Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Энергия тиімділігін арттыру мәселесі қаралды

03.07.2026, 14:55 54

HALYQLINE.KZ

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде қалдықтарды басқару, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру, өнеркәсіп пен құрылыс салаларындағы энергия тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Кеңеске облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Өңірде «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы аясында энергия тиімділігін арттыру және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуда жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

Өткен жылы 280 шақырым электр желісі мен 87 қосалқы станцияға энергия үнемдейтін заманауи технологиялар енгізілді. Биыл 605 шақырым электр желісі мен 190 қосалқы станцияны жаңғырту жалғасуда. Сондай-ақ 8,7 шақырым жылу желісі жаңартылып, арнайы оқшаулағыш материалдармен қапталды. Бұл жылу беру жүйесіндегі шығынды едәуір қысқартты.

Аймақта жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да басымдық берілген. Қазір жалпы қуаттылығы 148 мегаватт болатын бес күн электр станциясы жұмыс істейді. Алдағы уақытта бір жел және үш күн электр станциясын іске қосу жоспарланып отыр.

Қалдықтарды басқаратын 17 кәсіпорын биылғы бірінші тоқсанда 67 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық жинап, оның 23 мың тоннасын қайта өңдеді. «Жасыл даму» АҚ қаржыландыруымен қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жаратуға бағытталған 9 жоба жүзеге асырылуда.

Салаға инвестиция тарту және озық технологияларды енгізу үшін халықаралық компаниялардың қатысуымен екі ірі инвестициялық жоба қолға алынған. Атап айтқанда, Оңтүстік Корея технологиясымен жылына 300 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауыты, Германия технологиясымен жылына 240 млн дана шыны ыдыс шығаратын зауыт салынуда. Бұл – қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттырып, импортты алмастыруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал ететін бастамалар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: