Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Коронавирустан жазылып шыққан қызылордалықтың жазбасы

20.04.2020, 10:11 999

HALYQLINE.KZ –|  Әлеуметтік желіде коронавирустан жазылып шыққан жанның жазбасы жарияланды да, артынша ғайып болды. Қызылорда тұрғыны коронавирустан қалай жазылып шыққанын, дәрігерлерге деген алғысын жазба арқылы білдіріп, есімін ашықтан-ашық жариялапты. Бүгін сол жазбаның мәтінін Өңірлік коммуникациялар қызметі (Қызылорда) парақшасы салыпты. Індетті жеңген қызылордалықтың есімі құпия.

– Мен коронавирус індетінен жазылып шыққан Қызылорда қаласының тұрғынымын. Осы аурумен күресуге көмектескен және емдеп шығарған Қызылорда қаласының жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіргім келеді. Бүгін үйге келгенімізге екі күн болады. Көңіл-күйіміз бен денсаулығымыз жақсы. Осыдан 15 күн бұрын ауруханаға түскенде өте қатты үрейде болғанымызды жасырмаймын. Сол сәтте қасымызға келген дәрігерлер дәрі-дәрмекті беріп, кетіп қала салмай, жанымыздан табылып, түскен көңілімізді көтеріп, психологиялық қолдау көрсетті. Дәрігерлер бізбен бірге уайымдап, бізбен бірге тағатсыздана зерттеу нәтижелерін күтті. Онымен қоса дәрігерлер палатаға «Біз біргеміз, біз жеңеміз!» деп ұрандап кіргенде дәрігерлердің дауысынан еңсеміз кәдімгідей көтерілетін. Шын айтамын, сырт көзге ыңғайсыз көрінгенімен төрт қабырғада қамалып, еңсесі езілген науқастарға бұл үлкен демеу беріп, жігер сыйлайды екен. Ақ халатты абзал жандар мені ғана емес әкем мен анамды, тәтелерім мен інімді емдеп шықты. Сонымен қатар, менің 87 жастағы әжемді қосалқы сырқаттарына қарамастан, аты жаман аурудан айықтырып шығарды. Бұл – біздің дәрігерлеріміздің кәсібилігін көрсетеді емес пе?! Осы тұста қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігеріне, бас дәрігерінің орынбасары Алмаханова Мира Аябековнаға, емдеуші дәрігерлер Оспанова Гульнар Аманжоловна мен Жукешев Қанат Талғатовичке сонымен қатар орта буын қызметкерлеріне де ерекше алғысымды білдіремін. Құрметті дәрігерлер, сіздерге отбасымыздың атынан әлемдегі бар жақсылықты тілейміз. Тез-тез аты жаман вирусты жеңіп, аман-есен отбасыларыңыздың қасына қосылуды Алла нәсіп етсін. Алла сіздерге мықты денсаулық пен имунитет берсін. Алдарыңызға келген науқастар сауығып кете берсін. Өмірлеріңізде қуанышты сәттер көп болғай.

Пікірлер:
  • Ауруынан жазылған жанға тілекшіміз,бұл кісінің жазбасы дәріден бұрын дәрігердің жылы сөзінің құдіреттілігін тағы да болса бір дәлелдеп отыр.Айналайын дәрігерлер сіздерге бар адамзат баласы үмітпен қарап отыр.Науқастарға жылы қабақ танытып,жылы сөздеріңізді аямаңыздар деп тілек айтқым келеді.

Рыскелді Жахман үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: