойдақ жігіттер мен кәрі қыздар көбейіп бара жатқанға ұқсайды. «Пәлен жыл осы тақырыпты зерттедім, осы салада эксперт­пін, коучпын, практикпін, маған сенуіңізге бола­ды, үйтем-бүйтем» деп-ақ қыздардың күйеуге тиіп кететін үмітін оятып алады да, ең соңында өзінің авторлық ақылы курсын ұсынады.

Курстың құны 70 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін барады. Әртүрлі пакеттер дайын­дап қойған. «Мына пакетті алсаңыз, өзіңіз біз ұсынған техникаларды қолданасыз, бірақ куратор сізді қадағаламайды, өзіңіз оқисыз. Мына пакет пәлен мың теңге, онда куратор қадағалап отырады, нәтижесімен бөлісіп отыра­сыз. Ал мынадай «VIP пакет» бар, оны тікелей өзім оқытамын, өзім қадағалап отырамын» деді. «VIP пакетінің» бағасынан адам шошиды. 300 мың теңге беріп, жігітпен қарым-қатынас жасаудың техникасын үйренуге болады екен. Басқасын қайдам, оған менің 3 айлық жалақым да жетпейді екен. Осылайша әлгіміз 20 шақты қызды күйеуге тигізіп, бағын ашып жіберіпті. Және олардың айтқан алғыстарын қатысушыларға дәлел ретінде көрсетіп, тіпті оқып берді. «Пәленше Түгеншеев мырза, сіздің курсыңыз­ға қатысып, мен жігіт таптым. Онымен көп күттірмей үйлендік. Бұйырса, тойымыз бол­ғалы  жатыр» деген мазмұнда хаттар келіп түсіп жатқанға  ұсқайды.

Хош. Тренер курс пакеттерінің бағаларын айтуы мұң екен, комментарийде әлгі курстарды «мен алам да мен аламға» салып қыз біткеннің бәрі шуласты. Таңғалдым. Оң босағада отырып қалған қыздар сонша ақшаға курс оқуға мәжбүр болып отыр сонда. «Қой мына жерде мен неғып отырмын?» деп, вебинарынан шығып кеттім.

Мүмкін олар үшін бұл қайырлы іс болар. Мүмкін оң босағада отырып қалған қаракөздердің бір-бір шаңырақтың келіні болуға сеп болып отырған шығар. Дегенмен, осынша ақшаға қыздардың қалтасын қағу қалай болар екен деген ой келді. Қазір біздің қоғам жеңіл-желпі нәрселерге тым үйірсек болып бара­ды. Оңай ақша, оңай жол, барлық нәрсенің оңай келгенін қалайды. Күйеуге де оңай тиіп кететін шығар, бірақ оның жауапкершілігі де салмақты. 300 мың теңге беріп күйеуге шығып, 3 күннен кейін ажырасып жатса, оны кімнен көреді? Әлгі тренер кінәлі ме? Бір нәрсеге бас қоймас бұрын, ой салмағына да кезек беріп  қойған  дұрыс-ау.

Бейресми мәліметтерге сенсек, елімізде жасы 25-тен жоғары бойдақтар саны  3 мил­лион екен. 14-тен 29 жасқа дейінгілер 4 миллион 616 мың адамды құрайды. Оның ішінде 2 миллион 337 мыңы – ер балалар, 2 миллион 279 мыңы – қыздар. Қазақстан­дағы нәзік жандылардың 28,2 пайызы, ал ер-аза­маттардың 39,6 пайызы – бойдақ. Орташа есеппен қыз балалар 24 жасында тұрмыс құрса, ер-азам­аттар 27-28 жасында үйленеді. Қазір елімізде 500 мыңнан астам сүрбойдақ һәм кәрі қыз бар. Ал 21-29 жас аралығындағы жастардың, яғни жас отбасылардың  85 пайызы үй-күйсіз жүр.

Қазақ қызды қырық үйден тыйып өсірген. «Қыз – қонақ, жатжұрттық» деп сыйлаған, төрге шығарған. Содан болар қазақ қызында ұяңдық басым. Бұл оның болашақ жар таңдау­ға келгенде де кедергі келтіруі мүмкін. Өз ойын дөп басып жеткізе алмау да кезегі келгенде оңай шаруа емес. Алайда қыздардың «осал жері осы екен» деп адам ойына келмейтін ақшаға ақылы курс сату миға сыймайды. Дұрыс, тәжірибемен бөлісу, қыз баласына болашақ жар таңдауда бағыт-бағдар беру қайырлы, бірақ қолжетімді баға болса, жөн-ақ. Осыған дейін біздің әжелеріміз, аналарымыз бен апаларымыз курсқа қатыспай-ақ күйеуге шыққан. Курссыз-ақ ер жігітпен ортақ тіл табыса білген. Бұйрығы келсе, қыз біткеннің бәрі бір-бір ер жігітке лайықты жар бола алады. Тек оңтайлы  уақыты  жету  керек.

Әйгерім  НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: