Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екі айда қолға тиген хат

08.10.2021, 15:20 167 1

HALYQLINE.KZ

Қазалының құзыреттілеріне құлаққағыс

Әйтеке би кенті әкімінің аппараты жолдаған хат бүгін (08.10.2021 ж.) қолыма тиді. Өзім тілдесе алмай қалсам да, әкелген хат тасушы қыз болар деп жобаладым. Аштым.

Әйтеке би кенті әкімінің орынбасары Д.Т.Алпысбаевтың 2021 ж. 26.07 №ЖТ -2021-00518212 қолы қойылған хат. «Әйтеке би кенті әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі төмендегіні білдіреді:

«Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңын басшылыққа ала отырып» деп басталыпты. Дұрыс-ақ.

Бірақ… мені жоғарыдағы ресми хаттың мазмұны немесе жауабы емес, қолға тиген мезгілі қайран қалдырды. Конверттің сыртына «Әйтеке би кенті әкімі аппараты 26.07. 2021 жыл» деп бұрыштама мөр басылыпты.

Ал жоғары жағына «Қазпочта» деген жазулы мөр, келесі бетіне тағы да датасы жазылып, мөр басылыпты. Жазылған цифрлары анық көрінбегендіктен ажырата алмадым. Мүмкін, мен білмейтін бөлек сыры бар шығар.

Алайда аудан орталығында орналасқан Әйтеке би кенті әкімінің аппараты жолдаған хаттың сол аумақтағы, өзім тұратын Сырым батыр көшесіне дейін осыншама мезгіл жүргендігіне қайран қалдым. «Жер қара, күн жылы» дегендей. Ресми орындар жолдаған хаттың кент ішінде 2 айдан астам уақыт бойы қолға тимегені маған түсініксіз көрінді. Әлде біз ескермеген өзгеше себеп бар ма?! Салғырттық әлде жауапсыздық… Ал сырт жерге жолданса, тұрғындар қанша уақыт күтерін кім білсін?! Бұған кім, қандай жауап қайтарады?!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы.

Пікірлер:
  • Құрметті Жұмабек Айдарбекұлы Сіздің RD124769484kz тіркеу санды хатты кеш алғандығыңыз туралы сауалыңызға байланысты қызметтік зерттеу жүргізіліп төмедегідей жайттар анықталғандығын баяндаймын.
    Аталған хат торабтың орталық операциялық орталығынан 05.10.2021ж. Жоғарыда көрсетілген штриховой почталық идентификатор(шпи) реттік саны бойынша қабылданған.Жөнелтілімді алушыға яғни Сіздің мекен жайға 07.10.2021 ж. жеткізіліп табысталған. Ал конверт сыртына бұрыштамада көрсетілген реттік сан және уақыт біздің жөнелтілімді қабылдаған уақытымыз емес.Ол жөнелтушінің өндіріс ішілік тіркеу саны болуы мүмкін.Құрметті Жұмабек Айдарбекұлы Сіздің аталған хат бойынша қандай сыры бар екен деген сұрағыңызға байланысты жауапты аталған хатты жөнелтуші тарап жауап беретін болар. Сізге қолайсыздық туғызған жағыдай болса кешірім сұраймыз.Дегенмен бұл мәселе пошташы тарапынан болмағандығы анықталып отыр.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: