Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз кімбіз?

18.02.2021, 13:00 596

Біз  кешегі  көшпелі  халықтың  көшелі  ұрпағы,  азат   мемлекеттің айбынды айғағы – ар-намысты жоғары ұстауға, барды қанағат тұтуға, жоққа сабыр сақтауға, өткіншіге өкінбеуге, болмашыға бұлқынбауға баулыған байламы бекем елміз. Баланы емес, бауырды биік санаған, өзінен гөрі өзгеге өзегін жұлып берген жүректі ұлттың жұрнағымыз. Жеке мүддеден жұртым дегенді жанына жақын тартқан тектілік тегіміз. Көшпелі өмірдің көшінде қауіп-қатерге кезіккенде батыл қасиетке бел буған батырдың білегіміз. Ұлды ұлықты, қызды қылықты етіп тәрбиелеген тағылымы төре тұрған тұғырлымыз. Еркектің алдында әйелі әлін білген, әке тұрып, ұлы шектен шықпаған, береке-бірлігі бүтін шаңырақтың құтын сақтаған қуаттымыз. Үлкенді әз тұтып, кішіні қуаттаған, сөзге тоқтап, уәдеге берік болған байыптымыз. Нағашыға арқа сүйеп, құдаменен жілік ұстасып, жиенмен жаға жыртыспай, туыстық татулықты ту көтергенбіз.

«Біз кімбіз?» дегенде «білекті едік, жүректі едік, жақсылыққа тілекші едік» дейтін дарабозбыз. Осынша  қасиеттің  қадірін  қашырмай,  қалыбын  бұзбаған  қайсар  қазақ  Азия, Кавказ, Еуропаның төсін  төстеп еді. Жебесі жетпеген жер, найзаның ұшы қадалмаған жауы қалмаған еді. Соның символы – Қазақ деген жер де бар, өзен де бар, елді мекен де бар. Сол қаһарман қазақтың ұрпағы өзін мақтан тұту керек, ардақты атына көлеңке түсірмей, кір шалдырмауы тиіс. Адами азғындаудан аулақ, «ашпын» деп алақан жайғаннан жиіркену керек. Жоқ деген жұтаңдыққа бастайды, бар деген берекеге апарады, пейіл таза, көңіл дарқан, ниет оң болғаны дұрыс. Бір-бірімізді жылы сөзбен жұбатып, қуанышты көңілмен қарсы алайық!

«Біз кімбіз?» дегенде Құдайдан қорқып, баһадүр бабалардың жарқын жолын жоғалтпай, қысылғанда қолда бармен қымтанып, қиналғанда сабыр сақтауды қолданып, елдікке  сызат  түсірме,  бауырлар!

Қаныбек  ӘБДУОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: