Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бәс тігу – бас тігумен бірдей

17.02.2022, 10:00 584

Бәс тігіп бай болуды көздеген құмар ойындардың құрдымына кеткен қазақтардың саны азаяр емес. Көріпкелдік қасиеттеріне сеніп, мұндай тірлікпен етене жұмыс істеген азаматтардың көбі зобалаң күндерді басынан өткізуде. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болған жоқ емес. Болды. Әрқайсысының арқасүйер ата-анасы, бауыры бар. Бірақ ер-азаматқа ақыл-кеңес айтудың қажеті жоқ. Ол – қара шаңырақтың иесі, отағасы деген лауазымы бар тұлға. Мұндай дәреженің иесі ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін біз бен сіз айтпай-ақ біледі. Тек тұла бойын дерт дендеп алып, көзін шел басып кеткен. Өрмекшінің өрмегіндей шатасып жүргендердің көрер күні қарыз болса да, қалтасына кішкене тиын түссе, букмекерлер кеңсесінің табалдырығын тоздыратыны жасырын емес. Сондағы мақсаты – еңбекпен емес, жеңіл жолмен көлденең табысқа кенелу. Осы көзге шыққан сүйелдей болған дүниелерді насихаттағанда заман өзгерді деп алдына жан салмайтындардың аспаннан ақша түспейтінін әлі де ұқпайтыны  қызық  екен.

Парламент  Сенатының депутаты Дана Нұржігіт ойын бизнесі туралы заңнаманы жетілдіру бойынша бірқатар шаралар ұсыныпты. Бірақ телеарнаның өзі дүркіретіп жарнамалағанда, жеке бизнес өкілдерінің табысы тоқ­тамайтыны сөзсіз. Дегенмен халықтың толастамаған өтінішін жеткізіп, өзгеріске адымдап қадам жасалуына игі іс  екені  анық.

– «Жарнама туралы» қолданыстағы заңға сәйкес казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады. Бірақ букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тікелей тыйым жоқ. Сондықтан мұндай компаниялардың жарнамалары интернетте агрессивті түрде жарияланады. Осы фактіні ескере отырып, букмекерлік компанияларды жарнамалау­ға толық тыйым салу бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет, – деді  Дана  Нұржігіт.

Расында да букмекерлік кеңселердің қызметтеріне қадағалау қатаңдатылмай тұр. Міне, алыпқашпа әңгімеге есі кеткендер күннен-күнге көбейді. Десе де бір жағынан осы ойынның жетегіне кеткендердің кінәсін ақтап алар­ға негіз жоқ. Өйткені пси­хо­логиялық тұрғыдан өзіне тоқтам қоя алмаған жанға еш көмек те бере алмаймыз. Тек өз сенімі ғана түскен құды­ғынан алып шыға алады. Сөзімізді дәлелдей түсу үшін есім-сойын жасыруды өтінген кейіпкердің тағдырын оқыр­манның таным таразысына ұсынамыз.

– Бала кезде доп теуіп, футбол спортына қызығып өскен болатынмын. Мектепті аяқтап, Алматы қаласына оқуға түсіп, өмірдің ең тәтті кезеңі студенттік шаққа жеттім. Достарымның біршамасы футболға бәс тіге бастады. Бірі жеңді, ал бірі жеңілді. Жеңімпаз атанып, әп-сәтте қомақты қаржы қалталарына түскенде мен де қызығып қатарына қосыл­дым. Басында жеңіп, қуанышымда шек болмай ұтып алған ақшамды таныстарыма жұмсап, сырадан ұрттап көріп, ішімдікке әуестеніп кеттім. Сосын бұл ойынға қатысуды тоқтатпадым. Ал енді жеңіле бастадым. Жеңілістің артынан жеңіліс қана болып, қарызым да дем арасында көбейіп кетті. Сол сәтте ештеңені көрмей, соқыр адамнан еш айырмашылығым болмай, қолымда бардың бә­рін  саттым. Ақыры кезінде дәмдес болған достарым теріс айналып, арамыз суып кетті. Жапанда жалғыз қалып, тіпті оқудан шығып қалдым. Бұл әрекетім дұрыс болмас деп жұмыс істей бастаған едім. Алайда табысым түссе, банк пен адамдарға қарызды өтеуді ойламай, спортшылардың тілеуін тілеп, қайткенде бұл ойында жеңіп, түбіне жетемін деп жүрдім. Бірақ ол менің түбіме жетті. Ата-анам­ның үйін де тігіп, оларды тентіретіп жібердім. Бұл әрекетім үшін әкем мен анам мені жек көріп кетті. Сол кезде барып қателігімді түсіндім. Дегенмен кеш болды. Аллаға шүкір, жалғыз тәтем ғана көмектесті. Жұмысқа орналастырып, маған «Айналайын інім, бізді ұятқа қалдырдың. Отбасымыздың абыройын айрандай төктің. Әкем мен анам сенің кесірінен қазір жүрек ауруына шалдықты. Енді өз жайыңмен жүр. Әпкең болғасын соңғы көмегім деп біл. Болсаң болаттай бол, болмасаң бордай тоз» деп менімен байланысын үзіп кетті. Осы сөздерден ке­йін тек қана жұмыс істеп, нан табумен болдым. Қиналған шағымда бәрін тас­тап, бар ақшамды ұтысқа тігіп, тезірек байып, отбасыма оралғым келіп тұрды. Бірақ әпкемнің сөздері құлағыма шалыс-шалыс естіліп, еңбек етуді тоқ­татпадым. Жұмысымда қыз­метім өсті. Сөйтіп жүріп үй мен көлік алдым. Енді отбасыма барып, бір қуантып өзім де сүйген жарыммен отау құ­райын деп шештім. Алайда ата-анам да, әпкем де көп ұзамай өмірден озыпты. Бір ойын­ның кесірінен бүкіл өмірім ойыншыққа айналды деуге болады. Қуыр­шақ болып әркімнің сөзіне ергеніме қатты өкіндім. Өкініш өзегімді өртеп, дүниеден баз кешіп кеттім. Болашақ жарымның арқасында өмірге жаңа келгендей әсерде болып, өмірімнің жаңа парағын қайта жалғастырдым, – деді Ж. есімді букмекерлік кеңселердің құрбаны болған азамат.

Бірі ағынан жарылып жатса, енді бірі, яғни құмар ойын­ды 20 жылға жуық ойнап келе жатқан маңғыстаулық Әсет есімді азамат букмекерлік кеңсені өртеп, доғарудың нүктесін осылай қоюды шешкен сыңайлы. Әрі өз әрекетін ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Оның іс-әрекеті қоғамдық резонанс тудырды. Бүгінде президенттің атына жолданған петиция­ға 28 мың адам қол қойған.

– Осы саладағы ақша айна­лымы 170 миллиард теңгені құрайды. Алайда үкімет әлеуметтік проблемаларды шешуге 2021-2023 жылдарға республикалық бюджеттің 50 пайызын қарастырған, бұл – үш жылда 23,4 триллион теңге. Енді цифрларды салыстыра келе, құмар ойындардың бюджетке төлеп отырған салығына қарамастан, әлеуметке келтіріп отырған зияны әлдеқайда көп екенін түсінесіздер, – деді Дана Нұржігіт.

ҚР  Қаржы нарығын дамы­ту және реттеу агенттігінің мәліметінше, елімізде тұтынушылық мақсатта алынған несие көлемі 2021 жылдың қыркүйек айының өзінде 3,7%-ға артқан. Бұл дегеніміз – 6,63 трлн теңге. Сондай-ақ, 18 жасқа толған кез келген азаматқа төлеу қабілетін  анықтамастан мобильді қосымшалар арқылы несие беріледі. Қазақстанда құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады. Ал бір ойын­шының орташа қарызы 10 миллион теңге екен. «Ойын бизнесі субъектілерінің әлеу­меттік жауапкершілігін күшейту бойынша тиісті жұмыс жүргізу қажет» деп есептейді сенатор  Дана  Нұржігіт.

Айта кету керек, материал­дық шығын қайта қалпына келетіні даусыз. Жаңа кейіп­керіміз де материалдық жағдайын қайтадан орнына келтіргенін атап өтті. Бірақ бәс тігу моральдық күйзеліске әкеліп, қоғамның рухани дамуына тосқауыл болып отыр. Жарнамасы интернетте қаптап, әсіресе жастар қауымы мобильді қосымшаларда бәс тігуге әуес. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» демекші, бәс тігемін деп басы­мен кіріп кетіп, құмарлықтың өрісі кеңейіп, ұлтымыздың ұрпағының өрескел дамуына сызат түсуде. Осындайда Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын  десең, бесігіңді түзе» деген сөзі еске түседі. Бұл қанатты қағиданы жадымыздан шығармай, букмекерлік кеңселердің есігі тезірек жабылуына жауапты мамандар оңтайлы шешім шығарады  деп  сенейік.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: