Фото: Ақорда
Қызылорда облысында екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің есімін көшелерге беру жұмысы арнайы алгоритмге сәйкес атқарылып жатыр. Бұл туралы облыстық Қоғамдық даму басқармасынан хабарлады, деп жазады halyqline.kz тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап.
Қаһарман қазақстандықтардың есімін ұлықтау Жеңістің 80 жылдығына дайындық жоспарында қамтылған. Мәдениет және ақпарат министрлігіне берілген ұсыныста бір немесе одан көп ордені бар ардагерлер ескерілді.
«Әрбір кент, ауылдық округ, қала, аудан әкімдіктеріне осы бағытта түскен арыздар сарапталып, критерийге сәйкес тізім жасалды. Құжаттар жинақталды. Сондай-ақ архивтер мен қорғаныс басқармаларынан анықтамалар алынды», – деді басқарма басшысы Руслан Қаюпов.
Еліміз бойынша 502 соғыс ардагерінің есімін ұлықтауға рұқсат берілсе, соның 146-сы, яғни 30%-ға жуығы – қызылордалық.
«Мемлекет басшысының ономастика саласын орталықтандыру тапсырмасына сәйкес бірқатар заңнамаға өзгеріс енгізілгені белгілі. Соған байланысты аудандық маңызы бар Арал және Қазалы қалаларының көшелеріне атау беру туралы ұсыныстар алдымен облыстық ономастика комиссиясында қаралады. Сосын республикалық ономастика комиссиясының келісімін алу үшін жолданады. Ұсыныстар тиісті ономастика комиссияларында қаралып, қорытынды берілгесін шешім жобалары жергілікті басылымдарда, әкімдіктердің интернет-ресурстарында жарияланады», – деді Руслан Қаюпов.
Өңірде көшеге атау беру жұмысы бекітілген әдістемелер мен жол карталарына сәйкес жүргізіліп жатыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!