Қыстың ауылы алыс емес. Сәл күн суытса, алғашқы қар да жауғалы тұр. Бұл сөзіміз суықты шақырғанымыз емес, бірақ, айтып келмейтін ауа райы біздің жағдайымызға қарамасы анық. Сол үшін осы айдың 13-інен бері шаһардағы барлық көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады. Көптің сөзінше, қыс қатты болады-мыс. Осыған орай жаз бойы жылу маусымына дайындық жүргізіліп, қыс шанамызды сайлап алған едік.
– Жылу беру маусымына жалпы 237,7 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде тұрғындарға – 205 мың тонна, әлеуметтік нысандар үшін – 33 мың тонна. Бүгінге дейін облысқа 100 мың тонна көмір жеткізілді немесе 42,1 пайыз. Көмір бағасы маркаларына сәйкес (Шұбаркөл, Каражыра, Екібастұз) тоннасы 17 мың теңгеден 22,5 мың теңгеге дейін сатылуда. Қызылорда қаласында – 18 мың теңге. Жылу маусымының үздіксіз өтуі облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Болатбек Ысмағұлов өңірлік коммуникациялар қызметінде берген брифингте.
Жылу тек қара көмірге ғана қарап тұрған жоқ, жылыту жүйелерінің жөндеу жұмысы да аяқталуы тиіс. Биыл бұған байланысты бюджеттен 8 млрд теңге қаралып, облыс бойынша 8 жоба қолға алынған.
– Облыс бойынша жылу желілерінің ұзындығы – 207,7 шақырым, желілердің тозуы 47,5%-ды құрайды. Биыл 8,9 шақырым жылу желісін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 8 жобаға 8 млрд теңге бөлінді. 6 жобаға нысаналы трансферттен 7 млрд теңге, 2 жобаға бюджеттік несие есебінен 922 млн теңге қаралып, бүгінгі күнге жоспарланған 8,9 шақырым жылу желісінің 8,5 шақырымы немесе 96 пайызы ауыстырылды, – деді Болатбек Әбдулхайысұлы.
Құрғақ құбырдың тесік немесе бүтін екені белгісіз ғой, сол секілді бұған дейін жүргізілген жұмыстардың нәтижесін қылышын сүйреткен қытымыр қыста білеміз. Дегенмен, жұмыс атқарылмады емес.
Жалпы, Қызылорда қаласы бойынша 190,02 шақырым жылу желісі бар. Магистралдық жылу құбырлары – 35,744 шақырым, кварталаралық жылу құбырлары 154,45 шақырымды құрайды. Қала бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне барлығы 1 537 нысан қосылған. Оның ішінде:
– 781 көпқабатты тұрғын үй;
– 271 жеке тұрғын үй;
– 49 мектеп;
– 23 балабақша;
– 32 денсаулық сақтау нысаны;
– 29 спорт және мәдениет нысаны;
– 83 бюджеттік мекеме;
– 21 оқу орны;
– 248 шаруашылық нысаны.
– Қазіргі таңда, Қызылорда қаласын жылумен қамтамасыз ету мақсатында «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-дағы мынадай жылу көздерінің негізгі қондырғылары штаттық режимде жұмыс істеуде, яғни КОГТЭС-тегі №3 газотурбиналық қондырғысы мен су қазандығы, ЖЭО-ның №9 бу қазандығы, турбогенератор №3, Оңтүстік қазандығы (ОҚ) бойынша №6, 7 бу қазандықтары, қаланың мөлтек аудандарында орналасқан 19 дана Автономды блок модульді қазандықтардың 14 данасы және Белкөл қазандығы жұмыстарын атқаруда, – деді «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК директоры Медет Усаин.
Электроэнергияның орташа өнімі – сағатына 25,6 МВт, оның ішінде өз қажеттілігіне 4,9 МВт пайдалануда, тұтынушыларға жіберілгені 20,7 МВт-ты құрайды. Жылу энергиясының сағатына өндірілуі – барлығы 61,6 Гкал. Сыртқы ауаның орташа температурасы 8 градусты құраса, соған сәйкес, жылу жүйесіндегі судың температурасы 55/45 градус ұсталады. Жылу жүйесінің қоректендіру суының көлемі сағатына барлығы 284 тоннаны құрап отыр. «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның мәліметі осындай.
Жалпы, жылу маусымы кезінде түрлі жоспардан тыс шығындар болып тұрады. Ол – олқы жұмыстың нәтижесі. Дегенмен, әзірге көпқабатты үйлердегі жылу мөлшері көз қуантарлық секілді.
– Дәл қазір үйіміз жылы. Дала салқын кезде арасында үй азынап тұратыны бар, бірақ ол күндіз. Ал түнде бірқалыпты температура сақталып тұр. Ескі үйде тұратындар қанша жерден жылу болғанымен, пәтер салқын болады. Ендігі үйдің сапасы жақсы болса, жылудан ешқандай мәселе болып жатқан жоқ, – деді қала тұрғыны Күләш Қасымқызы.
Негізінен, қыста да дәл осындай жылу жүйесі сақталуы тиіс. Бірақ ол кезде үй іргесінен суық кіріп, тұрғындарды әбігерге салады. Әңгіме жылуда тұрса, оны басқаруға болар еді, бірақ құрылысқа тірелгенде, ештеңе дей алмайсың. Сондықтан, сапалы құрылысқа көңіл бөлу қажет. Өйткені, оның машақаты тек қыста ғана емес, қысы-жазы, күні-түні білінеді. Жылу маусымы енді басталған соң, тұрғындар еш уәж айтпады. Бұдан кейін де осылай болады деп сенейік.
Е.ҚАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!