Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Альтруизм

23.01.2020, 8:00 2016

«Сіз альтруиссіз бе?»  деп сұрасам, «мынау не деп тұр?» деп бетіме бажырая қарайсыз. Рас қой. Ал егер «сіз өзіңізден гөрі өзгелердің жағдайын көп ойлайсыз ба?» десем, бұған жауабыңызды бере қоясыз. «Альтруист» деген ұғым дәл осыған саяды екен. Сіз өзіндік «эгомен» емес, айналаңыздағылардың мүддесі үшін өмір сүріп келе жатсаңыз, альтруистің нақ өзісіз. Бұл – біздің билік басындағыларға арналмаған, оларға антоним. Ақжағалылар өздерінің ғана жайына жиі бас ауыртады, нақтырақ айтқанда оларға «эгоист» сөзі жақындау. Ал біздің қоғамда альтруистер бар ма?

Альтруистер – жаны жомарт жандар

Қарапайым ғана мысал. Құдай қарасып, оңай олжаға кенелдіңіз делік. Қазынаңыз молайып, қалтаңыз қалыңдады. Сіз алдымен айналаңыздағылардың жыртығын жамайсыз ба, әлде қарақан басыңыздың мәселелерін оңтайландырар ма едіңіз? Көп жағдайда екінші нұсқаны таңдаймыз. Мұндайда бәрін пендешілікке жауып, түбінде эгоизмге апарар жолға түсіп кететінімізді сіз де, біз де жасырмай-ақ қояйық. Ал альтруизмге ілуде біреу барады. Яғни, олар жандары жомарт, қолдары ашық, дүниенің мәнін байлықта емес, біреуге жасаған жақсылықта деп түсінеді.

Альтруизм  (латын тілінен аударғанда «alter» – өзге) – өзінен бұрын өзгелердің мүддесін жоғары қою принципі. Бұл терминді ең алғаш рет қолданысқа француз философы О.Конт енгізіп, «басқалар үшін өмір сүр» деген ұғымды жасады. Ал сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамда «өзге үшін өмір сүріп жүрмін» дегенді естідіңіз бе? Әлбетте, жоқ. Әркім өзі үшін тырбаңдап тіршілік етіп келеді.

Қазір альтруистерді өзара түрлі топтарға бөліп қарастырып жүр. Біреулер альтруистердің «әмбебап» және «өзара» деген топтары бар дейді. «Әмбебап» альтруист бұл терминді (альтруизм) этикалық заң ретінде қабылдап, оны ұстануды жөн көреді. Ал «өзара» альтруист тек көмекке мұқтаж адамдардың жанынан табылуға ұмтылады.

Альтруизмдегі гендерлік белгілер

Зерттеушілер альтруизмдегі ер мен әйелге қатысты гендерлік белгілер болады деп жүр. Мәселен, әйел альтруист көбінесе жақын адамдарына қамқорлық көрсетеді екен.  Ер альтруист ситуациялық оқиғалар кезінде (соғыс, өрт, апат және т.б.) көпшілікке көмектесуге көбірек бейім. Шын мәнісінде, бұл ер мен әйелдің физикалық ерекшеліктеріне де байланысты. Расында қоғамда төтенше жағдайлардың айналасында ер адамдардың жүретіні белгілі дүние. Әлбетте, қиын кезде көмек берсе, оның айыбы жоқ. Ананың баласына, не баланың анасына көмектесуі қалыпты жағдай. Ал альтруист өзіне бейтаныс адам одан көмек сұраса, одан бас тарта алмай, өз мүддесін тәрк ете отырып, соған көмектесе кетеді. Жұрт қуанса, ол да жүрегі жарылардай қуанады. Ешкімнің меселін қайтарып, тауын шағып тастай алмайды. Жұмсақ мінезді, сабырлы альтруистер біреуге көмектескеннен ләззат алып, рақат табады. Және көрсеткен көмегі үшін қайтарым талап етпейді. Риясыз көңіл, кіршіксіз пейілімен көмек көрсетеді. Ең қорқыныштысы, қол ұшын созуға даяр тұратын альтруистерді әркім өз мүддесіне пайдаланып кетуі де ғажап емес. Қайшыласқан қоғамда мұндай да әрекеттердің болып жатқандығына және болатындығына әркім куә.

Олар – денсаулығы мықты адамдар

Мамандар ұзақ жасаудың біз білмеген себебін анықтады. Ол альтруистік принцип екен. Яғни, эгоист болмау деннің саулығына оң ықпалын тигізетін көрінеді. Альтруизм — басқалардың мүддесі, оларға риясыз қызмет ету жолында өз мүддесінен бас тартуға дайын моральдық принцип. Эгоизмге қарама-қарсы өмір салты. Альтруистік мінез-құлық ағзалардың эволюциялық даму жолында ерекше орын алады.  Француз философы әрі әлеуметтанушысы Огюст Конттың пікірінше, басқалар үшін өмір сүру бұл қоғамды моральдық тұрғыда жетілуге үлкен септігін тигізеді. Ислам шариғатында да кісіге қайыр тигізу жат саналмайды. Әлдекімге себің тисе, көңіл күйдің көтеріліп, төбең көкке жетердей сезім қалыптасуы бекер емес. Бірақ альтруистер өздерінің игі істерін «денсаулығымыз жақсы болса екен» немесе өзге де бір мақсат-мүдде жолында жасамайды екен. Олардың бойында туабітті сондай қасиет қалыптасып, айналасына адал іс жасамайынша көңілдері көншімейді.

Әлемдегі альтруистер

Жүргізілген әлемдік зерттеулерге сәйкес, бейтаныс жандарға ең көп рақымшылық танытатын жандар Иракта тұратын болып шықты. Ал қайырымдылықпен ең көп айналысатын ел – Мьянма. Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 91%-ы қайырымдылық мекемелеріне ақша аударып тұратын болып шықты. Одан бөлек, зерттеуге қатысқан Мьянма тұрғындарының 63%-ы бейтаныс жандарға көмектеседі екен. Екінші орында АҚШ мемлекеті тұр. Мұнда зерттеуге қатысқандардың 73%-ы өздері танымайтын адамдарға көмектессе, 63%-ы қайырымдылық қорларына қаражат аударатын болып шықты. Мьянманың алғашқы орыннан түспеуі бағзы замандардан қалыптасқан дәстүрлерімен байланысты екен. Оған сәйкес, халықтың көп бөлігін құрайтын жергілікті буддистер монахтарға қол ұшын береді. Зерттеу нәтижелері британдықтардың Еуропадағы, кениялықтардың Африкадағы, гватемалдықтардың Латын Америкадағы, ал Бірікккен Араб әмірліктерінің Таяу Шығыстағы ең жомарт халық екенін дәлелдеді. Ең жомарт халықтардың тізімін қытайлықтар аяқтап тұр. Көршілес Өзбекстан мен Түрікменстан елдері алғашқы 20 елдің қатарына кірсе, Қазақстан 96-шы, ал Ресей 126-шы орынға жайғасқан.

Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтс пен оның жұбайы Мелинда – Америкадағы ең жомарт адамдар рейтингінде ең ықпалды отбасылы жұптардың бірі. Отбасылы жұптар 4,8 млрд долларға жуық қаражатты қайырымдылыққа жұмсаған. Гейтстің бір өзі жеке байлығынан әлемдегі ең ірі қорға 141,4 млн доллар аударған.

Жанымызда жаны жомарт жандар бар ма?

Біздің айналамыз толған альтруистер деп айтуға онша келіңкіремейді. Өздерін «еріктілер» деп атап, мейірімге мұқтаж жандарға қол созып жүргендерді арагідік көріп қалатынымыз рас. Өзінен гөрі өзгенің жайын қазір тек есеп үшін жасайтын болып кеттік. Жетім-жесір, кедейліктің қамытын киген, ауыр науқастарға еркімізбен емес, құр мақтанға салыну мақсатында баратын деңгейге жеттік. «Бардық, көрдік, фотоға түстік, суретті әлемжеліге салдық» жоспары орындалса жеткілікті. Біз сөз етіп отырған альтруистік көзқарастың бірте-бірте эгоистік ұстанымға ойысып бара жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Бұл әсіресе, мемлекеттік мекемелер арасында жиі болып жатады. Бәрі демей-ақ, ара-тұра шын мәнісінде өзгелерге шын жаны ашитын, нағыз альтрузимнің өкілдері бар. Бірақ, олар қолынан келгенін бұқарадан жасырын жасауға тырысады.

Қызылордада бірнеше салада кәсібін дөңгелетіп отырған белгілі меценаттар бар. Туған топырағы үшін өздеріне артылған сенімнің үдесінен шықпаққа халықтың алдында атқарған біршама жұмыстары бар. Мұны қаншалықты альтруизмге саналатынын білмедік. Бірақ, елден жырақ жасаған жомарттықтары бар болса, нағыз қайырлы істің басында деп айтуға келеді.

Альтруист айуандар

Германиядағы эволюциялық антропология институтының бір топ зерттеушілері және Кристоф Бэш бастаған Швейцария ғылыми зерттеулер орталығы жануарлар арасында жоғары моральдың бар екендігін көрсетеді. Шамамен он жыл ішінде Кристоф Бэш тобы табиғи ормандардағы шимпанзенің бірнеше популяциясын бақылап отырды. Сондай-ақ олар шимпанзелердің бала асырап алу сияқты альтруизмнің таза көрінісін байқаған. Олар балаларын тамақтандыру, сыртқы жаудан қорғап қалу секілді қасиеттерін жиі байқатқан.

Сондай-ақ, кейбір түрлердің құмырсқалары өздерін ауру сезініп, жақында өлетіндерін сезген кезде илеулерінен алыстайды екен. Атап айтқанда, Temnothorax unifasciatus  құмырсқалары улы саңырауқұлақтың спораларын жұқтырған болса, дереу ұяларын алыстан салады. Осылайша, олар туыстарын инфекциядан құтқарады. Мысықтар мен иттер де альтруистік әрекеттер жасай алады. Олар көбінесе жетім мысықтарды, күшіктерді өз қамқорлықтарына бөлейді. Дәл осындай мінез-құлық өзі тұқымдастарды «бауырына басқан» морждарда байқалған.

Айуандардың да альтруистік қасиеті барын білдік. Адамдардыкінен айырмашылығы, оларда жоғары моральдық инстинкт аз. Есесіне, көмектесу, жәрдемдесу қабілеттеріне бай.

Сырты бөлек болғанымен, сүйегі – бір

Жоғарыда бұл қасиетке ие адамдардың денсаулық жағдайы туралы аз-кемс айтып қалдық. Сонымен психологтар альтруистер туралы:

– көңіл-күйлері үнемі көтеріңкі;

– психологиялық жай-күйі тұрақты;

– жүрек, қан-тамырлары ауруларына мықты иммунитеттері қалыптасады;

– кез-келген ортада сыйлы, абыройлы болады-мыс дегенді алға тартады.

Айналып келгенде, альтруизм айдаладан алып отырған сөз емес, кәдімгі өзіміздің қазақтың қайырымдылық, жомарттық һәм адал іспен айналасудың айқын анықтамасы. Сырты бөлек демесеңіз, сүйегі – өзіміздің қайырлы ісіміз.

Түйін. Кез келген қоғам эгоистердің 90%-ын құраса да, оның негіздері (мораль, заң, дін, мәдениет, ғылым, өнер, тәрбие, білім) толығымен альтруисттердің 10% тұжырымдамасына негізделген. Өйткені альтруистикалық мінез-құлық бәріне пайдалы. Альтруизм білім беруде үстемдік етеді. Әрбір адам қайырлы іс қылуды бала күннен бастап өмірінің соңына дейін үйренеді. Ғалымдар негізінен альтруистік қасиет кез келген адамның қанында о бастан болады екен. Тек өмірге бейімделе келе альтруизмдік немесе эгоизмдік бағытқа түсетінін әркім өзі шешеді. Басқасын былай қойғанда, осы бір альтруизмдік ақжағалыларда болса дейсің…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: