Қазақстан экономикасының дамуы жайлы ресми мәліметтер үнемі жарқын жаңалықтармен толықтырылып отырады. 2024 жылдың соңындағы дерекке сүйенсек, орташа айлық жалақы 370 мың теңгеге жеткен. Алматы мен Астанада бұл көрсеткіш 400-500 мың теңгеге дейін көтерілген. Алайда халықтың басым көпшілігі осы сандарды өз өмірімен салыстырғанда сәйкестік таппайды. Бұл – еліміздегі табыс пен өмір сапасы арасындағы алшақтықтың айқын көрінісі.
«ОРТАША ЖАЛАҚЫ» – ОРТАҢҚОЛ ӨМІРДІҢ КӨРСЕТКІШІ МЕ?
Экономикалық көрсеткіштерде жиі қолданылатын «орташа жалақы» ұғымы елдегі нақты жағдайды бұрмалауы мүмкін. Бұл – барлық табысты жинап, адам санына бөлудің нәтижесі. Алайда бірнеше жоғары жалақы алатындар жалпы статистиканы көтеріп жіберіп, шынайы жағдай көмескі күйде қалады.
Қазақстанда «орташа жалақы» жылдан- жылға өсіп жатыр. Ресми мәліметке сенсек, 2024 жылдың соңында елдегі орташа айлық жалақы – 370 мың теңге. Кей облыста бұл көрсеткіш 400-500 мың теңгеге жеткен. Бірақ ең маңызды сұрақ – осы табыс деңгейі қарапайым халықтың өмір сапасына лайық па? Осы және өзге де сауалдармен қаржыгер Наурызгүл Қайыповамен тілдескен едік.
– Жауап, өкініштісі сол, теріс. Мұны ел ішінде жиі айтылатын «статистика – шындықтың бетпердесі» деген ирониялы тіркес растайды. Өйткені халықтың көп бөлігі бұл көрсеткіштерді өз өмірімен салыстырғанда сәйкестік таппайды. Неліктен?
Статистиканың әдістемесін түсінбей, сандарға сене салу – үлкен қателік. Себебі орташа жалақы дегеніміз – барша табысты жинап, адам санына бөлгендегі нәтиже. Бұл көрсеткішті шынайы көрініс ретінде қабылдау қисынсыз, себебі оны бірнеше жоғары жалақы алатындардың табысы бұрмалап жібереді. Орташа жалақыны емес, медианалық табысты есептеу әлдеқайда әділетті. Қазақстанда медианалық табыс 180-200 мың теңгенің шамасында. Демек, халықтың жартысы осы сомадан аз алады. Бұл – елдегі миллиондаған адам отбасы болып айына 200 мың теңгеге өмір сүріп отыр деген сөз. Ал бұл қаражатпен елдегі пәтер жалдау, азық-түлік, көлік, коммуналдық шығындар мен баланың білімін қамту – мүмкін емес миссия, – дейді маман.
ЖАЛАҚЫ ӨСТІ МЕ, ӘЛДЕ БАҒА ШАРЫҚТАДЫ МА?
Нарықтағы бағаның күн сайын құбылып, күнкөрісті күрделендіріп жібергенін зейнеткерлерден артық ешкім сезіне алмайды. Алматы қаласының тұрғыны, зейнеткер Рая апай күнделікті тіршіліктің қиындығын былайша сипаттайды:
«Бұрын 10 мың теңгеге бір апталық азық алушы едік, қазір 30 мыңға да ештеңе келмейді. Зейнетақыны көбейтті дейді, бірақ дүкендегі баға одан да жылдам өсіп жатыр».
Бұл пікір – халықтың баға өсімі мен табыс арасындағы үйлесімсіздікке деген нақты көзқарасының көрінісі. 2022 жылдан бері инфляция деңгейі ресми түрде 9,5% деп көрсетілгенімен, қарапайым тұтынушы сезініп отырған қымбатшылық бұдан әлдеқайда жоғары. Негізгі тұтыну тауарларының – ұн, май, сүт, ет, көкөніс бағасы 40-60%-ға дейін өскен. Бұл халықтың сатып алу қабілетінің төмендегенін білдіреді.
Алматы, Астананы айтпағанда, нағыз мұнайлы өлке Атырау, Ақтау секілді жалақысы жоғары аймақтарда да азық-түлік пен қызмет құны қымбаттап, табыс артуының пайдасы жойылып жатыр. Ал ауылдық жерлерде табыс төмен, бірақ баға айырмашылығы елеусіз ғана.
ҚАРЫЗҒА ТІРЕЛГЕН ТІРШІЛІК
Қазіргі таңда қазақстандықтардың 70%-дан астамының банктер алдында берешегі бар. Бір отбасыда бірнеше несие қатар жүруі қалыпты құбылысқа айналды. Бұл несиелер көбіне тұрмыстық қажеттілікке – азық-түлік, техника, ем-дом, баланың оқуы үшін алынады.
Әлеуметтанушы мамандардың пікіріне сүйенсек, несие – бұл халықтың өмір сүру сапасының төмендігін жасыратын «маска» іспетті. Көпшілік күнкөріс үшін несие алады. Бұл – жүйелі әлеуметтік дағдарыстың белгісі.
Табысы тек несиені өтеуге жұмсалатын халықтың болашаққа сенімі әлсірейді. Бұл – әлеуметтік тұрақсыздық пен күйзелістің бастамасы.
БІР ҚАЗАҚСТАН – ЕКІ ӨМІР САЛТЫ
Аймақтар арасындағы әлеуметтік теңсіздік жыл санап тереңдеп келеді. Мегаполис атанған аймақтардағы табыс ауылмен салыстырғанда айтарлықтай артық. Бірақ бұл табыспен өмір сүрсеңіз, тауардың, қызметтің бағасы екі есеге арзанырақ болуы мүмкін. Соған қарамастан, ауыл тұрғындары сапалы мектеп, медициналық көмек, интернет пен жол секілді инфрақұрылымнан қағылған.
Тақырыпқа тұздық болсын, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының тұрғыны Айнаш есімді көпбалалы ана ауылдық жерге табыстан бұрын жағдайдың жасалғаны керек дейді.
– Төрт балам бар. Жолдасым вахталық әдіспен жұмыс істейді. Айына 250 мың теңге табады. Табыс жеткілікті болғанымен, ауылдағы жағдайдың жоқтығы табыстың шырайын шығармайды. Нақтырақ айтар болсам, интернетіміз дұрыс емес, мектеп ескі, балам оқуға барып-келуге біраз жер жүреді. Бізге табыстан бұрын, жағдай керек, – дейді ол.
Мұндай теңсіздік болашақ ұрпақтың мүмкіндігін шектейді. Ауылдан шыққан дарынды жас білім мен қолдаудың тапшылығынан өз әлеуетін толық аша алмайды.
ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТ ҮШІН МЕМЛЕКЕТ НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК?
МАМАНДАР ҰСЫНҒАН 5 ТИІМДІ ӘДІС
Қазір халықтың әл-ауқаты мен табыс деңгейі арасындағы сәйкессіздік – қоғамды алаңдатқан басты мәселелердің бірі. «Күнін әрең көріп жүргендер көп» дейтін азаматтардың саны азаймай тұр. Ал бұл жағдай мемлекет тарапынан нақты шешімдер қабылдауды қажет етеді. Мамандар елдегі әлеуметтік теңсіздік пен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар тиімді ұсыныстарын алға тартты. Олардың айтуынша, төмендегі бес бағытты жүйелі түрде жүзеге асыру халықтың тұрмысын жақсартудың кепілі болмақ.
1. Медианалық табысқа мән беру
Орташа жалақыны айтып, «халықтың табысы өсті» деу – қате көзқарас. Шын мәнінде, әлеуметтік саясатты жоспарлағанда медианалық табыс ескерілуі тиіс. Бұл – ел тұрғындарының нақты экономикалық ахуалын көрсететін көрсеткіш. Медианалық табыс халықтың тең жартысы дәл осы мөлшерде немесе одан аз табыс табатынын білдіреді. Сол себепті әлеуметтік көмек пен жәрдемақы көлемі шынайы жағдайға бейімделуі керек.
2. Табысты әділ бөлу
Қазақстанда табыстың көп бөлігі аз ғана топтың қолында шоғырланғаны жасырын емес. Мамандар бұл жағдайды түзету үшін прогрессивті салық жүйесін енгізуді ұсынады. Яғни, көп табатын азаматтар көп салық төлейді. Мұндай әдіс – табысты әділ бөлудің тиімді құралы, әрі бай мен кедей арасындағы алшақтықты азайтуға ықпал етеді.
3. Қолжетімді тұрғын үй – әр отбасыға
Баспана – халықтың басты мәселесі. Қазіргі ипотекалық бағдарламалар екінің бірінің қалтасына сай емес. Осы ретте мемлекет ипотекалық мөлшерлемені төмендетіп, әлеуметтік жалдамалы үйлер санын арттыруға күш салуы тиіс. Қолжетімді тұрғын үй саясаты жастарға, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтарға қолдау болары анық.
4. Ауыл – ел тірегі
Ауыл дамымай, ел дамымайды. Бірақ бүгінгі таңда көптеген ауылда жол, су, интернет, мектеп пен аурухана мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Инфрақұрылым сапасы төмен ауылдарда халықтың өмір сүру деңгейі де көңіл көншітпейді. Сондықтан ауылды кешенді түрде дамыту – тек ауылдағы емес, бүкіл елдегі әлеуметтік теңдіктің кілті.
5. Білім мен денсаулық – басты инвестиция
Білім мен денсаулық – тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның болашағы. Мемлекет сапалы білім беру мен қолжетімді медициналық көмекке басымдық беруі керек. Әр азамат қай өңірде тұрса да, жақсы мектеп пен ауруханаға қол жеткізе алуы тиіс. Бұл – ұзақмерзімді әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық дамудың негізі.
Қорыта айтқанда, халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін мемлекет тарапынан жүйелі, әділетті және нақты шаралар қажет. Бұл тек экономикалық емес, әлеуметтік сенім мен елдің тұрақты дамуына да тікелей әсер етеді. Ал сенімді мемлекет – әрбір азаматтың қамын шынайы ойлайтын мемлекет.
ЕЛДІҢ ШЫН БАЙЛЫҒЫ – АДАМ КАПИТАЛЫ
Ел экономикасының өсуі тек статистикалық көрсеткіштерде емес, қарапайым азаматтың өмір сапасында көрініс табуы керек. Егер халық ресми сандар мен өз шындығы арасында алшақтықты сезінсе, бұл сенімсіздік пен әлеуметтік күйзелістің көзіне айналады.
Шынайы әл-ауқат – адамның болашағына сенуінде, баласының сапалы білім алатынына, емханадан көмек көретініне, еңбек еткеннің еленетініне деген үмітінде жатыр. Осы сенімді қалпына келтіру Қазақстанның ең басты даму бағыты болуы тиіс.
Перизат ЗАХРАДИН
Коллаж: aikyn.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!