Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы қаралды

09.02.2024, 16:20 217

HALYQLINE.KZ

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен мәжілісте Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларының орындалуы талқыланды. Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, мән-жайды нақтылап, тиісті тапсырмалар берді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттырудың маңыздылығын атап өтіп, қажетті шаралар қабылдауды міндеттеді.

«Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Біз соңғы 2 жыл қатарынан инвестиция индикаторын артығымен орындадық, биыл да алдымызға ауқымды міндет қойдық. Былтыр өңірімізде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 486,5 млрд теңгені құрап, жоспар 62 млрд теңгеге артық орындалды. Биылға бекітілген индикатор 517,5 млрд теңгені орындауға жұмыс істеуіміз қажет. Президент бюджет қаражатымен шектелмей, инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруды және инвесторларға «бір терезе» қағидатымен жан-жақты қолдау көрсетуді міндеттеді. Облыста отандық және шетелдік инвесторлардың жобаларын сүйемелдеу, туындаған мәселелерін шешу, тартылатын инвестиция көлемін арттыру бағытындағы жұмыстарымен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Бизнеске арналған Үкімет» мекемесі, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Қызылорда даму орталығы» айналысуда. Осы мекемелерге шетелден, басқа өңірлерден және жергілікті инвесторларды тарту бойынша нәтижелі жұмыс істеуді тапсырамын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау да айтылды. Өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі әлеуметтік салада кеңінен қолданыста. Құны 17,1 млрд теңгені құрайтын 63 жобаның келісімшартына қол қойылды. Ендігі кезекте, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін инновациялық, халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын және мемлекеттік қызметтерді көрсетуге бағытталған жобаларға пайдаланған жөн.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде елімізді экономикалық-әлеуметтік дамыту ісінде маңызды рөл атқаратын құрылыс саласына арнайы тоқталғаны белгілі. Бүгінгі күні Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналғанымен, жұмыс барысында кейбір заңнама және норматив талаптары құрылысты жоспарлау мен жүргізу процесіне кедергі келтіреді. Бұл өз кезегінде құрылыс уақытының созылуына және сапасының төмендеуіне әкеледі. Осыған байланысты, жауапты сала басшыларына «Қала құрылысы туралы» кодекс жобасын қайта қарап, сапалы ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Мұнан бөлек, жиында аймақ басшысы өндірістің дамуына тың серпін беру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, суармалы суды үнемдеу технологияларын енгізу, коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Көлік-логистикалық әлеуетті арттыру, экономиканы цифрландыру, медицина инфрақұрылымын дамыту бойынша да алдағы жұмыстың бағыт-бағдары айқындалды.

Мәжіліс соңында облыс әкімі Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындауға қатысты жоспарды уақытылы зерделеп, бір аптада нақты ұсыныстар беруді міндеттеді. Ұсыныстарды әзірлену сатысындағы «2024-2028 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары» жобасына енгізу қажет. Облыстық экономика және қаржы басқармасы салалық басқармалармен бірлесіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бір апта ішінде бекітуге енгізуі тиіс.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: