Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Динара Ешнияз: «Сөнбестен бұрын сені көрейін…»

21.02.2020, 13:09 1359

Күшті қызбын

Ей, паң ғұмыр, пəлсапасы бітпеген,
Жүріп келем өзің артқан жүкпенен.
Екіленген екіжүзді болмай-ақ,
Мақсатыма қол жеткізем діттеген.

Таусылмайтын беріп Тəңір бақ үйіп,
Ұстаз болам, ақын болам ақиық.
Өлеңсүйер көп жан əлі жүреді
Том-том болған тарихыма бас иіп.

Мұң – ойыншық, бақ – уақытша мен үшін,
Түзеп өтем тек жүректің кемісін.
Нəр алғандай бойым ана сүтінен,
Өнерімнен нəр алады өрісім.

Талай уды татсамдағы тірлікте,
Басқаларды шақырамын бірлікке.
Алданбаймын, тым тереңге əкетер,
Жерде жатыр өлім дейтін бір нүкте.

Күшті қызбын.
Үш ғасырда туатын,
Тал бойымда тасып жатыр қуатым.
Бағаланбас жүрегімді сый қылып,
Сіздер үшін боп қалайын бір ақын…

* * *

Құрбыма

Гүлім менің…
Жұпарың, нәзіктігің ұнайды тым,
Мен мүлде таңданбаппын бұлай бұрын.
Ақылы көркіне сай көргендім-ай,
Бір басыңа шашыпты Құдай нұрын…

Өзгешесің…
Мінезің аумай қалған періштеден,
Күлкіңді, қылығыңды кеніш дер ем…
Шыдайсың «Аллаға сенемін» деп,
У қалмай жатсадағы сен ішпеген.

Біртуарсың…
Тек ізгілік істеуді жөн көресің,
Пайдалы нәрселерді меңгересің.
Басқалардың ойлайсың қамын ылғи,
Жеткізбей жатсадағы өз белесің.

Қуаттысың…
Ешкімнің күші жетпес құлатуға,
Тағдыр да қия алмас жылатуға.
Жан құрбым, жаның неткен сұлу еді?
Жаралған жан біткенді жұбатуға.

Имандысың…
Намаз бен оразаны тастамаған,
Бісмілләсіз еш ісін бастамаған.
Көр де тұр, сенің тұнық тарихыңды,
Қалай да тасқа жазам.

* * *

Жапанда тұрып сені шақырған

Менің де еле ысқырығымды

Қайғының еріп қайырсызына,
Жем болдым жəне тойымсызына.
Шарасыздықтан əбден шаршадым!
Ей, бақ құшағы, жайыл қызыңа?

Танымай өтпе!
Жабырқау түрден,
Талғамым да жоқ таңырқау мүлдем.
Жалғыздық жанды жаралағасын,
Əдетім болды əн ұрлау түннен.

Көрегенсің ғой…
Жасымды аңғар,
Деме «тек керек хас үлгі жандар».
Себебі мен көп адасамын деп,
Жетістіктерден тосылдым заңғар…

Тыңдашы… тыңда, ішкі үнімді,
Өзіңмен ап кел күшті күнімді.
Жапанда тұрып сені шақырған
Менің де еле ысқырығымды.

Өзек өртенсе – өзгешелігім,
Қайтейін?
Көздің аз берсе нұрын.
Кеш келген сенің кінəң деп білем,
Сындарға жүрек төзбесе бүгін…

Көп болды, шыным, бір күлмегелі…
Тастады Тəңір дүркінге мені.
Сөнбестен бұрын сені көрейін,
Ей, бақыт, мені күттірме енді.

Динара ЕШНИЯЗ,

жас ақын

Пікірлер:
  • Жарайсың! Өлең сөздерінің ұйқасы өте керемет,мағынасы дажақсы,әсері де зор. Қаламың ұштала берсін,жүрегіңнен шығатын жырларың таусылмасын,жүректен шығып жүрекке жетсін. Ендігі жерде Алла бұйыртса өз авторлық құқығыңды алуды нәсіп етсін.

Нургул үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: