Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БЕС дегенің – БЕС асыл іс, көнсеңіз…

10.01.2022, 12:30 437

Хакім Абайдан асырып кім айта алар дейсіз. Қаза­ғының бітім-болмысын сөзі­мен де, өлеңімен де өрнек­теп кеткен ғой. Жалпы, қазақ – ырымшыл халық, бар тірлігін малмен байланыстырса да, 1-ден 10-ға дейінгі санмен санаға сәуле құятын ой, тәлім, тағылым, нақыл, өнеге, ырым, тыйым, т.б. қалдыр­ған. Ал, біз бүгін сол сандардың бел ортасындағы БЕС санын сөйлеткелі отырмыз. Бес саусақ біріксе, жұдырыққа айналып, біріккен топтың қамал алатыны ақиқатқа айналған. Бес дегенім – бірлік, бірліксіз жоқ тірлік, бес дегенім – бақыт, бағалайтын уақыт деп тере беруге болады. Бұл пақырыңды бес санын неге  термелеп  отыр  деп  ойланып  қалдыңыз  ба?

Міне, тағы бір жыл тарихқа айналып, жаңа жылдың парағы ашылды. Жылдар жігінде айқара ашып, парақтап отырған «Халық» газетіңіздің де Барыс жылындағы беташар нөмірі қолыңызға тиді. Не байқадыңыз?  №1 (1111). Бес бірдей бір санын бір-біріне қосып, БЕС санын бекерге шығарып отырғанымыз жоқ. Атам қазақ жылдан жылдың несі артық деп жатады. Әр жылдың өкініші де, қуанышы да қатар  жүреді. Жасыратыны жоқ, екі жылдан бері дүниені бір тарының қауызына сыйдырып жіберген індеттің ілмегіне ілініп, дүрлігіп жүрміз. Талай адам ажал құшты, саясат та, экономика да, қарапайым тірлік те тұралаған күй кешті. Қиын болды, әлі қиналып келеміз. Бәрі – бір Алланың қолында. Тәубешіл халықпыз ғой, әр жылдан үміт күтеміз. Қиындықтың бәрі артта қалып, жаңа жылда жарқын өмір басталып, мамыражай  күй  кешуге  жазсын.

Қиындық дегеннен шығады, былтырдан бері руха­ни өмірде сенімді серігіңізге айналған «Халық» газеті де көппен бірге қиындық қамытын кигенімен, Өздеріңіздей рәуішті пейілдегі оқырманы барда қиындықты еңсеріп келеді. Қандай жағдай болмасын, қолдап, қорғап, қолпаштап келесіздер. Сөзсіз, биылғы баспасөзге жазылу науқанында да жанымыздан табылып, басылымның беделін биіктеттіңіз. Сол үшін де әрбір оқырманға алғыс  айтамыз.

Біз  жылашар сөздің  тақырыбын  жоғарыдағыдай қойып, дана Абайды бекерге тілге тиек еткен жоқпыз. Бұл  өмірде барлық жақсы да, жаман да – адамның өзінен. Алмағайып заманда, жаһандану дәуірінде дүдәмал күй кешіп, тайталасқандардың тісінде шайна­лып, жұмырына жұтылып кетпеу үшін БЕС нәрседен қашық болып, БЕС нәрсеге асық болғанымыз  жөн. Хакім Абай мұны жайдан-жай айтты деймісіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой – бес асыл  іс, көнсеңіз!

Жақсы ісіміз, ойымыз, күніміз, сөзіміз көп,  ниеті­міз  түзу  болсын,  ағайын!

Нұржан  ӘБЖАНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: