HALYQLINE.KZ –| Шиелі ауданына қарасты Төңкеріс ауылдық округінде коронавирус инфекциясының таралуына орай, төтенше жағдайларға қарсы жедел штаб отырысы өткізіліп, Төңкеріс ауылдық округі КАРАНТИНГЕ жабылды.
Ауылдық округтің кіреберісіне санитарлық блок-бекет қойылып, ауыл тұрғындары мен көлік құралдарының жүріп-тұруы толығымен шектелді. Ауыл тұрғындарына қажетті азық-түлік қоры мен күнделікті тұтынатын тауарлардың жеткілікті болуы үшін аудан орталығынан ауылға бағасын өсірмей әкеліп ұсыну ұйымдастырылуда.
Ауыл тұрғындарына коронавирус инфекциясынан сақтану жолдарына байланысты үнпарақтар таратылып, әрбір үйге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қызылорда қалалық және Тараз қалалық химиялық батальонның әскери қызметкерлері арқылы 73 630 метр квадрат залалсыздандырылды, бүгін дезинфекциялау жұмыстары Төңкеріс ауылдық округінде жалғасуда. Аудан тұрғындарынан сабыр сақтай отырып, барынша сақтық шараларын күшейтуді сұраймыз!
Аудан бойынша коронавирус инфекциясына байланысты барлық сұрақтар үшін байланыс нөмері 8 (72432) 4-23-54.
Айталық, Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 54 адамға жеткені белгілі. Бүгін соңғы тәулікте жаңадан анықталған 17 жағдайдың мән-жайын облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 54 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 17 жағдай анықталды. Оның 13-і – Шиелі ауданынан. Олар – алдында анықталған науқаспен жақын қарым-қатынаста болғандар. Осы оқиғаға байланысты Шиелі ауданындағы бір ауыл түгел карантинге жабылды. Ал, 3 жағдай – Қызылорда қаласында, 1 науқас – Сырдария ауданында анықталып отыр. Қызылорда қаласында анықталған бір науқас Ақтау қаласынан вахтадан келуіне байланысты стационарлық карантинге жатқызылған болатын. Ал, Сырдария ауданындағы жағдай Нұр-Сұлтан қаласынан келген адамнан анықталды. Ол ЖРВИ симптомдары бар болуына байланысты провизорлық стационарға бақылауға алынған еді. Қаладағы қалған 2 науқас – осы инфекцияны алдында жұқтырғандармен байланыста болғандар», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Оның айтуынша, облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 54 адам, правизорлық стационарда – 35, карантинде – 309 адам ем қабылдап жатыр. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.
Ал, Covid-19 індетін жұқтырған өңірдегі 54 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 844. Жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 326, потенциалды байланыста болғандар – 518 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған.
Басқарма басшысы атап өткендей, Қызылорда облысына қауіптілік деңгейі 1 (А) елдерінен 4 адам келген. Барлығы үй жағдайында бақылауға алынып, карантинге жатқызылған.
Сондай-ақ, өңірге қауіптілік деңгейі 1 (Б) елдерінен 120 адам келген. Оның үшеуі – стационарға оқшауланса, 117 – үй карантиніне алынған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!