Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Н.Нәлібаев: Қолдан дефицит жасамауымыз керек

07.04.2023, 10:20 189

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыста жанар-жағармай нарығындағы жағдай туралы мәжіліс өтті. Жиынға облыстық басқарма, аумақтық департаменттер мен құқық қорғау органдары басшылары, онлайн режимде қала, аудан әкімдері қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы Қазақстан мен көрші елдер арасындағы баға айырмасын төмендету үшін 12 сәуірден бастап жанар-жағармай бағасының көтерілуі жоспарланғанын атап өтті. ҚР Энергетика министрлігі таратқан хабарға қарағанда, литрі 182-187 теңгеден саудаланған АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинінің бағасы 205 теңгеге дейін, 230 теңгеден сатылған дизель отынының бағасы 295 теңгеге дейін көтерілуі болжануда.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков жанар-жағармай бекеттерінің жұмысы мен ондағы қор туралы баяндады. Қазіргі таңда өңірде 32 күнге жететін АИ-92 маркалы бензині және 15 күнге жететін дизель отыны қоры бар.

Жауапты мекемелерге жанар-жағармай тапшылығының алдын алуды, оны сыртқа тасымалдап сатуды болдырмау үшін тұрақты мониторинг жасау, бензин мен дизельдің еркін босатылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

«Компаниялар арасында бағаны арнайылап көтеру келісіміне жол берілмеуі керек. Бағаның жоспарлы өскеніне қарамастан, кәсіпкерлік субъектілері жанар-жағармайды белгіленген баға бойынша уақытылы өткізуге міндетті. Монополияға қарсы заңдылықтар түсіндірілуі тиіс. Мұндай жағдай орын алса, жауапкершілігі қаралатынын ескерту қажет. Көктемгі егін егу науқаны басталатын, тіршілік атаулыға жан бітетін кезде жұмыстың барлығы айналып келгенде жанар-жағармайға тіреледі. Сондықтан қолдан дефицит жасамауымыз керек», – деп ескертті Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына көктемгі егін жұмыстарына дайындық барысында шаруашылықтармен кері байланыс орнатып, орын алуы ықтимал мәселелерді жедел түрде шешу жүктелді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың жетекшiлiгiмен арнайы штаб құрылды. Штаб құрамында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, бәсекелестіктi қорғау және дамыту мен мемлекеттік кірістер департаменттері және құзырлы органдардың өкілдері болады. Штаб қала, аудан әкiмдiктерiмен бiрлесiп, жанар-жағармай бағасы мен қажетті қорына күнделікті бақылау жасап, тиісті шараларды қабылдайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: