Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атамекенге оралу арманым еді

17.02.2022, 9:00 906

Мен Қытайда орта мектепте оқып жүргенімде Қазақстан туралы әңгімелерді жиі ести бастадым. Қазақ елі жайлы ақпараттарға үнемі құлақ түріп, ол жақтағы оқу орындары туралы мәліметтерді іздедім. Қазақ ақын, жазушылардың кітабын жата-жастана оқитын едім. «Жоғарғы білімді қазақ елінде оқысам» деген ой менің көкейімнен кетпей қойды. Отбасымыз да Қазақстанға көшу немесе мені атажұртта оқыту туралы жиі кеңесетін. Ата-анам: «Отбасымызбен атамекенге бірден қоныс аудармасақ та, балаларды сонда жіберейік, қазақ елінде оқып өнсін» – дейтін. Осылай атамекенді армандап жүргенімде асқар таудай әкем мен мейірімі мәңгі сарқылмайтын анам және туысқандарым ақ жол тілеп, мені Қазақстанға жіберді. Сонымен 2016 жылдың жазында бір әулеттің үмітін арқалап қазақ еліне ат басын бұрдым. Әрине, туған жер, құлын-тайдай бірге өскен достар, әпке, бауыр, туыстарды қиып кету кімге болса да оңай емес, бірақ атамекенге деген арман, сағыныш бәрін ұмыттырды.

«Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» дегендей, ауылдан кетіп бара жатып мына бір өлең жолдарын жазғаным әлі есімде. Бұл туған жерге деген қимастық пен атамекенге жетсем деген арманның әсері болса керек.

Кетіп барам туған жерден алыстап,

Алыс қалды қимас достар, таныс бақ.

Арман қуып кетіп барам еліме,

Тағдырымды тәңіріме табыстап.

Асқар тауым, қош бол, туған ата-атам,

Ұзақ ғұмыр, қуат берсін жасаған.

Үкілеген үмітіңнен шығармын,

Көреалмастар оқ атпаса тасадан.

Туған жұртым, қатігез мені деме сен,

Кешегі өткен кер заманға егес ем.

Туған жерім қиып сені кетем бе?

Атамекен Қазақстан демесем.

Атамекенге деген сағыныш, туған жерге деген қимастық сезімдердің бір-бірімен арпалысында өз-өзім болып азаматтық шешім шығарып, болашақ жолымды таңдаған сындарлы сәттерім еді. Атажұртты аңсаған жүрек адастырмай елге жеткізді. Аңыз болған Алматы қаласына келдім, мүлде басқа әлем, әрбір жерден еркіндіктің символындай желбіреген аспан түстес көк байрақ көзге оттай басылды. Басынан қар кетпес ақбасты Алатау, ақын-жазушылардың, батырлардың атымен аталған көшелер бәрі-бәрі қатты жылы сезілді. Ата-бабамның ат тұяғы дүбірлеп өткен өз елі үшін жанын да, барын да аямаған небір қиын күрестерді бастан кешіріп, ұрпақтарына аманат етіп қалдырған кең-байтақ даласындай жаннат жер жоқ шығар. Осы елдің ұрпағы ретінде өз еліме, атамекеніме оралғанымды мақтан тұтамын. Отаншылдық рух пен атамекенге деген махаббат сезімі әрбір ұрпақтың көкейінде сәуле шашып тұру керек.

Жұман  ҚАНАЙ,

Қорқыт  ата  атындағы  ҚУ-дың  студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: