Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бірлескен істе береке болады

15.09.2020, 13:00 2328

HALYQLINE.KZ

Елімізде «Сол жағалауы» бар екі ғана қала бар. Бірі – Нұр-Сұлтан, екіншісі – Қызылорда. Екі ғасырдан астам тарихы көмкеріліп жатқан Сыр шаһары бүгінде бас жоспарға сәйкес көкжиегін кеңейтіп келеді. Соңғы үшжылдықта дарияның сол жақ жағасынан қалың ну мен суырылған құмына куә халық бүгінде сондағы тұрғын үйлердің қызығын көруде. Қаланың бас жоспарына сәйкес мұнда көптеген әлеуметтік нысандар, тұрғын үй, әкімшілік ғимараттар салынып, ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Игі бастама, жақсы іс бүгін де жалғасын тауып, құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Атап айтар болсақ, мұнда жыл соңына дейін 14 тұрғын үй пайдалануға беріледі. 2021-2022 жылдарға жоспарланған нысандардың да әлеуметтік маңыздылығы ерекше. Апта басында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала ішіндегі бірқатар нысанды аралау барысында алдымен жаңа қаланың даму ерекшеліктерімен танысты.


9 қабатты 4 тұрғын үй бой көтереді


2017 жылдан бері жүргізілген құрылыстың нәтижесінде мұнда 50 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Өз кезегінде мұражай, мектеп, балабақша, университет, жастар орталығы секілді әлеуметтік ғимараттардың да лентасы қиылды. Сонымен қатар 2021-2022 жылдары сол жағалаудың көркін 9 қабатты 4 тұрғын үй, 500 орындық көпсалалы аурухана, отбасылық медициналық орталық, физика-математикалық лицей, 900 орындық мектеп, 140 орындық балабақша, 3000 орындық футбол манежі, 5000-10000 донацияға арналған қан орталығы, ойын-сауық орталықтары, қонақүйлер, өзге де офистік, әкімшілік ғимараттар аша түспек.

 – Жасалып жатқан жұмыстардың сапалы болуын қадағалаңыздар! Келер жылға дейін тұрғын үй аулаларына салынатын демалыс парктерінің эскиздік жобасын әзірлеу керек. Қаланы дамытуға атсалысам деген кәсіпкерлерге мүмкіндік берген жөн. Тағы бір мәселе, бос жерлерді игеру. Осы бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілсін. Жалға беру мерзімі өткен, игерілмеген жерлердің құжаттарын реттеуді тапсырамын, – деді қала әкімі Н.Нәлібаев.


«Шығыс базары» құрылысы басталды


Бекітілген бас жоспарға сай сол жағалаудан бой көтеретін нысанның бірі – «Шығыс базары». Аумағы 3 мың шаршы метр жерге орналасатын базардың құрылысы 2020-2023 жылдар аралығына жоспарланған. Қазір құрылыс жұмыстары басталып, алдағы жылы бірінші бөлігін пайдалануға беру межеленуде. Өйткені бұл – кезең-кезеңге бөлінген жұмыс. Бүгінде жер тегістеліп, құм төселіп, қажетті құрал-жабдықтар әкелінген. Ал мұнда кімдер сауда істейді деген сауалға келсек, шаһар басшысы мұны да реттеп қойды.

 – Құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген кезде қала орталығындағы базарлардан орын таппай, сыртқы бөлігінде тұрған кәсіпкерлерді осында көшіру керек, – деді.


Күрежолдағы көпір


Келесі кезекте қала әкімі Шіркейлі каналының үстінен салынып жатқан көпір құрылысымен танысты. Бүгінде құрылыстың аяқталмаған 10 пайыз ғана жұмысы қалып тұр.

 – Қазір жұмыстың 90 проценті аяқталып, мемлекеттік қабылдау комиссиясына дайындалуда. 4 жолақты көпірдің ұзындығы – 102,8, ені – 21 метр. «Сервис НС» ЖШС құрылысты қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр, – деді облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының бөлім басшысы Нұртай Қуанышбай.

Айта кетейік, бұл көпір сол жағалауды «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» басты жолымен байланыстырады. Қазір жаңа көпірді күрежолға қосу үшін тиісті құрылыс жұмыстары зерделенуде.

 – Көпірдің біткенін күтіп отырмай, аудандар мен ауылдардан келетін тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін уақытша жол жасап, күрежолға қосуды қолға алуымыз керек, – деп тапсырма берді шаһар басшысы.

Өйткені нысанды магистралды жолға байланыстыру жұмыстарын толық аяқтау үшін де 2-3 жыл уақыт керек. Алайда оған дейін уақытша жүру жолағы іске қосылуы мүмкін.


Енді бізде «Денсаулық» аллеясы бар


Тұңғыш Президент паркінен Рәміздер алаңына дейінгі 35 гектар аумақ беріге дейін ойлы-қырлы, жабайы өсімдіктер қаулап өскен дала болып жататын. Сырт көзге оғаш көрінетінін аңғарғандар бұл жерді де тиімді игеруді ойлап, «Денсаулық» аллеясын салуды ұйғарған. Сөйтіп, 2018 жылдың көктемінен бастап бұл жер тегістеліп, тыңайтылып, көшеттер егіліп, гүлдер отырғызылып, көз тартар қоғамдық орынға айналуда.

 – Екі жыл бұрын осы жерді игеруді қолға алдық. Содан бері 20 мыңнан астам көшет, 60 мыңнан астам гүл егілді, 2 шақырым велотрек, жүгіру алаңы, 6 балалар ойын алаңы салынды. Айналаға жарық беру үшін 389 жарықшам орнатылды. Айта кететіні, біз бюджеттен қаражаттың бөлінуін күтіп отырмай, осы жұмыстарды өз қаражатымыз есебінен жүргіздік. Мемлекеттік тапсырыс болған соң еңбегімізді ақтап, қарызданған қаражатымыз да қайтып жатыр. Әлі де қарыз ақша бар. Оны жылдың соңына дейін бөледі деп отырмыз. Елге қызмет ету – ортақ абырой болғандықтан мүмкіндігінше әрекет етіп жатырмыз, – дейді «Бақ-Береке – 2030» ЖШС директоры Қайрат Ерназаров.

Қала басшысы саябақты көркейту жұмыстарын әлі де жалғастыру керектігіне назар аударды.

 – Аяқсу келіп тұр. Қала күніне орай көгалдандыру жұмысына тұрғындарды ұйымдастыруға болады, – деді.


Веложол қайдан салынады?


БАҚ өкілдерімен ұйымдастырылған баспасөз-туры «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарды саралауға бағытталды. Бұған дейін көпшіліктің сынына ұшырап жүрген «Сыр-Ана» монументі қайта абаттандырылып, айналасына жаңғырту жұмыстары жүргізілді. «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС 3200 шаршы метрге жуық аумақты көгалдандырып, 350 дана ағаш көшетін отырғызып, 7900 шаршы метрге газон төсеген. Сондай-ақ, монументтің екі жағына жаяу жүргіншілер жолын, 2 комплект спорттық-ойын алаңы мен 2 субұрқақ салған. Одан бөлек Сұлтан Бейбарыс көшесінен Қызылжарма каналына дейін 4,6 шақырымды құрайтын магистральды жол құрылысы қарқынды жүруде. Жол бойында 4 автобус аялдамасы, 3 автотұрақ, 145 түнгі жарықшам орнатылған. Жаяу жүргіншілер үшін де жағдай жасалған, ені – 3 метр, ұзындығы 2830 метрді құрайтын жаяу жүргінші жолы мен 2830 метрді қамтитын веложол салынады деген жоспар бар.


«Дәрігерлер аллеясы» пейзажға ұқсайды


Ал Назарбаев даңғылының бойындағы өзгерістерді байқамаған тұрғын кемде-кем. Өйткені мұндағы орнатылған жарықшамдар, орындықтар, төселген брусчаткалардың сапалы екені қараған көзге көрініп-ақ тұр. Бас-аяғы 6 шақырым жерді абаттандырып, тротуар салу жұмысын «Асанас-Дар» ЖШС өз жауапкершілігіне алған. Облыстық көпбейінді аурухана алдындағы аумақтың төсеніш тастары жаңартылып, субұрқақ, орындықтар, қоқыс жәшігі орнатылған.

 – Жұмыстың сапалы істеліп жатқаны көрініп тұр. Бір-екі жылдан кейін сынып жататын дүние керек емес, ұзақ уақыт сапасын жоғалтпайтын шикізаттар қолдану өзімізге де пайдалы. Енді бұл жерді көркейту үшін қала тұрғындары да атсалысу керек деп ойлаймын. Бұл аумақты «Дәрігерлер аллеясы» деп атауды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі аралаған соңғы нысан жұмысына баға беру сәтінде.

Қала көркінің абаттануы алдымен бюджет қаражатына, содан кейін жұмысқа жауапты мекемелерге байланысты. Тыңғылықты жұмыстың тындырылғанына көзі жеткен шаһар басшысы көркейту-көгалдандыру жұмыстарының әлі де жалғасатынын тілге тиек етті. Осы ретте қала тұрғындарын да тал егу жұмыстарына ерекше мән беруін сұрады. Қала баршамызға ортақ, абырой, мүдде және ортақ. Сол үшін бірлесіп істеген іс берекелі болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: