Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еліміздегі ерекше есімдер

25.05.2022, 15:45 9431

 HALYQLINE.KZ Ежелден келе жатқан халықтық дәстүрлердің бірі – өмір табалдырығынан енді ғана аттаған нәрестеге мағыналы ат қою. Адам есімі себепсіз қойыла салмайды. Онда ұлтымыздың әр кезеңдегі тарихы, мәдениеті мен әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі көрінеді.

Балаға ат қою мен аты-жөнінің дұрыс жазылуына мемлекет тарапынан да көңіл бөлініп келеді. Үкімет жанынан құрылған Мемлекеттік онамастика комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін реттеудің Тұжырымдамасын» қабылдады. «Кісі аттары қанша жеке-дара сөздерден, компоненттерден тұрмасын, барлық жағдайда біртұтас атау ретінде аражігі бөлінбей, біріктіріліп жазылатын болсын (Әбілқасым (Әбіл-Қасым емес), Сейдахмет (Сейіт-Ахмет емес)» деп көрсетті.

Еліміз егемендікке жеткелі сөздік қорымыз да молайып, жаңа сөздер мен терминдерге толды. Соның нәтижесінде сәбилерге мән-мағыналары айқын, айшықты да жарасымды, ерекше есімдер қойылып келеді.

Статистика комитеті республика бойынша сирек кездесетін есімдерді жариялады.

Көп қайталанбайтын ұлға қойылған есімдер: Нұршашқан, Теңіз, Байпатша, Лазарь, Сақтар, Елсүйер, Арқау, Таңсұлтан, Ақихат, Елтұлға, Бақислам.

Қызға қойылған сирек кездесетін есімдер: Сәтті, Аксиния, Таңсамалы, Ақжүзік, Полинария, Шарият, Тәслима, Ангела, Жұмақыз, Ақшырақ, т.б.

ҚР Ұлттық статистика бюросы ұсынған 2021 жылғы танымал ер балалардың есімдері: Алихан, Айсұлтан, Алдияр, Мансұр, Арлан, Омар, Алан, Ерасыл, Ислам, т.б.

Қыз бала есімдері: Асылым, Медина, Айлин, Томирис, Аяла, Айша, Мариям, Айару, Сафия, Айзере. 2016 жылдан бері статистикалық мәлімет бойынша осы есімдер қатары әлі де көш бастап тұр.

 Тәуелсіздік мерекесіне орай статистика бюросы еліміздегі ерекше есімдерді хабарлаған болатын. Олар: Қазақстан, Егемен, Тәуелсіздік, Елбасы, Ата заң. Бұл есімдер егеменді еліміздің құрметіне қойылғаны анық.

 Ұлт зиялыларындай ұлтына қызмет етсін деп қойылған есіммен кішкентай Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхандар өсіп келеді. Ұлы ақын Абайдың есімі де ел аузынан кеткен емес.

 Ұлттық статистика бюросының баспасөз хатшысы хабар арнасына берген сұхбатында «Ерекше есімдерге тоқтала кететін болсақ, бізде, Қазақстанда Нұрпатшайым, Сұлтан-Бейбарыс, Тәттім, Таңғажайып деген есімдер берілген» деген болатын. Сонымен бірге, ерекше есімдер қатарына Құдірет, Ізқұтты, Нұрәдеп, Ақмамық, Ақкөгершін, Ақтаңым, Падишах, т.б. кіреді.

Аты-жөн – тарих. Тарихи оқиғаларға, қоғамдық құбылыстарға байланысты есім қойылатынын ескерсек, туған тіліміздің тазалығы, қолдану аясы, сауатты жазылуына ерекше мән бергеніміз жөн. Тарихпен бірге тұлғаның есімі қатар жүреді. «Қазақ есімдерінің анықтамалығы» кітабында «Аты-жөнімізді орысша жазуда бастапқы өң, түр-тұлғасынан алшақтап, қатты өзгеріске түсіп, адам танымайтын күйге түскен жайттар көп-ақ. Мәселен, Қосмұрзин-ді – Кашмурзин, Қосжановты – Кошанов, Қосыбаев – Касубаев, т.б. Кейбір қазақ азаматтары тектерінің бұрмаланғаны соншалықты, мағынасы мүлдем өзгеріп кеткен. Мысалы: Кашей Жайнагуль, Хомпыш Ардабек, Эчвай Гулайым, т.б.» Мұндай бұрмалаушылық тіліміздегі өрескел қателікті көрсетіп қоймай, тіл тазалығына сызат түскенін білдіреді.

Балаға ат қоярда барынша ойланып қойған дұрыс деп  ойлаймын. Себебі, көп жағдайда баланың болашағына әсер етеді. Баланың өз ортасында қойылған атына байланысты қысылулары да болып тұрады. Мысалға ер баласына: Аққу, Шаттық, Айхан, Шахизада деген есімдер қойылып жатады. Айхан атын естігенде көп адамдар бейхабар сезімде болады.

Балаға есім қоюда ұлттық дүниетанымға сай, мән-мағынасы бар,  жарасымдысын таңдап, тіл сауаттылығына баса мән бергеніміз абзал. Ат қою үнемі жаңарып, жанданып отыратын құбылыс болса да, рухани құндылығымыз бен ұлттық дүниетанымымыз сақталса құба-құп.

Дильназ ТЕМІРҒАЛИ,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың 2-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: