Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Н.Нәлібаев: Ең бірінші кезекте жұмыс сапасына мән беру керек

30.05.2023, 18:10 160

HALYQLINE.KZ

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, көркейту және абаттандыру жұмыстарымен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен аймақ басшысы «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалы құрылысы барысын көрді. Жоба демеушісі – «Болат Өтемұратов» жеке қоры нысанды келесі жылдың мамыр айында аяқтауды жоспарлауда. Құрылыстың жалпы құны 15 млрд теңгені құрайды, тапсырыс беруші және мердігер мекеме – «Accent Development Solutions» ЖШС.

Әрі қарай облыс әкімі Сұлтан Бейбарыс көшесін жөндеу жұмыстарымен танысты. Облыс орталығын көркейту үшін тұрғындардың сұранысы бойынша Сұлтан Бейбарыс көшесінің 1 шақырым бөлігі қайта жаңғыртылып, абаттандырылуда. Мердігер мекеме көшені 6 жолақты етіп кеңейтіп, субұрқақтарды орнатады. Құрылыс жұмыстары жылдың аяғына дейін жүзеге асырылмақ.

Мұнан әрі Нұрлыбек Машбекұлы «Неке сарайының» құрылыс алаңына барды. Жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын ауқымды жоба 2022 жылдың қыркүйек айында басталған. Биыл тамыз айында пайдалануға берілмек.

Аймақ басшысы «Сырдария» шағын ауданындағы №1, 2 үйлердің қасбеттерін заманауи панельмен қаптау жұмыстарын көрді. Еске салсақ, биыл облыс әкімінің бастамасымен аймақтың ірі кәсіпкерлері бірқатар көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін абаттандыруға қаражат бөлді. Нәтижесінде қаланың орталық көшелері ажарланып, көркейе түспек.

Нұрлыбек Нәлібаев бірінші кезекте атқарылатын жұмыстардың сапасына назар аударуды тапсырды.

«Ең бірінші кезекте жұмыс сапасына мән беру керек. Мейлі, ол ғимарат құрылысы, жол құрылысы болсын, су немесе газ жүргізсін, ең бастысы – сапа. Сондықтан жұмыс барысын күнделікті бақылау керек. Жобаны мақұлдау сатысынан бастап толық аяқталғанға дейін жіті қадағалаңыздар», – деді аймақ басшысы.

Осындай жұмыстар Абай, Н.Назарбаев даңғылдары мен Ғ.Мұратбаев көшесінің бойындағы көпқабатты үйлерде де қолға алынуда. Тұрғын үйлердің аулаларында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалар ойын алаңдары салынады.

Ал, Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі салынады. Көпірдің ұзындығы – 55 метр. Нұрлыбек Машбекұлы әзірленген жобаның сапасына жоғары баға беріп, осы тұстағы көпір мәселесі өзекті екенін атап өтті. Бюджетті жоспарлау барысында алдымен халықтың көкейіндегі түйткілді мәселелерге басымдық берілетінін қаперге салды. Аталған жоба бюджет қаражатын және уақыт үнемдеу мақсатында демеушілердің қаржысы есебінен жасалды. Нұрлыбек Машбекұлы жобаны әзірлеген компания өкілдеріне алғысын айтты.

Облыс әкімі сол жағалаудағы құрылыс нысандарын да аралады. Мұнда өткен жылы тамыз айында облыстық қан орталығының құрылысы басталған болатын. Келер жылы наурыз айында 100 келушіге арналған емханасымен бірге 300 төсектік көпбейінді аурухана ашылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: