Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы қалай жүзеге асады?

21.10.2021, 10:00 16293

Қызылорда  қаласы әкімдігінің  мәліметінше, ағымдағы жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы  аясында тұрғын үй сатып алуға республикалық  бюджеттен әр  маманға 1375500 теңге қаралған. Бағдарламаға қатысуға ниет білдерген 35 маманға барлығы 157 103 638 теңге қаржы бөлініп, есепті кезеңде 27 маманға бюджеттік кредит берілген.

Қолына оқыған мамандығы бойынша диплом алып, ауылдың өркендеуіне үлес қосамын деушілерге арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жастар тарапынан көптеген сұрақ қойылып жатады. Сондықтан бағдарламаға қатысты негізгі сұрақтарды жауабымен қоса жариялағанды жөн көрдік.

– Жаңа қағидаларға сәйкес әлеуметтік қолдау шаралары бұрын берілген кредиттер бойынша өтелмеген мерзімі өткен берешегі жоқ (осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген құжаттарды қарау кезінде), сондай-ақ соңғы 2 (екі) жыл ішінде күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен астам мерзімі өткен берешегі жоқ мамандарға ұсынылады (Қағидалардың 18-тармағы). Бұл норма не үшін қажет екенін түсіндіріп  берсеңіз?

– Бұл норма тұрғын үйі жоқ мамандарды әлеуметтік қолдау шараларымен барынша тиімді қамту, сондай-ақ бұрын берілген кредиттері бар мамандарға қаржылық жүктемені болдырмау үшін, сондай-ақ соңғы 2 жылда 90 күнтізбелік күннен артық қарызы болмаған жағдайда енгізілді. Басқа кредиттердің болуы мамандардың төлем қабілетіне әсер етеді.

– Маман туыстарынан тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредитті пайдалана  ала  ма?

– Жоқ, пайдалана алмайды. Бұл проблеманы жергілікті атқарушы органдар бірнеше рет көтерді. Біз жақын туыстарынан (жұбайынан (зайыбынан), атасынан (әжесінен), ата-аналарынан (оның ішінде асырап алушылардан), балаларынан (оның ішінде асырап алынғандардан), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындастарынан) тұрғын үй-жай сатып алуға, сондай-ақ азамат тұрақты тұратын тұрғын үй-жайды сатып алуға тыйым салу жөніндегі норманы енгіздік. Бұл норма шын мәнінде тұрғын үйі жоқ мамандарды әлеуметтік қолдау шараларымен неғұрлым тиімді қамтуға ықпал ететін болады.

– Көтерме жәрдемақы мен бюджеттік кредитті төлеу үшін жас ерекшелігіне қарай шектеу бар ма, яғни әлеу­меттік қолдау шаралары қай жасқа дейін  төленеді?

– Қағидаларға сәйкес алушы әлеу­меттік қолдау шараларын алған кезде ауылдық жерде кемінде үш жыл жұмыс істеуге өзіне міндеттеме алады. Сонымен бірге, Қағидаларда жас ерекшеліктеріне шектеулер белгіленбеген. Алайда әкімдіктер маманның еңбек демалысына шыққанға дейін толық үш жыл бұрын шекті жұмыс мерзімі бойынша келісім міндеттемелерін орындау мерзімдерін ескереді, сондай-ақ бюджеттік кредит бойынша мерзімдер (15 жылға дейін) ескеріледі.

– Тұрғын үй құрылысына бюджеттік кредитті пайдалануға  бола  ма?

– Иә, болады. Бұл норма Қағида­ларда (2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрық) бар. Әкімдік маманға таңдау үшін тұрғын үйлердің үлгілік жобаларының нұсқаларын ұсынады. Алайда тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 46 АЕК-тен (134,2 мың теңге) аспауы тиіс. Тұрғын үй құрылысының сметалық құны бері­летін кредиттің екі еселенген мөлшерінен аспауы қажет. Тұрғын үй құрылысының мерзімі кредит берілген сәттен бастап 12 айдан аспауы тиіс.

– «Дипломмен ауылға» жобасы неліктен шағын  қалаларда  қолданылмайды?

– Қазақстан Республикасының «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» салалық заңы (18-баптың 8-тармағы) ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұруға келген әлеуметтік сала және агро­өнеркәсіптік кешен мамандарын ғана қолдауға  бағытталған.

Қазіргі уақытта заңнамалық актілердің халқы 10 мың адамнан аз шағын қалалардың мәртебесін өзгерту бөлігіне түзетулер енгізілді. Қалалық елді мекеннің мәртебесі ауылдық елді мекенге өзгерген жағ­дайда олардың мамандары бұдан әрі Қазақстан Республикасының заң­намасында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары мен тиісті үстемеақылар ала алады. Сондай-ақ, қалаларға келетін мамандар үшін Жоба шеңберінде әлеуметтік қолдау шара­ларын ұсыну ауылдық жерлерден мамандардың кетуіне және кадр тапшылығының одан әрі ұлғаюына әкелуі  мүмкін  екенін  ескеру  қажет.

– «Дипломмен ауылға» жобасына автоматтандыру жүргізіліп жатыр. Маман өтінішті электронды  форматта  қалай  бере  алады?

– Маман «Электрондық үкімет» порталы арқылы «Әлеуметтік қамсыздандыру» бөлімінде өзінің ЭЦҚ арқылы өтініш береді. Қандай әлеуметтік қолдау шаралары қажет екенін таңдайды. Яғни, көтерме жәрдемақы ғана немесе бюджеттік кредитпен бірге қажет пе екенін таңдайды. Тиісті ақпараттық жүйелерден тізбеге  сәйкес  құжаттар  алынады.

Бұл, мысалы:

– жеке басын куәландыратын құжат­тар туралы (Әділетминінің АЖ-нан);

– неке қиюды (ерлі-зайыпты­лық­ты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (Әділетминінің АЖ-нан) тура­лы;

– тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәлімет (ІІМ АЖ-нан);

– көрсетілетін қызметті алушының, оның жұбайының және балаларының жылжымайтын мүлкінің болмауы (болуы) туралы анықтамалар, көрсетілетін қызметті алушының атына тұрғын үй салуға берілген жер учаскесін пайдалану құқығы туралы (Әділетминінің АЖ-нан);

– еңбек жолы жөнінде мәліметтер (Еңбекминінің АЖ-нан);

– орта білімнен кейінгі, техникалық, кәсіптік және/немесе жоғары білімі дипломының болуы туралы (БҒМ АЖ-нан)  мәліметтер.

Еңбек қызметі жөнінде, білімі туралы дипломының болуы туралы мәліметтер ақпараттық жүйелерде болмаған жағдайда осы құжаттардың сканерленген нұсқалары салынады, сондай-ақ Кредиттік бюродан есеп салынады.

Бұдан әрі өтініш құжаттардың толық тізбесімен «Ауылдық ипотека бойынша өтінімдерді қабылдау жөніндегі  бағдарламалық өнім» АЖ-на түседі. Осыдан кейін аудандар (қалалар) әкімдіктерінің жұмыс­керлері өтінішті Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну қағидаларына (ҰЭМ 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығы) сәйкес қарайды.

– Оралман мәртебесі бар азаматтарға (этникалық қазақтар) әлеуметтік  қолдау  шараларын  алуға  бола ма?

 – Егер оралмандар Қазақстан Рес­публикасының азаматтары болып табылса, олар «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша әлеуметтік қолдау шараларын  ала  алады.

Бюджеттік заңнамаға (ҚР Бюджеттік кодексі, 178-бап) сәйкес түпкілікті қарыз алушылар Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін екенін атап өткім  келеді.

– Маман көрші ауылдан емес, міндетті  түрде  қаладан  келуі  керек  пе?

– Негізгі өлшемшарт – маманның келу орнына қарамастан, ауылдық елді мекенде жұмыс істеуге және тұруға деген ниетінің болуы.

– Егер жеңілдікті кредит алған адам ауылдан 3 жылдан ерте кетуді шешсе, ол нені төлеуге/орындауға  міндетті?

– Бұл мәселе әкімші, маман және сенім білдірілген өкіл (агент) арасында жасалған Келісімге сәйкес шешіледі. Өндірістік жағдайларға байланысты немесе әкімшіліктің (әкімдіктің) бастамасы бойынша үш жыл мерзім өткенге дейін басқа ауылдық елді мекендерге (немесе бір ауылдық елді мекен шегінде) жұмысқа ауыстырылған кезде алынған әлеуметтік қолдау шараларына маманның құқығы сақталады. Сонымен бірге онымен қосымша келісім жасалады. Егер маман өз бастамасы бойынша, әкімдіктің келісімінсіз, белгіленген мерзімнен аз жұмыс істесе, онда ол ұсынылған әлеуметтік қолдау шараларын толық көлемде  қайтаруға  тиіс.

– Өтінімді қарау және жеңілдікті кредит  беру  мерзімі  қандай?

– Өзектендірілген Қағидаларға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері әкімшіге құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап 6 жұмыс күнін құрайды. (Бұрын көтерме жәрдемақы төлеу – 27 жұмыс күні ішінде, тұрғын үйге бюджеттік кредит төлеу – 47 жұмыс күні ішінде болған).

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қай жылға  дейін  болады?

– «Дипломмен ауылға» жобасының іске асырылуының барлық кезе­ңінде, әсіресе ауыл жастары арасында өзектілігін жоғалтпай отыр. Сонымен бірге, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңында жобаны іске асыру мерзімдері  регламенттелмеген.

– Сұранысқа ие мамандықтар тізбесі не үшін қажет? Егер менің мамандығым бұл тізбеде болмаса, мен әлеуметтік қолдау шараларын ала аламын  ба?

– Белгілі бір салада кадрлардың жетіспеушілігі мәселелерін шешу үшін әкімдіктерге сұранысқа ие мамандықтар тізбесін қалыптастыруға мүмкіндік берілді. Бұл тізбе аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің ресми сайтында орналастырылады. Бұл тізбе алдағы кезеңге тиісті салада әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну үшін мамандықтар санаттарын айқындауға мүмкіндік береді. Мысалы, өтінішті уақытылы бермеген немесе қаржыландырудың болмауы себебінен әлеуметтік қолдау шараларын ала алмаған білікті сала мамандары (мамандандырылған салалық дәрігерлер, шет тілдері мұғалімдері). Осы норманы енгізгенге дейін Қағидаларда мұндай мүмкіндік болмады және әлеуметтік қолдау шараларын жылдың басында өтініш берген мамандар ғана алды. Алайда, бұл тізбеге ағымдағы жағдайға қарай өзгеріс­тер енгізілуі мүмкін (қосымша ақша бөлу, басқа мамандардан бас тарту және  т.б.).

– Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің  әлеуметтік қолдау шараларын  алуға  мүмкіндігі  бар  ма?

– 2020 жылғы 30 қыркүйекте «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сала­сындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету қағида­ларын бекіту туралы» Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық экономика минис­трінің 2014 жылғы 6 қарашадағы  №72  бұйрығына өзгерістер  енгізу туралы» Қазақстан Республи­касы Ұлттық экономика министрі­нің бұйрығы қабылданды. Көрсетілген Қағидаларға сәйкес 2020 жылғы 17 қазаннан (алғашқы ресми жария­ланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң) кейін жұмысқа ор­наласқан  ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппарат­тарының мемлекеттік қызметшілері әлеуметтік  қолдау  шараларын алуға құқылы.

– Жеке ұйымдардың қызметкерлеріне (мысалы, ЖШС, ЖК және т.б.) көтерме жәрдемақы және бюджеттік кредит түрінде шаралар ұсынылуы  мүмкін  бе?

– Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеу­меттiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сала­сындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын көрсету қағидаларында (Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрық) сәйкес маманның жұмыс істейтін ұйымның меншік нысаны реттелмеген. Осыған байланысты жеке ұйымдарда жұмыс істейтін мамандар әлеуметтік қолдау шараларын алуға өтінім бере алады.

– Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша құжаттарды  қайда  тапсыру  керек?

– Сізге әлеуметтік қолдау шара­ларын ұсыну, кезекке қою немесе қоймау мәселесін қарау үшін «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (ХҚКО) арқылы толық құжаттармен электрондық форматта хабарласуды ұсынамыз.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: