Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Коронавирусқа 1 жыл: наконец-то, 42500, whatsapp…

12.03.2021, 9:15 572

HALYQLINE.KZ

Бүгін, 11 наурызда ДДСҰ (ВОЗ) коронавирусты пандемия деп жариялағанына тұп-тура 1 жыл. Бір жыл осындағы әр адамның өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Біреуіміз жұмыстан, енді біріміз жақынымыздан айырылып қалдық. Әлем өзгерді. Онлайн жұмысқа да үйрендік, күліп-қалжыңдасып, ашық-жарқын оффлайн негіздегі кездесудің, қызметтің маңызын түсіндік. Бір жұтым ауаның алтыннан қымбат екенін алқымды вирус қысқанда барып бір-ақ ұқтық. Ажал адамның статусына қарамастан бірдей аларын сездік, досты, туысты, бауырды бағалауды, жаныңа жақын жандар үшін жауапкершілікті сезінуді білдік. Бір жыл бізге бір ғасырлық тәлім берді. Бір жыл ішінде қалай өзгердік?

1. Әлем экономикасы үлкен соққы алды. Пандемия туындатқан экономикалық дағдарыстың қашан аяқталары белгісіз. Бұл – сарапшылардың айтуы бойынша екінші жаһандық соғыстан кейін ең ірі дағдарыс. Ресми дерек бойынша әлемде 520 млн адам жұмысынан қағылған немесе уақытша жұмыссыз қалған. Бір ғана Қазақстанның өзінде Ұлттық қордан бірнеше млрд доллар вируспен күресуге, экономиканы қолдауға, бизнес секторды демеуге жұмсалды. Жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 8 есе артқан. Бұл 42500 түріндегі көмекті алу мақсатында жасалуы мүмкін, дей тұра вирустың салдарынан мейрамханалар, кафелер, кинотеатрлар, парктер жабылды. Жүз мыңдаған адам расымен жұмыссыз қалды. Біраз мейрамхана қайта ашылуы екіталай.

2. Қазақстанда бірнеше сала бойынша орасан зор кемшіліктер бары анықталды. Ол тек қана денсаулық сақтау саласы ғана емес, сонымен қатар транзит, логистика, білім беру, бизнесті қолдау, электронды үкімет жүйесі мен жеткізу салалары. Коронавирус білім саласына күтпеген соққы жасады. Білім саласы онлайн немесе қашықтан оқуға көшірілді. Нағыз қызық осы кезде басталды. Қазақ билігі елдегі кедей топтың қаншалықты көп екеніне нақ осы сәтте көзі жетті. Себебі көптеген отбасы балаларын қажетті гаджеттермен (планшет, ұялы телефон, ноутбук) және интернетпен қамтамасыз ете алмады. Тіпті Тараз қаласында планшетке бола қарындасын өлтіріп тастаған қайғылы жағдай да тіркелді. Бұның барлығы елдегі әлеуметтік жағдайдың шынайы көрсеткіші болатын. Ал интернет жылдамдығы тіпті бөлек ән, бөлек жыр. Ресми статистика бойынша Қазақстан әлемде интернет жылдамдығынан 103-орында тұр. Балалар интернет жылдамдығының нашарлығынан, кей ауылда тіпті интернеттің жоқтығынан аты бар да, заты жоқ білім алуға көшті. 18 млн халықты сапалы интернетпен толық қамтамасыз ете алмау ұят енді. Бір ғана қуанарлық дүние, ата-аналар алдында мұғалімдердің статусы өсті. Бір күн емес, бір жыл баласы үйде отырғандай сұр сұйықтықтарының ашып кеткені соншалық. түрлі әзілдерге арқау болды. Не болса да енді бізде мектеп бітіру кеші болмаған, whatsappта оқыған буын бар. Айтпақшы бірінші сыныпқа мектепке бармай үйден оқып жатқандар мен ЖОО-ға бармай балмұздақ болғандар да жетерлік. Кейін «Үйден оқыған балмұздақ» атты кітап шығатын шығар.

Интернет демекші, арнайы атаулы 42500-ді беру сәтінде үш бірдей мемлекеттік сайт (егов, телеграм бот және енбек.кз) бірнеше күн бойы нагрузкаға шыдамағаны да естен кетпес ұзақ әңгіме.

3. Туризм саласы әлем бойынша жойқын соққы алды. Бұл саланың шығыны 1,2 трлн доллар дейді. Бұл әлі де арта түседі. Туристік компаниялардың біразы жабылып қалды, ал дағдарыс сәтінде тығырықтан жол табуға тырысқандар ішкі нарыққа бағытталып, Алакөл, Балқаш сынды су айдындарына турлар сата бастады. Оның өзі бір ай ғана, тамыз айында болды. Дегенмен әлем туризмі құлдыраса да, бұл ішкі туризмді дамытуға импульс болатын дүние деп санаймын өз басым. Тек соны пайдалана білу керек. Жалпы, табиғатқа шығу, таза ауада серуендеудің маңыздылығы халық үшін артқаны анық. Әсіресе тауда серуендеп, суға шомылудың демалыс екенін, ал демалуға барып, тек қана шопинг жасаудың сәл болса да қате екенін түсіне бастадық-ау.

4. Коронавируста белгілі болып қалдық. Тіпті 100 теңгелік парацетaмол мен 30 теңгелік маска шығарудан артта қалыппыз. Бір ай бойы қарапайым осы заттарды таппай, сенделіп, шарқ ұрдық. «Біз үшін күтпеген жағдай» деп ақталсақ та, мемлекет өзі үшін барлық сценарийлерге дайын болуы керек қой. «Жер сілкінісі, соғыс, өрт, су басу, қуаңшылық, эпидемия, санкцияға ұшырау және басқа қауіптердің барлығы болса, қалай әрекет етеміз?» деген жоспар болуы қажет. Біздің елде ол жоспар болды ма, ол жағын білмеймін. Бірақ болса, ол жоспарымыз іске аспай қалды. Мысалы, оңтүстік диқандары мен бағбандары пандемиядан үлкен зардап шекті. Көкөністерді қайда сатарын білмеді, ал мемлекет ол жағдайды қалай шешу керектігін, жеткізуді қалай іске асырарын таппады. Биыл мұндай жағдай болмайды деген үміттемін.

5. Халық арасында түрлі алыпқашпа әңгіме өрбіді. Біреуі вирусты жоқ деді, енді бірі әдейі таратуда деді, үшінші топ төбеден ұшақпен сеуіп жүр деді. Бұл тұрғыдан халықты кінәлай алмаймын. Ұзақ жылдар бойын ресми ақпарат біздің елімізде кешігіп шығады. Ол қауіпті. Шындық қозғалам дегенше, өтірік жерді бір айналып шығады деген сөз бар. Білдей бір ақпарат министрлігі бола тұра, ақпараттың кешігіп шығуы, оқиға орнынан (бұл жағдайда ауруханалардан, вируспен емдеу орталықтарынан) тікелей эфирдің тым аз болуы да халықты басқа мәліметке сенуге итермелейді ғой. Бір жыл өткеннен кейін барып вирустың барлығына, оның қауіп деңгейіне, одан сақтану қажеттігіне шүбә келтірмейтіндер саны шамамен 80-90%-ға жетті-ау. Шілде мен тамызда қырылып түссек те, сенбейтіндер әлі де бар. Өз еріктері. Демократия ғой)

6. Біреуге жабылған есік, енді біреуге ашылып жатады. Пандемия жеткізу қызметінің сапасын да, мәртебесін де арттырды. Үйге тамақ алдырту, шаштараз қызметін үйге шақыру бұл салалардың маңыздылығын көрсетті. Онлайн форматқа бейімделіп үлгерген оқыту курстары тұтынушылар санын еселеп арттырса, оффлайн форматынан онлайнға баяу өткендер я мүлде өтпегендер көштен қалып қойды. Бұл адамзаттың өзгерістер толқынында бірге жүру керектігін көрсетті, әсіресе біз сияқты өндіруші емес, тек тұтынушы болып қалған қоғам үшін, ертеңгі болашаққа қалай кіреміз деген сұрақтың өзектілігін аңғартты. Өйткені біз өзгерістерге тым баяу келетін қоғамбыз ғой.

7. Вакцина жасау әлем елдері үшін басты міндеттің бірі болуда. Бұл тек адам денсаулығы үшін емес, саяси ықпал ету құралына да айналды. Қазақстан да Qazcovid-in атты вакцина шығарды. Қазір әлемде вакцина егу бойынша көш бастап тұрған ел – Израиль. Ерте ме, кеш па көпшілік вакцина қабылдайды. «Пандемия әлем халқының 75% вакцина алған сәтте ғана аяқталуы мүмкін» деген болжамға сенсек, қабылдауға мәжбүрміз.

Қазір Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 270 мың, көз жұмғандар саны 3190 адамға жетті. Бұл – коронавирустық демікпе (пневмония) қоса алғандағы көрсеткіш.

ПыСы: Бекшин былтыр осы уақытта «наконец-то вирус келді» деп еді. Енді мен Бекшиннің «наконец-то вирус кетті» деген сөзін күтіп жүрмін.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: