Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдың бас шаһарының даму динамикасы қандай?

07.10.2021, 9:30 468

Екі ғасырдан астам мерейлі мерекесін тойлағалы отырған Қызылорда қаласы тарихи мекен ғана емес, аймақтағы инновация мен дамудың қозғаушы орталығына айналды. Сол себептен де Сырдың бас шаһары өндірістік өңір ретінде өркендеп келеді. Мәселен, қала экономикасының қарқыны тамақ өнеркәсібі, мұнай өнімдерін өңдеу, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия және жеңіл өнеркәсіп есебінен қарышты.

ЖАҢА  ТЕХНОЛОГИЯ – ӨНЕРКӘСІПТЕ

Қалалық әкімдік сайтындағы ресми ақпараттарға сүйенсек, 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 205 688 млн теңгені құраған. Кен өндіру өнеркәсібінде есепті мерзімде 1809,6 мың тонна мұнай өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 90,9 па­йызды құрады және 331,9 млн текше метр табиғи газ өндіріліп, 93 пайыз­ды еңсерген. Нарықтық экономикаға көшуді тереңдетуде өндіруші өнеркәсіппен қатар өңдеуші өнеркәсіп салаларын кеңінен дамыту қажет. Сондықтан шетелдік инвес­тицияларды тартып, жаңа технологияны кеңінен өнеркәсіпке енгізу жұмыстары қала шеңберінде де жүргізілуде. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіп саласында 19 038 млн теңге өнім өндіріліп, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 121,9 пайызға артқан. Экономиканың тіреуші саласына айналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімінің көлемі 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында 1412,8 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 39 460 млн теңге шамасында, бұл – облыс инвестициясының  56,1  пайызы.

ҚАРҚЫНДЫ  ДАМЫҒАН  САЛАЛАР

Бүгінгі таңда индустрияландыру картасы шеңберінде құрылыс мате­риалдарын шығаруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы өндеу өнеркәсібінің өсуіне мүмкіндік беріп, даму деңгейінің оң тенден­циясы қалыптасты. Сәйкесінше, жоғары даму деңгейі құрылыс секторында байқалады, оның ішінде тұрғын үй құрылысы саласында.  Аталмыш мерзім ішінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің  жалпы ауда­ны 114609 шаршы метрді құрап, өткен жылмен салыс­тырғанда 143,5 пайызға артты. 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында құрылыс жұмыстарының көлемі       9 226 млн теңге, өткен жылдың салыстыр­малы кезеңімен 185 пайызға артты. Облыста атқарған құрылыс жұмыс­тарының 62,2 пайызы – Қызылорда  қаласының  үлесінде.

Қала әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, 2021 жылдың 1 маусымына Қызылорда қаласы бюджетінің көлемі (трансферттер мен займ­дарды қоса есептегенде) 19252,8 миллион теңге болып бекітілген. Оның ішінде өз кірістері болжанған 5926,8 млн теңгенің орнына 7098,6 млн теңгеге немесе 119,8 пайызға орындалды. Ал шығыстар  жоспары 23642,3  млн  теңгені  құрады.

Шағын кәсіпкерлік саласында  2021  жылдың 1 маусымына қала бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 26 308 бірлікті құрады. Оның ішінде  жұмыс  істеп  тұрғандары – 22 510  бірлік.  Кәсіпкерлердің  жалпы  санынан жеке кәсіпкерлер – 18 661 бірлік, оның ішінде жұмыс істеп тұрған­дары – 16 771 бірлік, заңды тұлғалар – 6 007 бірлік, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 4 230 бірлік, шаруа немесе фермер қожалықтары – 1 640 бірлік, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 1 509 бірлік.

Жұмыспен қамту әлеуметтік қорғаудың негізгі түрі болып табылады. Бұл – қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттырудың басты құралы. Халықты жұмыспен қамту мәселесі әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың басталуымен ерекше өзекті бола түсті. Жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін кезінде жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі арнайы Жол картасы да  әзірленді. Бүгінде оның жалғасы іспетті «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыс істелуде. Бағдарлама бағытына сәйкес жұмыссыз азаматтар қоғамдық жұмысқа, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді, жастар тәжірибе­сіне  жолданды.

ӘРБІР  ЖОБА – ЖАҢА  ЖҰМЫС  ОРНЫ

«Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамыту­дың 2020-2025 жылдарға арнал­ған» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда қаласы бо­йынша өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген жалпы құны 73,8 млрд теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге  асырылуда.

1. «Orda Glass LTD» ЖШС-нің «Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы»  жобасы.

2. «ТриМо» серіктестігінің «Қуат­тылығы жылына 500 тонна екі­окись молибден ұнтағын үшокись молибден ұнтағына техникалық айналдыру өндірісін ұйымдастыру» жобасы.

3. «BSK Қаратау» ЖШС-нің «Ас тұзын терең өндіру зауыты құры­лысы»  жобасы.

4. «Кызылорда Рефайнэри» ЖШС-нің «К4, К5 экологиялық кластағы мотор майларын өндіру» жобасы.

5. «GTL-Казахстан» ЖШС-нің «Қызылорда қаласында модульдік типтегі ілеспе мұнай және табиғи газдың GTL өнімдеріне өңдеу зауы­тының құрылысы және қызметі» жобасы.

6. «АБК Пром Сервис» ЖШС-нің «Жоғары қысымды шыны талшықты құбырлар өндіру зауытын салу»  жобасы.

7. «Poom Trade KZ» ЖШС-нің «Қызылорда қаласында «КОМАЗ» шағын арматура зауытын салу» жоба­сы.

8. «Сыр Маржаны» ЖШС-нің «Ет және ет өнімдерін өндіру және сақтау» жобасы.

9. «Вега Пром» ЖШС-нің «Құр­ғақ құрылыс қоспаларын өндіру бойынша  цехты  кеңейту»  жобасы.

10. «Orda TEXC» ЖШС-нің «Түйе жүнін өңдеу және төсеніш көрпе  өндіру  цехы»  жобасы.

11. «Қызылорда композиттік материалдар зауыты» ЖШС-нің «Шыны талшықты және композитті материалдарды өндіру зауыты» жоба­сы.

12. «Айғасар» ЖШС-нің «Ерекше балаларға арналған иппотерапия» жылқылы-сауықтыру клубын ашу және бие сүтін өңдеу цехын салу» жобасы.

13. «Dana Quartz» ЖШС-нің «Айна шығару зауыты» жобасы.

14. «Кәусар» ШҚ-ның «Құс фабрика­сының құрылысы» жобасы.

Барлық жобаның басты мақсаты – халықтың игілігі үшін қала қазынасын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осындай жаңа бастамалардың арқасында жыл көлемінде жаңа жұмыс орындары ашылады.

БӨЛШЕК  САУДАҒА  БАЙЫПТЫ  КӨЗҚАРАС  БАР

Шағын және орта кәсіпкерлік экономикадағы қалыптасқан сала болып бағаланады. Бұл сала халық­тың жұмыспен қамтылуын, та­уар мен қызметтің кең профилінің қалыптасуын, бюджет түсімдерін ұлғайтуды қамтамасыз етеді. Аталмыш бағытты дамытудың негізгі жолы – кәсіпкерліктің әртүрлі қырларын кеңінен қарастыру ғана емес, инновациялық тәсілдерді, дәстүрлі емес және озық технологияларды қолдану, ең жаңа өнімдер мен қызметтерді  пайдалану.

2021 жылдың жартыжылдығында бөлшек сауда көлемі 102628,2 млн теңгені еңсеріп, өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 100,1 па­йызды құрады. Облыстағы үлесі – 88,9%. Ал экономикалық белсенді халық саны – 133,7 мың адам, тиісінше жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды  құрайды.

Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімде алатын үлесі – 20%. Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағ­дарламасының мәліметтеріне сүйен­сек, әлемдік экономикада тек шағын кәсіпорындардың саны барлық кәсіпорындардың жалпы санының 95%-ынан асады, олардың ЖІӨ-дегі үлесі 50%-ға дейін жетеді. Дамыған мемлекет­тердегі шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі – мысалы, Жапонияда 55%, Ұлыбританияда 52%, Германияда 57%, Италияда 70%. Салыстырмалы сараптама Қазақ­станда шағын және орта кәсіпкерліктің макроэко­номикалық көрсеткіште үлесінің өте аз екенін көрсетеді. Оны 50%-ға жеткізу 2050 жылға болжанып отыр. Ал қала­дағы шағын және орта кәсіп­керліктің даму көрсеткіштері қар­қынды  динамиканы  көрсетеді.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: