Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жеңіл өнеркәсіпке жан бітпей тұр

20.01.2022, 12:00 540

Бүгінде «бәлду-бәлду бәрі өтірік» дегендей, Қызылорда өткен ғасырда жеңіл өнеркәсібі өркендеген өңірдің бірегейі болды. Еркін Әуелбековтің басшылығы кезінде Қызылорда облысында «Ісмер» тігін және тоқылмайтын маталар фабрикалары қарқынды жұмыс атқарды. Одан беріде 1943 жылы Мәскеу қаласынан көшірілген аяқкиім саласының флагманы «Париж коммунасы» фабрикасының жабдықтары негізінде құрылған Қызылорда аяқкиім фабрикасының өзі өңір өнеркәсібі тарихында ойып орын алады.  Фабрика  тарихында  2,5 миллионнан астам аяқкиім шығарған. Жұмыссыздық тақырыбы сол баяғыдан бар. Сол жылдары да  екі қолға бір күрек таба алмай отырғандарға аяқкиім фабрикасы кәдімгідей құт болған. Бір қызығы, жұмысшылардың 90 пайызын әйелдер құрапты.

Бәрін айт та, бірін айт, қазір жеңіл өнеркәсіп саласы елімізде анау айтқандай жоғары деңгейде дамымаса да, әйтеуір көштің жібін жалғап келе жатқан жайы бар. Азық-түлік тауарларынан кейін осы саланың өнімдері сұраныста. Дүниежүзінде көптеген мемлекет жеңіл өнеркәсіпті дамытудың даңғыл жолына әлдеқашан кірісіп кеткен. Мәселен, жеңіл өнеркәсіптің үлесі АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Португалия, Түркия сияқты дамыған елдерде 12-20 пайызды құрайды. Қытай, Үндістан, Түркия, тіпті іргедегі Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттері табысының қомақты бөлігін жеңіл өнеркәсіп тауарларының экспортынан түсіруде. Ал біздің елімізде жеңіл өнеркәсіптің үлесі небәрі 1,2 пайыз ғана. Осыдан-ақ ау-жайын байқауға болады.

Өңірде былтыр жеңіл өнеркәсіп бағытындағы индустриалды аймақ құрылады деген тақырып қозғалған болатын. Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Ғ.Жақсылықов шағын және орта бизнес қызметіне жасалған талдау, сондай-ақ кәсіпкерлермен өткізілген кездесулер барысында аймақта шағын индустриялық аймақтарға деген сұраныстың жоғары екендігі анықталғанын айтқан болатын. Оның айтуынша, жүргізілген зерттеулер жергілікті тауарөндірушілердің арасында шағын индустриалды аймақ құруға болатын 3 әлеуетті сала анықталған. Олардың ішінде ішкі нарықта сұранысқа ие тоқыма, тамақ өнімдері мен жиһаз өндірісі бар.

«Отандық өнімді қолдаймыз» деген ұранмен Үкімет қайсыбір жылдардан бері жұмыс істеген болып келеді. «Made in Kazakhstan» деген жалаулы атаудың желбірегеніне де біраз жылдар өтті. Еліміздің әр өңірі отандық бренд деп көптеген  өнімдерді нарыққа ұсынып та көрді. Алайда отандық өнім дегеннің басым көпшілігінің нарықтағы бағалары көңілге қонымсыз болды да, халық баяғыдан тұтынып келе жатқан өнімдеріне қайта ойысты. Бұл елден шығатын өнімдердің сапасы мен бағасының таразы басында тең түспей тұрғандығынан хабардар етті. Қарапайым ғана мысал, Қытайдан келетін әйелдерге арналған көйлектің бағасы біздің нарықта орта есеппен 5000 теңге деп алатын болсақ, дәл сол көйлек елден шығатын болса, 2-3 есеге дейін артық бағада сатылады. Себебі, шикізат тапшылығы бар.

Есеп беруден алдымызға жан салмайтындардың қатарынан біздің өңір де табылады. Облыста іске асырылып жатқан кәсіп салаларының дені – мемлекеттік грант негізінде атқарылып жатқан жұмыстардың қатарында. Ал жеңіл өнеркәсіп саласында аса үлкен қарқын көрінбейді. Жеңіл өнеркәсіпке жеңіл қарамай, қолға алып, қолдау көрсетер болса, бұл да экономиканың жандануына аз-маз әсерін тигізер еді. Мәселен, етік тігумен айналысып, шағын ғана кәсіп бастаған Самғау Нәсіпханның есімін қазір ел таниды. Оған мемлекет грант беріп, қолдау көрсеткен жоқ. Сапалы аяқкиімдерді тігіп, елдің ықыласына бөленді, халық арасында айрықша қолдауға ие болды. Оның өніміне сұраныс артты, өйткені ол сапалы аяқкиім ұсыну арқылы назарды өзіне аударта алды. Оған бренд те, тренд те өзі келді. Бүгінде еліміздің бірнеше қаласында аяқкиім тігетін цехы ашылған. Кәсіпкердің өзімен тікелей байланысқа шығу мүмкін болмады. Жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты сауалдарымызға  жауап  ала алмадық.

Аймақта әжептеуір беделге ие болған «Dalatex» фабрикасының жүйелі жұмысы туралы да айта кетуді жөн көрдік. Директоры Ділмұхамед Мнуарбекұлымен байланысқан едік.

– Негізі о бастан өзіміздің отбасылық бизнесіміз болған. Бренд киімдер сататын дүкендеріміз жұмыс істеді. Бірнеше жылдан бері киімдерді шет мемлекеттерден әкеліп сатамыз. Ойлана келе «өзімізде неге осы тігін өндірісін дамытпасқа?» деген ойға келіп, ерлерге арналған жейделер өндірісін бастап кеттік, – деді ол.

Фабрикада ерлердің жейдесімен қатар, әйелдердің де, сондай-ақ күштік құрылымдарға арналған арнайы киімдерді тігуді қолға алған. Жейделердің бағасы қолжетімді, яғни 5000 теңгеден басталады. Кәсіптің қай түрінде де ең маңыздысы ол – сұраныс. Сұраныс көп болса, демек, кәсіптің де өрлегені. «Dalatex» өнімдері еліміздің барлық облыстарында сатылады, тіпті арнайы іздеп келіп сатып алатындар да табылады екен. 50-ге жуық тігінші күніне 200-300 дана киім тігіп шығады. Ділмұхамед Мнуарбекұлының айтуынша, енді брендті Ресей нарығына шығаруға жұмыс істелуде. Сондай-ақ өнімдердің ауқымын кеңейту ісі де қолға алынбақ.

Сырттан келетін дайын өнімге иек артып қоюдың пайдасы аз. Жоғарыда айтып өткен фабрикалардың жолын қайта жандандыруға Қазақстанда қауқар бар. Тек ден қою ғана жетіспейді. Жеңіл өнеркәсіп орындарының жойылуы қазір халықта сұраныс жоқ дегенді білдірмейді. Сұраныс бұрын болған, қазір де бар, алдағы уақытта да бола береді. Тек жандандыру қажет. Президент Қ.Тоқаев осыдан екі жыл бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында қарапайым заттар экономикасын дамыту мәселесінде мақта-мата, яғни киім-кешек өндірісі мүмкіндіктері әлі ашылмай жатқанын сынға алған болатын. Алысқа бармай-ақ өз ағамыз өзбектерден де алатын үлгі көп. Нәті еңбекқор ұлттан үйренетініміз көп-ақ. Қазір өзбек елінде аяқкиім, киім-кешек, кілем шығаратын 30-ға жуық ірі фабрика мен 200-ден астам шағын цех дамылсыз өнім шығарып, 700-ден астам кәсіпорын «Өзбекстанда жасалған» маркасымен әлемнің 50-ге жуық еліне өз өнімдерін экспорттай бастаған.

Ұлы Абайдың  «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» дегені бар. Сол жұтамайтын жұмысты жандандыруға да мойнымыз жар бермей, кежегеміз кейін тартып жүр.

Ә.КЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: