Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бриллиантшыл ел қадірлісіне қалайы қимас

14.09.2022, 9:45 35

HALYQLINE.KZ

Биылғы қос Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы мен Ақселеу Сейдімбектің мерейтойларына деген Үкіметтің салғырт көзқарасынан кейін сұм жүректің шайлығып қалған жайы бар. Ұлы тұлғалардың мерейтойларын осылай құн-жұн қыла берсе, Алаш ардақтыларында қандай қадір, нендей қасиет қалады? Егер Алаш алыптарын осындай «колхоздық» деңгейде «ардақтауды» жалғастыра берер болсақ, мұның идеологиялық зардаптары ауыр болмақ. Ең сұмдығы, мұның соңы – жас ұрпақтың ұлттық тұлғалардан теріс айналуына, тіпті, олардың өнегелі ісі мен соңында қалған рухани мұрасын тәрк етуге әкеліп соқпақ. Рухани бағыт-бағдарсыз қалған ұрпақ мұнан соң адаспағанда қайтпек. Жастардың түрлі ағымдардың жетегінде кетуінің бір себебі – қазақ қоғамында рухани идеалдардың жоқтығынан екендігін неге білмейді, біздің мына ақжелке ұлықтар? Таңертеңнен бері жаным шошып отыр. Кеше Түркияда қазақтан шыққан аврам дінін ұлықтаушы қалың уаһабист бас қосып, ұлы жиын өткізіп, соңында елге бриллиант – тас таратыпты. Қалың уаһабист осылай бірінің үстерінен бірі бриллиант жауғызып жатқанда, Алаштың Ақселеуіне ескерткіш құюға ең арзан қоспа металл – қола табылмаған. Бұдан шығатын қорытынды: тобырлық мәдениет пен салафилік ағым өкілдері алтын-күмісті місе тұтпай, бриллиантқа бөленуде, ал ұлы тұлғалар мен ұлттық ғылым мен мәдениет өкілдеріне қола түгілі қалайы да жоқ Осының өзі қазақ қоғамының ауыр рухани дағдарысты басынан кешіп жатқандығын бір мысалы емес пе?

«Наданның сүйенгені – көп пен дүрмек,

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек», –

дейді Абай. Отыз жылдан бері дүрмек құмар жұрттың құдайы беріп тұр, біреу екі тонна торт пісіреді, біреу вертолетпен аспаннан ақша шашады, біреу жүз бірдеңе миллионға той жасайды. Енді міне, саған бриллиант төккен той! Тобырға бұдан өткен қызық бар ма? Жар салып жарнамалайды, аузының суы құрып әңгіме қылады.

Әсілі бұл – кедей елдің – жаны мен рухы жүдеу жұрттың тірлігі. Жарлы жұртқа бәрі таңсық, бәрі қызық. Кедей елге – ас пен тас қымбат, ал, ақыл-ой мен ғылым арзан. Бақуатты жұрттарда керісінше – ақыл-ой мен ғылым бағалы, соны жасаушы ілім-білім иелері ардақты. Егер былай жалғаса берсе, қалай ел, қайтіп жұрт боламыз? Фонограммамен аузын жыбырлатып, қараңғы тобырды алдау-арбау арқылы арамнан мал жиып, есепсіз байығандар фәни жалғанның бар қызығын көруде, сөйтіп жүріп мейрамхана мен мешіттің арасын да жол қылады, о дүниенің де рақатын көрем деген бек сеніммен. Ал бар саналы ғұмырын қазағын ел қылу мұратына бағыштаған ұлттық дүниетаным иелері – арманы биік асыл ерлер: Өзбекәлі Жәнібеков, Ақселеу Сейдімбеков, Таласбек Әсемқұлов, Болат Атабаев, Едіге Тұрсынов, Серікбол Қондыбай, Әмірхан Балқыбек сияқты біртуарлар құсадан өлуде. Қазақтың жер басып жүрген жақсысының қадірі, оның елдік мұрат үшін еткен еңбегінің құны, тіпті төккен қанының сұрауы жоқ заман боп тұр қазір. Осылайша көзінің тірісінде асылдарымызды ардақтай алмаудамыз. Енді өлгеннен соң да атаусыз қалдыратын кепке түстік.

Мәселен, Ақселеу Сейдімбектің мерейтойы 80 жылдық болғаны үшін мемлекет назарынан тыс қалған. Сөйтсе, мұндай тұлғалардың жүз жылдығы ғана Үкімет қаулысымен аталып өтіледі екен. Баяғы Советтік дәуірде жасалған осындай ақылға сыймайтын жарғылар әлі «жұмыс істеп» тұр. Үстіміздегі заманның тез құбылатыны соншалық – ғылыми технологияға тәуелді әлемнің небәрі он жылда адам танымастай өзгергеніне куә болудамыз. Енді он жылда не болатыны адам түгілі құдайға аян емес күрделі кезеңде тұр адамзат өркениеті. Жүз жылдығына дейін тосар болсақ, әр бес-он жылда оқтын-оқтын мемлекеттік деңгейде еске алып тұрмасақ, мынандай қым-қуыт, ылдым-жылдым қауырт заманда Ақселеудей ерлер есімі жұрт жадынан өшіп кетпей ме? Сол үшін, жылдам жүріп жатқан саяси-қоғамдық, мәдени-әлеуметтік тіпті технологиялық процестерді ескере келіп, ұлттық, мемлекеттік тұлғалардың 80, 90 жылдық, т.б. мәдени-рухани іс-шараларын мемлекеттік деңгейде лайықты атап өтудің жаңа концепциясын әзірлеу қажет.

Жасыратыны жоқ, қазіргі мерейтойлардың деңгейі – «колхоздық уровен» боп кетті. Оны колхоздық деңгейде қалдыруды доғарып, Ел Орда төрінде мемлекеттік маңыз бере, сән-салтанатын келістіре өткізейік деп өткенде осы ФБ-да жаздық та. Себебі, кейінгі кезде Үкіметте мұндай маңызды іс-шараларды облысқа, облыс ауданға, аудан сол өңірден шыққан тұлғаның руластарына ысыра салатын жауапсыздық үрдісі қалыптаса бастаған. Бұл келеңсіздіктің жолын кесу керек. Себебі өз кезегінде билікке қолайлы болса да, қоғамға қолайсыз мұндай «оңай құтылу» тәсілі ел ішінде рушылдық дертін қоздыра түскен. Ел ішін аралағанда мұны көріп жүрміз.

Сондықтан ас пен той өткізуге бұлай бейжай, жауапсыз қарауға болмайды. Барлық тізгін Үкіметтің қолында, дұрысырағы – мемлекеттің қамқорлығында болуы тиіс. Әйтпесе қоғам идеологиялық хаосқа ұшырайды. Кешегі Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қарсаңында ормандарға қасақана өрт қойылуы, (Мұны Төтенше жағдайлар министрі мойындады) бүгінгі Ақселеу Сейдімбектің ескерткшінің сәтсіз шығуы – ел ішінде кәдімгідей дүрбелең тудырды. Егер мұндай келеңсіздіктер қайталана берсе, біз жас ұрпақтың ұлттық идеалдарға деген көңілін суытамыз, келе-келе жиренішін тудырамыз. Ал ұлттық идеалдары жоқ жұрттың ұлттық идеясы болмайды, дәлірегі – мұндай жұрттан ұлттық идея тумайды. Ал ұлттық идея болмаса, бәрі – бекер. Тарих дәлелдеген бір анық жайт бар – осы күні әлемге дегені жүріп, аты озып тұрған алпауыт мемлекеттердің күллісі «Ұлттық идея» деген мызғымас іргетастың үстіне орнатылған. Өйткені ұлттық идея – мемлекеттік машинаның барлық тетігінің қозғаушы күші. Бір ғажабы – ұлттық идея ұлттық мәдениеттен тамыр тартады, басқа ештеңеден емес. Ал ұлттық мәдениетті ұлттық дүниетаным носительдері өз бойында сақтап, арқалап жүреді. Сондықтан өркениетті, мәдениеті озық елдерде ұлттық дүниетаным носительдері қадірлі, ал отар елдерде, оның ішінде орыс отаршылдығы өтіп кеткен қазақ жұртында қадірсіз. Кешегі өткен ер Ақселеу осындай ұлттық дүниетаным арқалаған кәтепті нардай қазына кісі еді. Мұндай феноменді тонна-тонна бриллиантқа таба алмайсыз. Өйткені мұндай алыптарды дәуір толғатып туады. Ал ғұмыры жүздеген жылдармен өлшенетін дана дәуір мұндай ерге күнде толғата бермейді, әсіресе, қазақ ұлты секілді отаршылдық дертінен арылуға қауқарсыз халыққа, ел болуға ықылассыз жұртқа…

Қазір авангард жастарымыз неге шетелге кетуде? Себебі олар қызмет ететін ұлттық идея жоқ. Ұлттық идея жоқтықтан білімді, талапты, талантты жастарға қамқорлық жоқ. Бізде тек қаржылы жемқор кландардың мемлекет үшін түк маңызы жоқ, бірақ билікке таласқан саяси ойындары ғана бар. Бұл қазаққа опа бере ме? Тағы да жоқ. Осы жоқтар түбінде елдің түбіне жетпесе не қылсын? Беті аулақ!

Ерлан  ТӨЛЕУТАЙ,

өнертанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: